ҚоғамТОП

Облыста тағы бір жаңартылған энергия көзі болады

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Риддердегі электрмен және жылумен қамту нысандарының жұмысымен танысып, жұртшылықпен кездесу өткізді. Жиында тұрғындар отын-энергетика кешенінде іске асырылып жатқан жобалар туралы хабардар болып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды, деп хабарлайды Didar ақпарат тілшісі.

– Бүгінгі таңда қалада ауқымды жөндеу жұмысы атқарылды. Республикалық бюджеттен бөлінген қомақты қаржы, оның ішінде 6,1 млрд теңге «Риддер ЖЭО» жабдықтарын жөндеуге бағытталса, 1,3 млрд теңге жылумен жабдықтау желілерін қайта қалпына келтіруге жұмсалды. Межелеген жұмыс былтыр толық аяқталған. Нәтижесінде алты қазандықтың агрегаты, бас корпустың ғимараты, күл үйіндісі бөгеті, отын беру галереясы, аспирация жүйесі түгел жөнделді, – деп атап өтті Сұңғат Есімханов.

Сонымен қатар вице-министр «Риддер ЖЭО» штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, жабдықтардың тозуы 74,5%-дан 57,7%-ға дейін төмендегенін, қаланы жылумен қамту бойынша жағдай тұрақталғанын жеткізді.

Кездесуде өңірді газдандыру мәселесі де айтылды. Вице-министр Шығыс Қазақстан облысына көгілдір отын жеткізудің екі жолы қарастырылып жатқанын тілге тиек етті. Оның бірі – Рудный – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен – Зайсан бағытында батыс өңірден газ тарту. Бұл жобаның құны шамамен – 778 млрд теңге. Екінші жолы – көрші Ресейдің газына қосылу. Бұл нұсқа бойынша Ресей Федерациясы – Қазақстан – Қытай Халық Республикасы бағытында газ құбыры түспек. Қазір біздің мамандар ресейлік әріптестерімен бірлесіп техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу үшін жобаны жан-жақты зерттеп, зерделеп жатыр.

– Болашақта солтүстік-шығыс өңірлерді газдандыру үшін транзиттік газ құбырын салу шарттарын талқылау жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Барлық бастапқы деректерді алғаннан кейін газдандырудың ең тиімді нұсқасы әзірленетін болады, – деді тұрғындармен болған кездесуде энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.

Қазір облыста барлығы бес энергия көзі бар. Олар: Бұқтырма және Өскемен гидроэлектростанциялары мен Согра, Өскемен және Риддер жылу электр орталықтары. Бұған қоса вице-министр 2025 жылға дейін облыста «Еуропа Солар» ЖШС қуаты 1,4 МВт болатын жаңартылған энергия өндіретін тағы бір нысан салуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Кездесу барысында вице-министр тұрғындар тарапынан қойылған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТҮКШ), оның ішінде жылумен, электрмен қамтамасыз ету, жанармай бағасының көтерілуі туралы сауалдарға тұшымды жауап берді.

 

Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button