Қоғам

Облыс чемпиондары анықталды

Облыс чемпиондары анықталды

Өскеменде ауыр атлетикадан жастар арасындағы біріншілік өтті. Облысымыздың 23 жасқа дейінгі зілтеміршілерін жинаған бұл жарыстың мақсаты күзде Талдықорған қаласында өтетін спартакиадаға мықты спортшыларды іріктеп алу болатын.
Негізінен Семей және Өскемен қалаларының спортшылары бақталасқан сайыста семейліктер басым түсті. Әсіресе Семейден келген зілтемірші қыздар жоғары ұпайларға ие болғанын айта кетуіміз керек. Алты салмақ категориясының төртеуінде семейлік қыздар айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, 48 келіге дейінгі салмақта Елизавета Белоусова мен 75 келіге дейінгі салмақты Екатерина Быкова өзгелерден озық шықты.
Ал жігіттер арасындағы облыс чемпионы атағын жерлесіміз Никита Головков жеңіп алды. Ол 62 келіге дейінгі салмақта 195 (85+110) келі зілтемірді көтеріп, бұған дейін чемпион атанып келген Владимир Васильевтің көрсеткішін артқа тастады.
94 келіге дейінгі салмақта Ринат Қалиақберов чемпион атанды. Ол бұған дейін Қазақстан кубогынан қола жүлдемен оралған, болашағынан зор үміт күттіретін спортшы екендігін естеріңізге сала кетейік. Аталмыш салмақта 282 келі салмақты көтерген Ринатқа шақ келер қарсылас болмады.
Қалиақберовтан жоғары салмақта өнер көрсеткен тағы екі спортшы үздіктер қатарынан көрінді. Олар – 295 келіні көтерген семейлік аса ауыр салмақтағы Евгений Колесников пен өскемендік Иван Глушко.
Енді жарыстан іріктелген чемпиондар ауыр атлетикадан облыс құрамасының қатарына алынып, күзде Алматы облысында өтетін республикалық чемпионатта бақ сынайтын болады.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button