Қоғам

Облыстық ардагерлер кеңесіне жаңа төраға сайланды

Облыстық ардагерлер кеңесіне жаңа төраға сайланды

Облыстық ардагерлер кеңесінің V пленумына аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ пен республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев қатысып, бірқатар мәселелер жөнінде әңгіме қозғады.
Естеріңізге салайық, Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2015 жыл Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жылы болып жарияланған болатын. Осыған сәйкес, бас қосқан ардагерлер ұйымдарының өкілдері аудандарда атқарылған шаруалар туралы есеп беріп, облысымыздағы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне дайындық жайын пысықтады. Аудандық және қалалық ардагерлер ұйымдарының төрағалары өз баяндамаларында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, ескерткіштер мен монументтерді қалпына келтіру, соғыс және тыл ардагерлеріне қолдау көрсету мақсатында субсидия бөлу сияқты бірқатар өзекті мәселе туралы сөз қозғады.
– Біздің облыста Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге қатысты арнайы жоспар әзірленді. Жалпы, облысымыздың аудан-қалаларында 367 ескерткіш нысаны бар. Қазір соларды жөнге келтіру және күтіп ұстау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Өскемендегі Стрелка мемориалдық кешенінде «Даңқ» орденінің иегерлеріне арналған екі стелла бой көтермек. Аталмыш нысанды 9-мамыр күні ашамыз деп жоспарлап отырмыз, – деген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Геннадий Бердюгин Стрелкадағы мемориалдық кешенде өңірімізден шыққан 109 Кеңес Одағы Батырының аты-жөні толық жазылғанын, дегенмен, «Даңқ» орденінің 22 иесінің есімдері жазылмағанын айтып, алдағы уақытта ашылатын стеллалар осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталғанын жеткізді.
Сондай-ақ, Геннадий Бердюгин бүгінде облыста құрамына соғыс және тыл ардагерлері кіретін ақпараттық-насихаттық топ жұмыс істеуде екенін атап өтті. Бұл жұмыс тобының мақсаты өскелең ұрпаққа Ұлы Отан соғысының тарихы, батырларымыздың даңқты жолы туралы ақпарат беру болып табылады екен. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының айтуынша, екі жарым айдың ішінде аймағымыздағы оқу орындарында жастармен осындай 140 кездесу ұйымдастырылыпты.
Жиын барысында шығармашылық жағынан ерекше көзге түскен бірқатар аудандық және қалалық ардагерлер ұйымдарының еңбегі аталып өтті. Олардың арасында, әсіресе, Риддер және Семей қалаларындағы, сондай-ақ, Зайсан, Тарбағатай және Шемонайха аудандарындағы ардагерлерден құралған көркемөнерпаздар ұжымдарының шоқтығы биік болып, оларға мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Пленумға қатысқан республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаевтың айтуынша, елімізде алдағы жылдары соғыс және тыл ардагерлерінің жағдайын жақсарту мақсатында көптеген жұмыстар жоспарланған.
– Сөз жоқ, 2015 жылдың басты оқиғаларының бірі Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі болмақ. Осыған байланысты елімізде Ұлы Жеңіске себепкер болған ардагерлерімізге қандай көмек көрсетілуде деген сұрақ туындайды. Иә, бүгінде майдангерлеріміз коммуналды төлемдерден толық босатылып, барлық әлеуметтік салада жеңілдіктерге ие. Оларға сондай-ақ, арнайы төлемақылар да төленеді. Дегенмен, Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ айтқандай, мұның өзі де аздық етеді. Сондықтан жыл санап қатарлары сиреп келе жатқан ардагерлерімізге деген қолдауды еселей беруіміз қажет. Әдеттегідей, 9-мамырда қазақстандық ардагерлер Мәскеудегі және Астанадағы Ұлы Жеңіске арналған шерулерге қатысатын болады. Әрине, әлемде түрлі қақтығыстар орын алып, бірқатар экономикалық санкциялар енгізіліп жатқан тұста қандай да бір уәде берудің өзі қиын. Дегенмен, Президентіміз биылғы Жолдауында осы мәселені ерекше назарға алып, қазақстандықтарға төленетін әлеуметтік төлемақылардың мөлшері қысқармайтынын сендірді. Бұл ардагерлерімізге де қатысты, – деді Өмірзақ Озғанбаев.
Алдағы уақытта ешбір ардагер назардан тыс қалмайтыны жайында өз сөзінде облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ те ерекше атап өтті.
– Мен ардагерлерге қашан да зор құрметпен қарап келемін. Өйткені, менің әкем де соғысқа қатысқан адам болатын. Әрине, алдымызда күрделі кезең күтіп тұр. Дегенмен, біз оған әзірміз. Кезінде Елбасының тапсырмасымен Қазақстанда ұлттық әл-ауқат қоры құрылған болатын. Бүгін жаһанды қаржылық дағдарыс шарпып, көптеген елдің экономикасы құлдырап жатқан тұста біз осы әл-ауқат қорының пайдасын көрудеміз. Өз Жолдауында Президент алдағы мақсат-міндеттерді айқындап берген болатын. Оның ішінде жолдарды жөндеу, қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін шешу сияқты жайттар бар. Алдағы уақытта Астана-Өскемен, Алматы-Өскемен бағыттарындағы жолдар күрделі жөндеуден өткізіліп, Екібастұз-Семей-Өскемен және Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алматы бағыттарында жоғары вольтты желілер салынатын болады. Бұл құрылыстар жергілікті жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашып, ел экономикасына тың серпін бермек. Ең бастысы, әр үй жарықпен, сумен және жылумен қамтылуына баса көңіл бөлінетін болады, – деген аймақ басшысы осының бәріне қол жеткізу үшін біздің ең үлкен қазынамыз – ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімді сақтай білуіміз қажет екенін ескертті.
Облыс әкімі ардагерлер ұйымдарының рөлі қашан да зор екенін айтып, аға буынның мәселелері әрдайым облыс басшылығының назарында болатынын жеткізді. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ қажет болса, ардагерлерге көрсетілетін қолдаудың мөлшері екі есеге дейін ұлғайтылатынын айтты.
Жиын барысында пленумға қатысушылар ардагерлерге қатысты бірқатар түйткілді мәселеге де тоқталды. Жиналғандарды әсіресе, «Ардагерлер туралы» заң жобасының бүгінгі жайы көп толғандыратыны байқалды. Осыған байланысты республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев аталмыш заң жобасы жақын болашақта қабылдануы мүмкін екенін айтып, қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
Пленум соңында көп жылдар бойы аға буынның құқықтарын қорғап, мәселелерін шешуде өлшеусіз еңбек сіңіріп келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Геннадий Бердюгин денсаулығына байланысты өз еркімен орнынан кететіндігін мәлім етті. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Геннадий Бердюгинге пленумға қатысушылар атынан алғыс айтып, естелік сыйлық тапсырды. Ал облыстық ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы болып Василий Ахаев сайланды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button