Мәдениет

ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯҒА КЕТБҰҒА ЕСІМІ ЛАЙЫҚ

ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯҒА КЕТБҰҒА ЕСІМІ ЛАЙЫҚ

Облыстық «Дидар» газетінің 2015 жылғы 28 қаңтардағы санында «Облыстық филармонияға Кетбұғаның есімі беріле ме?» деген мақала жарияланған болатын. Сол жарияланымда Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының осы уақытқа дейін заты бар да, аты жоқ екендігі, ал өзге өңірлердегі облыстық филармония атаулары халыққа танымал жергілікті тумалар мен тұлғалардың есімдерімен аталатындығы да айтылған.
Сондай-ақ, филармония директоры Бекболат Қажықов өзі басқаратын өнер ұжымына қазақ күйінің бабасы, атақты жырау Кетбұға есімі берілуі қажеттігін орынды атап өткен болатын. Бұл өзі «іздегенге – сұраған» дегендей, өте орынды әрі дер кезінде көтерілген мәселе. Осыған орай өз ойымызды, ұсыныс пікірімізді білдірмес бұрын, біреу біліп, біреу біле бермейтін Кетбұғаның кім екендігіне тоқтала кетсек.
Кетбұға (шамамен 1150-1225 ж.ж.) – жырау, күйші, аңыз кейіпкері. Орта жүз құрамындағы найман тайпасының бағаналы тармағынан шыққан. ХІV ғасырда жазылған «Шаджарат әл-атрак» («Түрік шежіресі») атты кітаптағы деректер мен ел аузындағы аңыздарға қарағанда, Жошы хан аң аулап жүріп қаза тапқанда, Шыңғыс ханға қаралы хабарды жеткізуге ешкімнің батылы жетпейді. Сонда Кетбұға бас кетер ауыр міндетті өз мойнына алады. Әуелі:
«Теңіз бастан былғанды,
Кім тұндырар,
А, Ханым?!.
Терек түптен жығылды,
Кім тұрғызар,
А, Ханым?!.», – деп толғап, Шыңғыс ханды қаралы хабарға әзірлеп алады да, баласы Жошының өлімін күймен естіртеді. «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйі осылай туыпты-міс.
Өкінішке қарай, бүгінгі күнге Кетбұғаның осы күйі және күй шығарар алдында айтқан бірнеше жол өлеңі ғана жеткен. Алайда, халық жадында Ұлығ (ұлы) жыршы атанған Кетбұғаның өз кезінде шығармалары халық арасына кең тараған, көшпелілер арасында сөз өнерінің дамуына ерекше ықпал еткен көрнекті тұлға болғандығы байқалады. XV ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүрген Доспанбет жырау Кетбұға есімін ерекше құрметпен атап, «Кетбұғадай билерден, кеңес сұрар күн қайда?!» деп абыз бабамызға зор құрмет көрсетсе, күй атасы Құрманғазы Кетбұғаны өзіне ұстаз тұтып өткен. Халық өлеңдері мен аңыз әңгімелерінде де Кетбұға ел қамқоры, дана ақсақал ретінде бейнеленген. Ол туралы аңыздар қырғыз фольклорында да бар. Лев Гумилев Кетбұғаның батырлығын, қолбасшылығын дәріптейді, Палестинаға ат байлап, Парсы жерімен Иракты жаулап алған Кетбұға ноян болғанын айтады. «Моңғолдар сияқты мәмлүктер де даланың еркін ұлы еді, ал әскери талантқа келсек, қыпшақ Бейбарыс найман Кетбұғадан кем түспейтін», – деп жазады.
Біздер, ел ақсақалдары, жазылған жайды қайта жаңғырта отырып, «Шығыс Қазақстан облыстық филармониясына Шыңғыс хан, Жошы хан заманының ұлы жыршысы әрі қайталанбас күй өнерінің өкілі, баһадүр бабамыз Кетбұғаның есімі берілсе», – деген ұсыныс жасап отырмыз және осы ұсынысымыз облыс жұртшылығы мен жергілікті басшылар тарапынан қолдау табады деп сенеміз.

Облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жаңабай Әшімов, Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаухан Аухадиев, еңбек ардагерлері Фрунзе Жақсылықов, Әлімхан Әбдухалықов, «Еңбек даңқы» ордендерінің толық иегері Қайырбек Айжігітов, Қырықбаев, қаламгерлер Мүсілім Құмарбеков, Советхан Қалиғожин, Әлібек Қаңтарбаев, Оңдасын Елубай.

Осы айдарда

Back to top button