Мәдениет

Облыстық филармонияға күй атасы Кетбұғаның есімі беріле ме?

Облыстық филармонияға күй атасы Кетбұғаның есімі беріле ме?

Бұрнағы бір жылдары газетімізде Өскемендегі облыстық мемлекеттік филармония туралы мақала жарық көріп, өнер ордасындағы жетістіктермен қоса кемшіліктері де сынға алынған еді. Жуықта «Осы өнер ұжымында қандай өзгерістер болды екен? Елең етерлік жақсылық, жаңалықтар бар ма?» деген оймен филармонияның жаңа директоры болып тағайындалған Бекболат Қажықовқа жолығып, ұжымның қазіргі ахуалы жайында басшылыққа келгелі атап айтарлық нендей шаралар атқарылғанын, алдағы уақытқа қандай шығармашылық жоспарлары барын сұраған едік.
– Өзіңіз білесіз, мен осы мәдениет саласында қызметте жүргеніме біраз уақыт боп қалды. Сондықтан филармония ұжымы да маған бөтен емес. Әзірге түсінісіп жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Былтырдан бері Абай, Шәкерім бабаларымыздың құнды мұраларын қолға алдық. Белгілі кәсіпкер Медғат Құлжановтың демеушілігімен ұлы бабаларымыздың шығармалары желісінде жазылған «Абай – Шәкерім» ораториясы былтыр басталып, Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына орай әлі жалғасын тауып келеді. Осы мағыналы да мәнді туындыны қолға алып, іске асыру үшін филармония ұжымына біраз маңызды жұмыстарды тындыруға тура келді. Оратория, симфония оркестрінің ішекті аспаптарына, ұрмалы аспаптарға, қазақтың фольклорлы аспаптарына және хорға арналып жазылған. Хор ұжымы бізде мүлде болмағандықтан, жаңадан уақытша жалдамалы түрде хор құру қажет болды. Алдағы шығамыз ба деп отырған гастрольдік сапарларымызға да жалдамалы хор ұжымын алып жүру қаржылай қиындықтар тудыруы мүмкін. Сондықтан хор ұжымын ашу туралы ұсынысымыз қолдау тапса дейміз, – дейді Бекболат Қажықов.
Өнер ұжымы жаңа ғимаратқа қашан жариды?
– Бүгінгі таңда облыстық филармонияның басыбайлы ғимараты бар ма, болса, қай жерде орналасқан?
– Бұл өзі айтуға да ұят нәрсе. Дегенмен, сауалыңыз дардай атауы бар мекемеміздің ең бір жанды жеріне тиіп отыр. Қаншама жылдан бері «Үйі жоқтың күйі жоқ» дегендей, әр бұрышты бір сағалап келеміз. Соңғы уақытта мемлекет қарамағына қайтарылған Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайының үш-төрт бөлмесін паналап келген едік. Ол жерде жөндеу жұмыстары басталған соң, баяғы таз қалпымызға еніп, үйреншікті әдетімізге қайта бастық. Бірақ жоқ деп қарап отырмай, ұжымдарымыз бен әншілеріміз өнер училищесінің залында келісілген кесте бойынша дайындықтарын өткізсе, қалған қызметкерлеріміз жартылай Металлургтер сарайында, жартылай Пермитин көшесіндегі әкімшілік кеңселерде шілдің қиындай шашырап, жұмыстарын жүргізіп отыр.
– Сығандар құсап жан-жақта көшіп-қонып жүрген жайларыңыздан басшылық қаншалықты хабардар? Бұрынғы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Металлургтер мәдениет сарайы облыстық филармонияның қарамағына беріледі» дегенін құлағымыз шалған еді, бұл қаншалықты рас сөз?
– Жергілікті басшылық біздің бұл көшпенді тірлігімізден мүлдем хабарсыз деп айту қиын. Өйткені, қайда, қашан көшіп-қону жайында тікелей нұсқауды басшылықтың өзі беріп отырады. Ал бұрынғы облыс басшысы уәдесін беруін бергенімен, мәдениет сарайы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына қарасты «Өрлеу» МКҚ кәсіпорнының қарамағында. Бүгінде олар осы даңғарадай ғимаратты коммерциялық концерттерге жалға берумен ғана шектеліп отыр. Әрине, өз ғимаратың болғанға не жетсін?! Қаламызда басқа да жекеменшікке өткен мәдениет ошақтары көп қой. Тым болмаса солардың бірі қайтадан қайтарылар деген үмітіміз де жоқ емес.
– Өзіңіз басқарып отырған филармонияның біз білгелі заты бар да, аты жоқ. Бұл қалай өзі, осы мәселе жөнінде не деуге болады?
– Байқасаңыз, еліміздегі барлық облыс филармониялары халыққа танымал, сол жердің тумасы, белгілі бір өнер адамдарының есімімен аталады. Айталық, Семейде әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың, Павлодарда дауылпаз ақын Иса Байзақовтың, Қарағандыда әнші Қали Байжановтың есімімен аталатын облыстық филармониялар ұзақ жылдардан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Есіңізде болса, сонау бала күнімізде «Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» деп жұмбақ жасырушы едік қой. Сол жұмбақтың шешуін бүгінгі таңда біздің филармония тауып берген секілді. Айырмашылығы, біздің отау айдалада емес, қалада орналасқан. Шынымен де бұл өзі көптен бері көпшіліктің көңілінде жүрген түйткілді сұрақ. Қазақ өнері майталмандарының бірсыпырасы Шығыстан шыққанына ешкімнің дауы жоқ. Меніңше, осы өнер ұжымына қазақ күйінің бабасы, атақты жырау, сазгер, би болған, Шыңғысханның, Жошыханның замандасы, әйгілі «Ақсақ құлан» күйінің авторы Кетбұғаның есімін беру қажет. ХV-ХVІ ғасырлар шегінде өмір сүрген Доспамбет жырау \”Кетбұғадай билерден кеңес сұрар күн қайда?!\” деп жырлаған ұлы тұлғаны Құрманғазының өзі ұстаз санаған. Сондықтан облыс орталығындағы филармонияға осынау даңқты тұлғаның есімі беру мәселесін жеделдетіп қолға алғанымыз жөн. Осында қазақ ұлт аспаптар оркестрі бар. Жұртшылыққа танылып қалған әжептәуір өнерлі ұжым. Сол оркестрге күй атасы Байжігіт бабамыздың атын береміз деп қаншама жыл алашапқын болдық. Әйтеуір, осы бастаманы бастаған азаматтар мен өнерге жанашыр көпшіліктің қолдауымен былтыр ғана дегенімізге жеттік.

