Білім

Облыстағы ең үздік мектепке 18 миллион теңге табысталды

Облыстағы ең үздік мектепке 18 миллион теңге табысталды

«Білімді ел – мәңгі ел». Өскемендегі драма театрының ғимаратында өткен білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі биыл осындай тақырыппен өтті. Өткен оқу жылының қорытындысын шығарып, алдағы міндеттерін айқындаған алқалы жиынға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ, Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова, Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева қатысты.

Соңғы үш жылда 42 білім ордасы бой көтерді

Облыстағы ең үздік мектепке 18 миллион теңге табысталды

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін тамыз кеңесіне жиналған қауым ең алдымен театр фойесінен орын тепкен көрмені тамашалады. 2015-2016 оқу жылындағы аймақтағы білім беру мекемелерінің жетістіктеріне арналған көрме Шығыстың білім беру саласының қаншалықты деңгейде екенін де әйгілеп тұрғандай. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктер мен мақтануға тұрарлық толағай табыстар да жетерлік. Оны тамыз кеңесінде аймақтың білім саласының ахуалы жайында арнайы баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова да ерекше атап айтты.
Облыстың бас педагогы тамыз кеңесіне тамызық болар әңгімесінің әлқиссасын ең алдымен жиналған қауымды еліміздің ең маңызды мерекесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен және Конституция күнімен құттықтаудан бастады.
– Жаңа оқу жылы қарсаңында біз дәстүрлі түрде өткен оқу жылының қорытындыларын шығаруға және Елбасының жаңа бастамаларын негізге алып, 2016-2017 оқу жылындағы қызметтің келешегін белгілеуге жиналып отырмыз, – деген облыстық білім басқармасы басшысы экономикалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан білім саласына бөлінетін қаржының жылдан-жылға артып келе жатқанын жеткізді. 2016 жылы аймақтың білім беру саласына 92,6 млрд. теңге қаржы бөлініпті. Бұл – 2015 жылмен салыстырғанда 13,8 млрд теңгеге артық. Білім беру ұйымдарының материалдық¬-техникалық базасын нығайтуға 2015 жылы 390,0 млн. теңге бағытталса, ағымдағы жылдың тек 6 айында ғана 236,7 млн. теңге жұмсалған. Мұндай қомақты қаржы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындалуына зор мүмкіндік бергені де сөзсіз. 3,5 млрд. теңгеге 244 білім беру нысанына жөндеу жүргізіліп, 1,5 млрд. теңгеге қажетті оқулықтар сатып алынған. Сонымен қатар биыл 22 жаңа модификацияланған кабинет ашылады деп күтілуде. Осынау мақсатқа 102,7 млн. теңге жұмсалыпты. Бұл заманауи кабинеттермен жабдықталған мектептер қатарын 77,5 пайызға дейін жетуіне ықпал етпек.
Жалпы, соңғы үш жылда барлығы 42 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, оның 31-і апаттық жағдайдағы мектептердің орнына бой көтерген.
Облыстық білім басқармасы басшысы Айжан Садықова жыл сайын мектептерді жөндеуге қомақты қаржы бөлінгенімен, аудандар мен қалаларда ағымдағы жөндеулердің жарым-жартылай ғана жүргізілетінін жасырмады. Мысалы, бір мектептің шатыры ғана жөнделсе, тағы бір мектептің терезесі немесе жылу беру жүйесі ғана жөндеуден өткізіледі. Ал бұл өз кезегінде алдағы 5 жылдың ішінде мәселені толық шешуге мүмкіндік бермейді. Облыс бойынша пайдалану мерзімі 50 жылдан асып кеткен 136 (20%) мектеп бар.
Сонымен қатар, облыста, әсіресе, ауылды жерде жаңа салынған мектептердегі бала санының аздығы да өткір мәселе күйінде қалуда. Күршім ауданындағы Ақжайлау, Шеңгелді, Жаңаауыл елді мекендерінде 80 орындық мектеп салынғанымен, ондағы оқитын бала саны 40-50 ғана. Сондай-ақ, Тарбағатай ауданында да 600 орындық мектеп бой көтеруде. Жанында 300 балаға арналған интернаты тағы бар. Ал мұндай мектепті толтыру үшін аудандық білім бөлімі кем дегенде жақын орналасқан 10 ауылдан оқушы тасуы керек екенін айтқан білім басқармасының басшысы мектеп тұрғызғанда ауылдың даму болашағын міндетті түрде ескеру қажет екенін еске салды.

