Мәдениет

Облыс аумағында ауқымды археологиялық зерттеулер жүргізіледі

Облыс аумағында ауқымды археологиялық зерттеулер жүргізіледі

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша биыл жазда облыс аумағында бес тарихи орынға ауқымды археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Нұрмұханова мен жоба жетекшілері брифингте баяндады.
Раушан Нұрмұханованың айтуынша, зерттеу нысандарына Берел, Шілікті қорымы, Аблайкет қамалы, Қырықүңгір және Қырықоба қорымдары мен Елеке сазы қорымдары енгізілген. Қазба жұмыстарын жүргізуге биыл облыстық бюджеттен 100 миллион теңге бөлініпті. Зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін отандық ғалымдарымен бірге Ұлыбритания, Италия, Бельгия, Венгрия, АҚШ, Австралия, Түркия, Қытай, Үндістан және Ресейдің археологтары атсалысады. Жобаға археологтармен бірге жоғары оқу орындарының студенттері де қатысып, құнды тәжірибе алуға мүмкіндік туып отыр.
Берел қорымын зерттеу жобасына Зейнолла Самашев жетекшілік ететін болыпты. Ал Аблайкет қамалын тереңдей зерттеу жұмысына жетекшілік етуді Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Карл Байпақов мойнына алыпты.
– Біз зерттегелі отырған Аблайкет қамалының тарихы жұмбаққа толы. Мұнда жоңғар хандығы тұсында алып діни қорған тұрғызылған. Ең бастысы – Аблайкет қорғанынан табылған мұралар кейінгі зерттеулерді қолға алуға сеп болды десе де болады. Жаңа архелогиялық әдістер жаңа қазбаларды табуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз, – дейді К.Байпақов.
Облысымызда іске асып отырған бұл жобаны «Мәдени мұра» бағдарламасының жалғасы дейді Шілікті қорымы жобасының жетекшісі Әбдеш Төлеубаев. Оның айтуынша, Шығыс өңірі – тарихшылардың ерекше қызығушылығына ие мекен. Өңірдің тарихи мұралары мен мәдени орындарының Еуразия континентінде ойып алар орны бар.
– Берел, Шілікті обалары, сақ мұралары, мәдени-этникалық дәстүрдің жалғасуы – осы өңірде ерекше байқалатыны құпия емес. Сақ ескерткіштерін зерттеу арқылы ежелгі тарихтың жұмбақтарын шешуге үлес қосқымыз келеді. Шілікті обалары, расында, өткен ғасырдың елуінші, алпысыншы жылдары зерттелген. Біздің күш салуымызбен зерттеу жұмыстары 2000 жылдардың басында қайта жанданып, Бәйгетөбеде «Алтын адам» ескерткіші табылғанын да баршаңыз білесіздер. Қазіргі таңда «Алтын адам» Астана қаласындағы Ұлттық музейде тұр. Бұл обалар зерттелді, ендігі зерттеудің қажеті қанша деген сұрақ туындауы мүмкін? Негізінде, менің ойымша, Шілікті жазығында әлі де аршылмаған тарих жұмбақтары баршылық. Бұл аумақта этномәдени үрдістердің сан алуаны болып өткен. Ерте сақ ескерткіштері сақ-скиф мәдениетінің басталғанынан хабар береді, – дейді Ә.Төлеубаев.
Абай, Аягөз аудандарындағы Қырықүңгір қорымы, Қырықоба қорымдары бойынша жоба жетекшісі Ұлан Үмітқалиевтың айтуына қарағанда, бұл өңірлерде зерттелмеген тарихи орындар жетерлік.
– Қырықүңгір қорымы Абай ауданының Тоқтамыс ауылы Шаған өзенінің бойында орналасқан. Қорымнан ерте және соңғы қола дәуірінің, темір, ғұн-сармат, түркі дәуірінің бірнеше қабатты құрайтын екі шақырымға созылған ескерткіштерін тізімге алдық. Оның ішінде зерттеуді қажет етіп тұрған – соңғы қола дәуіріне жататын төрт бұрышында ірі-ірі тастары бар, Биғазы Сәндібай замандас тас ескерткіштер. Біз өткен жылы шет жағасын зерттедік. Бұл өңірде сонымен бірге Шығыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстанды байланыстыратын ортақ мәдени құндылықтар бар. Жазда Польшадан ғалымдар келеді. Жұмысымыздың жетістігін алдағы уақытта көретін боласыздар, – дейді Ұ.Үмітқалиев.
Елеке сазы қорымы бойынша зерттеу жүргізетін топтың жетекшісі Ерден Оралбайдың сөзіне сүйенсек, олар ерте темір дәуірінің ескерткіштеріне үңілмек.
– Шығыс Қазақстанда 2008 жылдан бері Абай, Тарбағатай аудандарында барлау жұмыстарын жүргізіп келе жатырмын. Ескерткіштерді құжаттау, есепке алу жұмыстарын қолға алып, Тарбағатай ауданы бойынша 86 ескерткішке паспорт жасадық. Осы кезде біздің ерекше көзімізге түскен – Елеке сазындағы ескерткіштер. Келешекте әлеуеті өте зор ескерткіштерді осы жерден табамыз деп отырмыз. Неге десеңіз, бұл жерде өздеріңіз көргендей жалпы алты қорым орналасқан. Олардың бірі түркі дәуіріне, бесеуі ерте темір дәуіріне жатады. Сондықтан сақ-скиф ескерткіштерімен көне түрік ескерткіштері арасындағы байланысты анықтаймыз, – дейді Е.Оралбай.
Жоба жетекшілері бұл жолғы ауқымды зерттеу өңіріміздің, еліміздің мұражайларына тыңнан олжа салады деген үміттерінің бар екенін жасырмады.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button