Білім

Облыста тұңғыш рет ата-аналар форумы өтеді

Облыстық білім басқармасы үстіміздегі оқу жылында әр апта сайын түлектермен қатар мұғалімдер және ата-аналар үшін ерекше шешуші сынақ – ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық бойынша онлайн жиналыстарын өткізуді дәстүрге айналдырған. Ал өткен жаңа оқу жылынан бастап, әр мектептің өзінде, сондай-ақ, ҰБТ-ны өткізу пункттерінде (ол біздің облыс көлемінде 14 жерде өтеді) сынама тестілеулер өткізіліп келеді.

Облыста тұңғыш рет ата-аналар форумы өтеді– Биыл облыс көлеміндегі жалпы орта білім беретін мектептерді 11043 түлек бітіреді. Бұл түлектердің 8953-і (81 пайызы) қорытынды мемлекеттік аттестациялауды ҰБТ түрінде тапсыруға ниет білдіргені белгілі болып отыр. Ал қалғандары орта мектеп курсын дәстүрлі мемлекеттік емтихандар тапсыру арқылы тәмамдауды таңдаған, – деді Өскемендегі талдау және болжау институтында журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген облыстық білім басқармасының бастығы Мәдениет Ахметова. – Олардың ішінде 431 «Алтын белгіге» және 233 үздік аттестатқа үміткер бар. Жалпы қазірде мектептердегі психологтар мен әлеуметтік педагогтардың жұмыс ауқымы нақтыланып, қызметтері белсендірілуде.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, бұдан біраз бұрын өткен басқосуда облыстың бас мұғалімі барлық мектеп директорларына әр баланы нақты тест сұрақтары емес, оқулықтар бойынша даярлау керектігі туралы қадап айтқан болатын. Соның да ықпалы тисе керек, қазір алдын ала өткізілген тест бойынша орташа балл 75 болып отыр екен. Қазір тест өтетін 14 пунктте барлық жағдай жасалған, ұялы телефондарды өшіру құралы мен арнайы бейнебақылау қойылған. Қазір тест тапсырушыларды рама арқылы тексеру қолға алына бастаған. Жиі-жиі онлайн режимінде өткізілетін мәжілістерде әр аудандағы білім бөлімдерінің басшылары қандай жұмыстар атқарылғаны туралы есеп беріп отырады. Әсіресе, мұндай мәжілістерде өткен жылғы ҰБТ сынағы барысында өте төмен нәтиже көрсеткен Үржар, Аягөз, Тарбағатай, Катонқарағай және Абай аудандарынан дайындық барысы қатаң сұралып келеді.

Бас мұғалімнің сөз саптауына қарағанда, ҰБТ-ға тек түлектерді ғана емес, олардың ата-аналарын да дайындау керек.

– Биыл облыс бойынша түрлі халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларды қорғауда жүлдегер болған 64 бала ҰБТ тапсырудан босатылады. Ал республикалық білім байқауларында үздік көрінген 24 балаға өздері қалаған оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер жасалады. Мәдениет Ахметованың тағы бір баса айтқаны, облыс Әкімінің келісіміне орай, келесі, мамыр айының алғашқы онкүндігінде тұңғыш рет ата-аналар форумын өткізу жоспарлануда екен. Форумның пленарлық бөлімінен кейін Алматыдағы халықаралық орталықтың эксперті форумға қатысатын 200-ден астам ата-анамен балаларын ҰБТ-ға қалай даярлауға болатыны турасында тренинг өткізбек.

Бұдан соң ҰБТ пункттеріне балаларды жеткізу, тамақтандыру, сондай-ақ, мектептерді оңтайландыру, көп елдің көкейінде жүрген мектеп бітірушілер балына жиналатын ақша және басқа бірсыпыра мәселелерді қаузаған басқарма бастығы оқушылардың жазғы демалысының ұйымдастырылуы жайында кеңінен әңгімеледі.

– Биыл облыс бойынша 31 қала сыртындағы жазғы лагерь жұмыс істеп, 20 мыңнан астам баланы қамтымақ. Сонымен қатар, 611 мектеп жанындағы, 11 дебаттық, 48 спорттық, 38 киіз үй мен шатырлық және 1 шипажай үлгісіндегі лагерьлер жұмыс істейтін болады. Аталған лагерьлерде жалпы есеппен 111 мыңдай бала тынығып, сауығады және еңбекпен айналысады деп күтілуде, – деген М.Ахметова журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button