ГАСТРОЛЬГЕ ШЫҚҚАНҒА КӨЛІКТЕРІ ЖАРАМСЫЗ…

– Бүгінгі таңда филармония құрамында қандай ұжымдар бар, олардың жай-күйлері қалай?
– Алғашқы жылдары филармония құрамында вокалды ансамбль, сығандар ансамблі, лилипуттар ансамблі, балалар циркі, «Русский сувенир» аспапты ансамблі, Бари Алибасовтың «Интеграл» ән-аспапты ансамблі тағы да сол сияқты 17 ұжым жұмыс атқарған екен. Қазір бар болғаны бес ұжым мен он шақты жеке орындаушыларымыз қызмет атқарып жүр. Олар – облыс әкімінің симфониялық оркестрі, камералық оркестр, үрмелі аспаптар оркестрі, «Алтай» фольклорлық ансамблі. Өскемен қаласы көпұлтты аймаққа жататындықтан, бұдан басқа орыс ұлт аспаптар оркестрін, камералық хор, би ұжымы, ән-аспапты ансамбль, тағы да жеке эстрадалық орындаушыларымыз болса деген ниетіміз де жоқ емес. Алдағы уақытта балалар филармониясы мен қуыршақ театрын, бүлдіршіндерден бастап жасөспірімдерге дейін қамтитын қазақ би мектебін ашсақ деген ойымыз бар. Оларды ашуға аздаған дайындығымыз да жоқ емес. Әрине, осының барлығы айналып кеп қаражатқа, ғимараттың жоқтығына тіреледі. Жақсы әншілеріміз де бар, бірақ олардың жағдайларын кім ойлап жатыр?!
– Ертеректе филармония дегендер ел ішін аралап, қысы-жазы гастрольдетіп жүруші еді. Сіздер қазір гастрольдерге шығасыздар ма?
– Былтыр Өскемен мен Семейде және Астанада концерт қойдық. Биыл Талдықорған, Қарағанды, Павлодар қалаларына гастрольдік сапармен бару жоспарланып отыр. Абай бабамыздың 170 жылдығына орай оның музыкалық мұрасына арналған халықаралық деңгейдегі фестиваль өткізсек деген ойымыз бар. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, көлемі мен мүмкіншілігі жағынан біздің облысымыздай Қарағанды облысының Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінде екі концерттік цирк ғимараты бар. Гастрольдік сапарға жүретін барлық жағынан жабдықталған 50-60 орындық екі автобусы бар. Шалғай аудандарға, басқа облыстарға бару үшін автобус жалдауға көп қаражат қажет. Бізде 34 орындық жалғыз автобусымыз бар, оның өзі алыс жолға жарамсыз. Мәселен, бір ғана Мемлекеттік академиялық Құрманғазы оркестрінің жеке киім, аяқкиім, аспап жасайтын шеберханасы, стилистері, партитура жазатын адамдары, дыбыс студиясы, бірнеше концерт ұйымдастырушы менеджерлері бар. Бұл сатып алғаннан гөрі анағұрлым тиімді және арзан. Ал біздегі жағдай мүлде бөлек. Сонда біздің әнші-күйшілеріміз кімнен кем? Сонау Мәскеу мен Санкт-Петербургтің, Новосібір мен Алматы консерваторияларынан білім алған білікті мамандарымыз бар. Егер ұжым нашар болса Испанияның, Италияның, Эстония мен Мәскеудің танымал музыканттары біздің оркестрдің сүйемелдеуімен ән айтып, сахнада бірге өнер көрсетпес еді. Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Толқын Забирова сынды елге танымал әншілер біздің оркестрдің сүйемелдеуімен ән айтпас еді. Бұл да біздің деңгейіміздің жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан, жоғарыда айтып кеткен қайсыбір мүмкіндіктердің тым болмағанда жарымы болса, біз де ел аралап, шалғайдағы халықты өнер нәрімен сусындатуға қарсы болмас едік. Жағдай болып тұрса, ел аралап өнер көрсеткенге не жетсін…

Әңгімелескен – Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button