Жас мамандар баспанасыз жүр

Облыстағы ең үздік мектепке 18 миллион теңге табысталды

Алыс ауылды жерде тұратын оқушыларды мектепке тасу да білім саласы қызметкерлерінің бас қатыратын мәселесі екені рас. А.Садықованың айтуынша, облысымызда мектебі жоқ 382 елді мекен бар көрінеді. Ондағы оқу жасындағы бала саны – 4 666. Олардың 3 798-і, яғни 80 пайызы тасымал көлігімен қамтамасыз етілген. 2016 жылы оқушыларды мектепке тасымалдауға 175 автобус көлігі қарастырылған. 1-ші қыркүйекке қарсы 40,2 млн. теңгеге 8 автобус сатып алу жоспарланған. Десе де оқушыларды мектепке тасымалдау үшін әлі де 28 автобус қажет. Бұл мәселенің түйінін тарқату балалардың мектепке барып-қайтудағы қауіпсіздік мәселесін де шешетіні сөзсіз.
Өз баяндамасында А.Садықова облыстағы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мәселесіне де егжей-тегжейлі тоқталып өтті. 2010 жылдан бері 170 балабақша ашылса, оның 46 пайызы жекеменшік. Қазіргі таңда облыс бойынша 794 мектепке дейінгі мекеме бар болса, оның 272-сі балабақша.
Білім сапасын сөз еткенде, ең алдымен ҰБТ нәтижесі тілге оралатыны сөзсіз. Биыл ҰБТ бойынша орташа балл 82-ні құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 балға ғана жоғары. Аудандардың ішінде Аягөз, ал облыстағы қалалардың ішінде Өскемен қаласының тасы өрге домалап, жоғары нәтиже көрсеткен.
Сонымен қатар, Айжан Ерханқызы облыстың білім беру мекемелерінде мұғалімдердің жетіспейтінін де жасырмады. Үстіміздегі жылдың 15-тамызындағы дерек бойынша, облыстың білім беру мекемелері барлығы 514 педагогикалық білікті маманға мұқтаж екені анықталып отыр. Нақты айтар болсақ, 92 математика, 21 ағылшын тілі, 22 физика, 16 география, 8 қазақ тілі мен әдебиеті, 5 тарих, 4 информатика мұғалімі жетіспейді екен. Педагог мамандарға деген мұқтаждық әсіресе Өскемен (96), Ұлан ауданы (92), Бородулиха ауданы (68), Шемонайха ауданы (40), Семей қаласы (34), Зырян аудандарында (39) айтарлықтай сезіледі.
Жалпы, мұғалім мамандардың ауылды жерге барғысы келмейтінінің де өзіндік себебі жоқ емес. Оның басты себебі – қызметтік баспананың жоқтығы мен оқу жүктемесінің төменгі деңгейі. Сондай-ақ, арнайы зерттеу барысында Өскемен қаласында да 318 жас педагог маманның басында баспанасы жоқтығы анықталыпты. Осыған орай облыстық білім басқармасының басшысы А.Садықова аймақ басшысына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жұмыс істейтін жастар үшін Өскеменде салынып жатқан жатақханадан жас мұғалімдерге жалдамалы пәтер бөлуге ықпал етіп, қол ұшын созуды өтінді.

11 мақтаулы оқу ошағы мәртебесінен айырылады

Облыстағы ең үздік мектепке 18 миллион теңге табысталды

Сондай-ақ, өткен жылы гимназиялар мен лицейлердің білім сапасы сараптамадан өтіп, нәтижесінде 11 мектептің өз атауына сай еместігі анықталған. Осыған орай қала және аудан әкімдіктері гимназия мен лицей атауын алып тастау бойынша бірқатар шешімдер қабылдаған көрінеді. Сондай-ақ, Зайсан, Көкпекті аудандары мен Семей қаласындағы 3 мектепке лицей атауы беріліпті.
Облыстық білім басқармасы басшысы назарынан дарынды балалармен жүргізіліп жатқан жұмыс жайы да тыс қалмады. Өткен оқу жылы түрлі байқаулар мен олимпиадаларға, жарыстарға 125 543 оқушы қатысып, олардың жартысынан көбі (55,6%) жүлдегер атанған.
Биылғы жазда 919 түрлі бағыттағы лагерь жұмыс істеп, онда барлығы 88 376 бала тынығыпты.
Облыста 14 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Білім басқармасы басшысы өз баяндамасында осынау ерекше балаларға жасалып жатқан жағдай туралы да айтып өтті. Сонымен қатар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, жастарға техникалық және кәсіптік білім беру мәселелерін де сөз етіп, алдағы міндеттерге тоқталды.
Биылғы жаңа оқу жылында облысқа қарасты аудандардағы жалпы білім беретін мектепте 21 спорт класы, 19 ауданда «Шығыс ұландары» атты кадет сыныптары жұмысын бастамақ.

