Мәдениет

Қоғамның өркендеуіне БАҚ-тың қосатын үлесі зор

Қоғамның өркендеуіне БАҚ-тың қосатын үлесі зор

Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қағаз бен қаламды жанына серік еткен, қызығы мен шыжығы мол кәсіптің тізгінін ұстаған журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, құрмет көрсетті. Өскемендегі көрікті жерлердің бірі – Ертістің сол жағалауындағы «Аралдар резиденциясы» мәдени-демалыс орталығында өткен форумға өңірдегі барлық БАҚ өкілдері қатысты.

Қаламгерлер қауымына осындай ерекше мереке ұйымдастырған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ қаламы жүйрік, ойы ұшқыр әріптестерге ізгі тілегін арнап, байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтады.

– Халық пен биліктің арасындағы алтын көпірге айналған бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі ерекше. Халық өзінің мұң-мұқтажын сіздерге айтып, шешілмей жатқан мәселелерін сіздер арқылы шешеді. Еліміздің, облысымыздың экономикасын дамытуда, қоғамның өркендеуінде БАҚ өкілдерінің қосқан үлесі зор. Өйткені, журналистер көтерген сан-салалы мәселелер халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, кемшіліктерді жоюға ықпал етеді. Мемлекет басшысы сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалайды, құрметтейді. Біз де Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында биыл он екінші рет БАҚ қызметкерлеріне облыс әкімінің жүлдесін табыс етіп отырмыз.

Егемендік алған кезден бастап елімізде ақпарат құралдарына еркіндік, сөз бостандығы берілді. Сіздердің жұмыстарыңызға ешқандай шектеу қойылған жоқ. Соның бір дәлелі болар, бүгінгі күні өңірімізде 132 бұқаралық ақпарат құралы, 59 республикалық БАҚ-тың меншікті тілшісі жемісті еңбек етуде. Бұл әрине, мемлекетіміздің демократияны нығайту бағытында жасап жатқан жұмысының нәтижесі. Өз басым сіздермен алтыншы жыл жұмыс істеп келемін. Сіздер облыс басшылығына үлкен көмек көрсетесіздер. Қыстың аязы мен жаздың аптабына қарамай қасымызда жүріп, ақпаратты дереу халыққа жеткізуге тырысасыздар. Соның бәріне үлкен рақмет.

Алдымызда әлі талай шаруалар күтіп тұр. Мемлекет басшысы аймағымызға келгенде бірқатар тапсырмалар берді. Сол тапсырмаларды орындауда сіздердің көмектеріңізге арқа сүйейміз. Жалпы, біздер тізе қосып жұмыс істейтін болсақ, халықтың жағдайы жаман болмайды. Бүгінгі төл мерекелеріңіз құтты болсын, сіздерге зор денсаулық, шығармашылық табыс, шаңырақтарыңызға құт-береке тілейміз, – деп мереке иелеріне ақжарма лебізін арнаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ өңірлік журналистиканың дамуына үлес қосқан бірқатар сала мамандарын облыс әкімінің сыйлығымен және мадақтамалармен марапаттады.

Бұл күні сый-құрметке бөленген әріптестеріміздің қатарында облыс әкімінің сыйлығын «ТВК-6» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің редакторы Алина Амерканова, «Қазақстан-Семей» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің редакторы Әсел Момынжанова, «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының шеф-редакторы Айдана Дайырова, «Дидар» газеті ақпарат бөлімінің меңгерушісі Серік Әбілхан, «Рудный Алтай» газетінің фототілшісі Сергей Суров және басқалар иеленді.

Сонымен қатар, форум барысында әртүрлі салада мемлекеттік басқару органдары қарауындағы мәселелер бойынша қалам тартып, жұртшылықты ақпаратпен сусындатып жүрген журналистерге облыстық басқармалар мен департаменттердің, жоғары оқу орындарының жүлделері табыс етілді. Өскемен қаласы әкімінің сыйлығы үшін өткізілген «Қалам-2014» байқауының жеңімпаздары алқаланды.

«Дидар» газетінің фототілшісі, әріптесіміз Есімхан Орынбаев облыстық ішкі саясат басқармасының сыйлығын және грамотасын иеленді.

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің сыйлығымен «Шығыс-Ақпарат» медиахолдингі марапатталса, қаланың қоғамдық-саяси өмірін жан-жақты көрсеткені үшін Өскемен қаласы әкімінің сыйлығы «Қазақстан-Өскемен» телеарнасы ұжымына тапсырылды.

Аппақ шатырдың астында, ақ дастарқан басында риясыз көңіл күйде өткізілген салтанатты кеш өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Сахна саңлақтары да аянып қалған жоқ. Қоғамның айнасы болған тілшілерді төл мерекесімен құттықтап, ән мен жырдан шашу шашты. Ағыл-тегіл ақ тілектерін ақтарды.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button