БілімТОП

Облыста апатты жағдайдағы мектептер әлі де бар

Облыс бойынша апатты және апаттыққа дейінгі жағдайдағы 12 мектеп анықталып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте ШҚО  білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы З.Махсұтова мәлім етті.

 Аталған департамент  облыстың білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы бойынша 7 шілде мен 19 тамыз аралығында мониторинг жүргізген. Мониторинг облыстағы 642 мектептің барлығына жүргізілді, мектептердің материалдық-техникалық жағдайы, оның ішінде пәндік кабинеттермен, компьютерлермен, интернетпен және басқа да жабдықтармен қамтамасыз етілуі, мектептерді жылы дәретханалармен қамтамасыз ету, бейнебақылау жүйесінің жай-күйі, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары мен  мектеп құрылысы, оқулықтармен қамтамасыз етілуі сарапқа салынған. Брифингте департамент басшы З.Махсұтова сол кешенді мониторинг нәтижесі туралы журналистерге кеңінен әңгімелеп берді.

Облыстағы 642 мектептің 514-і типтік, 128-і бейімделген ғимараттарда орналасқан. Бір ауылдық мектепте жылы  дәретхана жоқ. Мектептердегі интернет жылдамдығы 2-ден 100 Мегабитке дейін, оның ішінде 319 мектепте интернет жылдамдығы 4 мегабиттен төмен. Облыстың барлық мектептерінде жаңа модификациялық үлгідегі бір роботты техника кабинеті бар, 61 мектепте компьютерлік сынып жоқ. Компьютерлер барлық мектептерде бар болғанымен, олардың көпшілігі ескірген, нақты айтқанда, 44 141 компьютердің 20%-ы моральдық тұрғыдан ескірген. 3275 интерактивті тақтаның 15%-ы істен шыққан.

461 физика кабинетінің 30%-ы (кабинеттердің 65%-ында зертхана бар), 409 химия кабинетінің 24%-ы (68% кабинетте зертхана бар), 362 биология кабинетінің 31,7%-ы жаңа модификациялық кабинеттер (кабинеттің 61%-ында зертхана бар). Жалпы, мектептердің 62%-ында ескі модификациялы кабинеттер жұмыс істейді.

Мектептердің тек 87%-ында спорт залы бар. Олардың 43%-ы тиісті құралдармен жабдықталған. Мектептердің 35%-ында бейнебақылау жүйесі стандарттар мен талаптарға сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта ол мектептерде Бейнебақылау жүйелерін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, өтінімдер қаралған.

– Мектептердің 84%-ында кітапхана, 60%-ында оқу залы бар. Қазіргі уақытта барлық мектептерде кітапхана қорындағы бар оқулықтар таратылуда.   2, 5, 7 сыныптарға арналған оқулықтарды білім беру ұйымдарына жеткізу  жұмысы аяқталды.  Жаңа оқу жылы басталғанға дейін оларды да тарату жоспарланып отыр, – дейді департамент басшысы З.Махсұтова.

Облыс бойынша 11 мектептің құрылысы жүріп жатса, оның үшеуі  жаңа оқу жылы басталғанға дейін іске қосылмақ.  Ал қалған төрт мектеп жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болса, қалғандары келер жылдың еншісіне қалып отыр.

Мониторинг барысында облыс бойынша апаттық жағдайдағы және апаттыққа дейінгі жағдайдағы 12 мектеп анықталыпты. Апатты жағдайдағы 12 мектептің  бесеуінің шатыры мен қасбеті, сондай-ақ ішкі әрлеу және спорт залдарына күрделі жөндеу жүргізуді талап етеді.

Жалпы, биыл облыс бойынша  күрделі жөндеу жүргізуді қажет ететін 80 мектеп анықталған болса, қаржыландыру тек  сегіз мектепке ғана қарастырылыпты. Бүгінгі күні сегіз мектептің екеуінің жөндеу жұмыстары 30 тамызға дейін аяқталатын болса, 1 қыркүйектен кейін кесте бойынша бес мектепте де  жөндеу жұмыстары бітеді.

– Жалпы, барлық оқу орындары оқу жылының басталуына дайын. Барлық мектептерде әктеу және бояу жұмыстары аяқталған, – дейді департамент басшысы З.Махсұтова.

Бүгінгі күні департамент мамандары мониторинг барысында анықталған кемшіліктер бойынша тиісті орындарға арнайы хат әзірлеп жатыр.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button