Облыстық келісім мен ұжымдық шарттардың тиімділігі зор
Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасына сәйкес әлеуметтік әріптестік орнатып, еңбек қатынастарын реттеуде облыстық келісім мен ұжымдық шарттардың артықшылығы көп.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, облыстық кәсіподақтар бірлестіктері және жұмыс берушілер бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған облыстық келісім тараптардың әлеуметтік – еңбек қатынастарын және олармен байланысты экономикалық қатынастарды және оны іске асырудың бірлескен іс-қимылдарын реттеудің негізгі бағыттары бойынша келісілген ұстанымдарын айқындайды.
«Еңбекке ақы төлеу және халықтың өмір сүру деңгейі» бөлігінде тараптар еңбекке ақы төлеуді және халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруды, өңір халқына әлеуметтік қолдауды күшейтуді қамтамасыз ететін шаралар кешенін іске асыру қажет деп санайды. Осы мақсатта тараптар:
– барлық санаттағы жұмысшыларға, біліктілігі жоқ еңбек қызметкерлерін қоса алғанда, оның ішінде мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың штатында жұмыс істейтін, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың шаруашылық жүргізу құқығында жұмыс істейтін жұмысшыларға жыл сайынғы еңбек демалысы үшін сауықтыруға арналған жәрдемақы төленсін (әкімдік, жұмыс берушілер);
– жұмыс беруші үстеме жұмыс үшін (еңбекке уақытына қарай ақы төлеу кезінде), мереке және демалыс күндеріндегі, түнгі уақыттағы еңбекке ақы төлеуді жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесін негізге ала отырып, кемінде екі еседен төмен болмайтын мөлшерде жүргізіледі. Еңбекке кесімді ақы төлеу кезінде жұмыс беруші үстеме уақыттағы жұмыс үшін жұмыскердің белгіленген күндік (сағаттық) мөлшерлемесінің жүз пайызынан төмен емес мөлшерде қосымша ақы төлейді (жұмыс берушілер);
– шетелдік және отандық жұмысшылар арасындағы ұқсас және бірдей біліктілікке сәйкес жұмыстарды орындау кезінде еңбекақы төлеу саласындағы кемсітушілікті болдырмауға ықпал ету;
– еңбекке ақы төлеудің дәстүрлі емес түрлеріне /заттай төлем/ жол бермеу (жұмыс берушілер).
Еңбек кодексіне сәйкес базалық еңбек стандарттары, қызметкерлерге ең төменгі кепілдіктер мен өтемақылар белгіленді. Әлеуметтік әріптестік тараптары салалық және өңірлік келісім жасасу жолымен Еңбек кодексінде көзделген еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған қосымша кепілдіктер мен жеңілдіктерді көздеуге құқылы.
Бұл ретте, егер келісімдерде қосымша кепілдіктер мен жеңілдіктердің жоғары деңгейі көзделсе, онда бұл еңбек заңнамасына қайшы келмейді.
Осыған байланысты келісімдер міндетті түрде орындалуға тиіс.
Didar ақпарат