Сайлау-2023

Облыстар бес бюллетеньмен дауыс береді

Айжанат Бақытқызы

Биылғы 19 наурызда елімізде  Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлау науқаны өтетіндігі белгілі. Осыған орай, С.Аманжолов атындағы университетте  Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров,  Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиевтің қатысуымен семинар-кеңес өтті.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, биыл Астана, Алматы және Шымкент қалаларының сайлаушылары төрт бюллетеньмен, облыстар бес бюллетеньмен дауыс береді. Орталық сайлау комиссиясының  Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау қорытындыларын анықтауына 10 күн, ал аумақтық сайлау комиссиясының мәслихаттар депутаттарын сайлау қорытындыларын анықтауына 5 күнге дейін уақыт көзделген.

Халықаралық байқаушыларды аккредиттеу дауыс беруге бес күн қалғанда, яғни 13 наурызда аяқталады. Бүгінгі таңда төрт халықаралық ұйымнан және 16 шет мемлекеттен байқаушылар аккредиттелді.

Облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары Кинугул Бичуиновтің мәліметінше, азаматтардан оларды сайлаушылар тізіміне енгізу туралы өтініштерді қабылдау ұйымдастырылып, тізімге 499 085 сайлаушы енгізілген.

Облыстағы 35 жоғары оқу орындары мен колледждерге басқа қала-аудандардан келген 3118 студент, жұмыстың вахталық әдісі бар тоғыз кәсіпорында уақытша тіркелген 594 азамат, өңірдегі 15 әскери бөлімдегі барлығы 3327 мерзімді қызметтегі әскери қызметші сайлаушылар тізіміне енгізілді. Сондай-ақ басқа облыстарға сайлаушылар тізімінен шығару үшін 3176 азаматтың тізімі жіберілді. Облыс шегінде 3863 азаматтың қайталанған жазбалары алынып тасталды, – деді Кинугул Кашкенұлы.

Облыста сайлаушылардың сайлау белсенділігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Жиында айтылғандай, халықты сайлау учаскелеріне тіркеу туралы ақпараттандыру үшін облыстың қалалары мен аудандарындағы әкімдіктер жанында 12 call-орталық жұмыс істейді.

Сайлау учаскесіне тіркелудің дұрыстығын «Электрондық қызметтер орталығы» порталының «Өз сайлау учаскеңді тап» сервисі және «Digital East» ұялы қосымшасы арқылы тексеруге болады.

Айта кетсек, республика бойынша барлығы 12 миллионнан астам, Шығыс өңірінде 499 085 сайлаушы бар. Мәжіліс пен мәслихаттарға барлығы 12 451 кандидат тіркелген.

Инфрақұрылымның сайлауға дайындығына тоқталған Кинугул Кашкенұлының айтуынша, барлық 533 сайлау учаскесінің шекаралары нақтыланған.

Барлық сайлау округтері мен учаскелері науқанға дайын. Олардың жұмысы қолданыстағы заңнаманы, санитарлық нормалар мен қоғамдық қауіпсіздікті ескере отырып ұйымдастырылатындығы айтылды. 533 учаскелік, 12 аумақтық комиссиялардың құрамы бекітілді. Округтік сайлау комиссияларының мүшелері үшін көшпелі оқыту семинарлары өткізілді.

Сайлау учаскелерінің қолжетімділігі қамтамасыз етіліп, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қажетті жағдай жасалған. Дауыс беретін күні ерекше қажеттіліктері бар азаматтар тұратын 13 елді мекенде инватакси қызметі ұйымдастырылады.

Осы айдарда

Back to top button