АбаттандыруЖаңалықтар

Облыс орталығында жаңа жағалау құрылысы жалғасуда

Жаңа жағалаудың ашылуы күз айларына жоспарланып отыр.

Жұмыс барысы мен сапасын қадағалау мақсатында Жақсылық Омар аралап шыққан нысандардың бірі – жаңа жағалаудың құрылысы болды, деп хабарлайды Didar ақпарат.         

Байқағанымыздай, Абай мен Шәкәрім даңғылдарын жалғайтын жол дайын.

Көп ұзамай мердігер көпір астындағы жолдың құрылысын бастайды.

Сонымен бірге жағалау сызығы тастармен нығайтылып, жаңа жағалаудың құрылысы жүріп жатыр.

– Бұл қатардағы жөндеу жұмыстары емес, жаңа жағалаудың құрылысы. Бес гектар аумақты алып жатқан болашақ демалыс орны тротуарлармен, автотұрақпен, велосипед жолымен және жарықтандырумен қамтылады. 1970 жылдардан бері қалада мұндай құрылыс болған жоқ. Бұл жоба қаламыздың дамуын көрсетеді,-деді шаһар басшысы Жақсылық Омар.

Мердігерлердің айтуынша, мұнда төрт субұрқағы бар саябақ алаңы салынады: олардың үшеуі – каскадты болса, біреуі – Арбаттағы сияқты балаларға арналған құрғақ субұрқақ. Балалар үшін экостильдегі алаң және ойнайтын алаң, спорт алаңы,  фудкорт пен сәндік аркалар салынады.

Демалыс саябағының дәл ортасында сұр граниттен жасалған Үлбіге қарай түсетін баспалдақ болады. Сонымен қатар, қайықшыларға арналған понтон жасайды. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін иттерін серуендетуге арналған алаң ұйымдастыру көзделіп отыр.

Жағалауда 600 түп ағаш отырғызылып, сәндік көшеттерден аркалар орнатылатындығы айтылды. Атқарылатын жұмыстар ауқымды. Сондықтан жаңа жағалаудың ашылуы күз айларына жоспарланып отыр.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button