Облыстағы ең үздік мектепке 18 миллион теңге табысталды

Бұдан соң сөз кезегін Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева алып, залда жиналған қауымды жаңа басталар оқу жылымен құттықтап, тәуелсіздік алған 25 жылда еліміздің білім беру жүйесінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. Ел егемендігін алған 25 жылда елімізде 449 балабақша салынып, жекеменшік балабақшалардың саны он есеге артқан. Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының арқасында 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 81,6 пайызға жетіпті. Жеке инвестициялардың 100 млрд. теңгеден астам қаржысы мектепке дейінгі ұйымдарды дамытуға жұмсалған екен. Халықаралық олимпиадаларда жүлде алатын оқушылардың қатары да жыл сайын өсуде.
Министрлік өкілі сондай-ақ жаңа оқу жылында енгізілетін өзгерістер туралы да баян етті. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап еліміздің мектептері бес күндік оқу стандартына көшпек. Э.Суханбердиеваның айтуынша, бес күндік білім беруге көшу мұғалімдер мен оқушылардың жазғы демалысына ешқандай әсер етпейтін көрінеді. Ал 2017 жылы еліміздің мектептерінің барлығына электронды күнделік енгізілмек. Вице-министр сондай¬-ақ, өз сөзінде бірыңғай базалық оқулықтарды енгізу, шағын комплектілі мектептерге қолдау көрсету, 12 жылдық білім беру мен үш тұғырлы тіл мәселесінің еліміздің білім беру жүйесі үшін ерекше маңызды екенін атап өтті. Өз кезегінде үш тілді оқытуда ерекше белсенділік танытып отырған аймақтардың бірі Шығыс өңірі екенін атап өткен вице-министр облыс әкімі Даниал АХМЕТОВКЕ ризашылығын білдіруді де ұмытқан жоқ.
Сондай-ақ, білім қызметкерлерінің алқалы жиынында Парламент Мәжілісінің депутатты Ирина Смирнова «Адами капитал – мемлекет дамуының негізі» тақырыбында арнайы баяндама жасаса, Семей қаласындағы геологиялық барлау колледжінің директоры Марал Әлмұханов білім ордасында іске асырылып жатқан үштілді оқыту тәжірибесін ортаға салды.

«Ақ ниет» атты 100 орындық мектеп-интернат ашылады

Облыстағы ең үздік мектепке 18 миллион теңге табысталды

Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өз сөзінде ел болашағының бүгінгі білім саласына тікелей қатысты екенін ерекше атап айтты. Сондықтан да білім саласына қойылатын талап қашан да жоғары. Биыл аймақтағы 45 гимназия мен лицейдің 11-і өз мәртебесінен айырылатынын, ал керісінше Зайсан, Көкпекті аудандары мен Семей қаласындағы үш мектептің лицей дәрежесін алғанын айтқан облыс басшысы:
– Осылай болуы керек. Нәтижесі төмен, кері тартатын мектептер жаңашыл мектептерге жол беру керек. Бұл – заңдылық. Өйткені, ел жаңарып жатыр, ендеше білім беру саласы да жаңару керек. Біздің білім саласындағы төмен нәтижемен келіскіміз келмейді, – деді.
Мемлекет жас ұрпақтың сапалы білім алуы үшін барлық жағдайды жасауда. Биылғы жылы салынып жатқан 12 білім нысанының 7-еуі қолданысқа беріледі. Сонымен қатар 29 балабақша ашылмақ. «Жаңару» бағдарламасы бойынша да 140 мектеп қайта түлемек. Олай болса, білім сапасының нашар болуына ешқандай негіз жоқ. Сондай-ақ, биыл мүмкіндігі шектеулі ерекше балаларға арналып «Ақ ниет» деп аталатын 100 орындық мектеп-интернат ашылады деп күтілуде. Бұл оқу ордасының оқушылары біліммен бірге өмірге қажетті мамандық та алып шығатын көрінеді.
¬- Педагог дегеніміз – бұл элита. Қазақстандық қоғамның сүт бетіне шығар қаймағы. Ол барша қоғамға үлгі болу керек, – деген облыс басшысы шығысқазақстандық мектеп түлектерінің көрші мемлекеттің жоғары оқу орындарына түсуге ұмтылатынын да сынға алып, бұл мәселені зерттеу қажет екенін айтты.

Облыстағы ең үздік мектепке 18 миллион теңге табысталды

Екі сағаттан астам уақытқа созылған тамыз кеңесінің екінші бөлімі білім саласына еңбегі сіңген ұстаздарды марапаттау рәсіміне ұласты. «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгімен марапатталғандар арасында Үржар ауданының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәуле Жүнісова, Семей қаласындағы №28 орта мектептің директоры А.Фельдман, Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернатының жоғарғы санаттағы биология пәнінің мұғалімі Бақытжамал Құсайынова және тағы басқалар бар. Ал Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицей «Орта білім беретін үздік ұйым-2016» байқауының грант иегері болып танылып, 18 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.
– Бұл – менің ғана еңбегім емес, барша ұжымның, ұстаздар қауымының еңбегі, – дейді мектеп директоры Таңатқан Түменбаев.

Мейрамтай Иманғали

Суреттерді түсірген – Есімхан Орынбаев

Осы айдарда

Back to top button