Білім

Облыс білімінің озаттары марапатталды

Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен 8-наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі күніне орай облыстың білім саласына елеулі үлес қосып жүрген үздік мұғалімдер қауымына арналған «Шын жүректен» атты салтанатты жиын өтті.

Облыс білімінің озаттары марапатталдыҚазақ халқының дәстүрлі әсем әні, тәтті күйімен шымылдығын түрген жиынға облыстық білім басқармасының бастығы М.Ахметова, осы салаға еңбек сіңірген ардагер ұстаздар, өңірдегі білім мекемелері мен орталықтардың жетекшілері, сондай-ақ, білім басқармасының қызметкерлері, барлығы 200-ге тарта адам қатысты.

Ауа райының қолайсыздығына қарамай, облыстың түкпір-түкпірінен ат арытып жеткен мұғалімдерді мерекемен құттықтаған білім басқармасының бастығы Мәдениет Ахметова білім саласының ардагерлеріне алғыс білдіріп, мұғалімдердің еңбегіне жеміс, жанұяларына амандық тіледі.

Шара барысында «Педагогика ардагерлері», «Мектеп кемесінің капитандары», «Жаңашыл ұстаздар» деп аталатын және тағы да басқа барлығы он бір аталым бойынша ардагерлерден бастап, мектеп директорлары, олардың орынбасарлары мен үздік мұғалімдер, қаржы саласының мамандары және сенімді әріптестікте бірлесе қызмет етіп жатқан қайсыбір мекеме басшылары мен өкілдері марапатталып, жиналғандарға жүрекжарды тілектерін білдірді.

Өздері басқарып отырған ұжымдарын тек жақсы қырынан ғана көрсете білген «Мектеп атты алып кеменің капитандары» деп танылған Бородулиха, Зырян, Катонқарағай, Күршім, Аягөз, Үржар аудандары мен Курчатов, Семей, Өскемен қалаларының жекелеген мектеп басшылары сахнаға шақырылып, кеш жүргізушілерінің түрлі әзілдерге құрылған тосын сауалдарына жауап берді.

Сондай-ақ, сахна төріне білім саласында 40 жыл үздіксіз қызмет еткен абайлық ардагер-ұстаз Гүлмира Шәйкенқызы, үлкеннарындық жаңашыл-ұстаз Гауһар Садықова және тағы да бірқатар педагогтар шақырылып, сый-сияпатқа ие болды.

Облыстың озат ұстаздарына арналған салтанатты шара көркемөнерпаздардың әзірлеген мерекелік концертіне ұласты.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button