Экономика

Қоғамдық көліктер электронды төлем жүйесіне көшеді

.Қоғамдық көліктер электронды төлем жүйесіне көшеді
Елбасының бастамасымен қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру барысында Шығыс Қазақстанда жүйелі жұмыс жүргізілуде. Облыс басшылығы цифрлық технологияларды барлық салаға енгізуді мақсат етіп отыр. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын анықтайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – осы цифрландыру жұмыстарының деңгейі.
Облысымызда білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін Интернет желісіне 100 пайыз қосу міндеті тұр. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша Өскемен мен Семейдегі қоғамдық көліктерді электронды билеттендіру жүйесіне көшіру көзделуде.

«Дамумедтің» көмегіне жүгініп көріңіз
Қоғамдық көліктер электронды төлем жүйесіне көшеді

Қазіргі кезде өңірдегі медициналық мекемелердің әлемдік желіге қосылу үлесі 100 пайыздық дәрежеге жақындап қалды. Алдағы қыркүйек айына дейін жоспарға сай денсаулық сақтау саласы нысандары компьютерлермен толық қамтылуы тиіс.
Осы жылдың 1 шілдесіне дейін облыстағы 63 медициналық мекеме электронды қағаз айналымына тұтастай ауысқан.
Сондай-ақ, «Дамумед» телефонға арналған қосымшасының қолданушылар саны да күн санап артып келеді. Аталмыш қосымша арқылы тұрғындар дәрігердің кезегіне жазыла алады. Сондай-ақ, дәрігерді үйге шақыруға, сырқаттық парақшаларды, зертхана анықтамаларын, дәрігер тағайындаған ем-шараны, рецептерді алуға болады. Осы бағдарлама арқылы пациенттер уақыттарын үнемдейді және ол кез келген уақытта қолжетімді.
Электронды кезектің ыңғайлылығы мен ашықтығы сала жұмысының тиімділігін арттыруға септеспек. Мәселен, жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда осы жүйе арқылы 100 000 дәрігерге жазылу іске асырылыпты.
Мамандардың есептеуі бойынша, медииналық мекемелерді электронды қағаз айналымына көшіру дәрігерлердің уақытын 50 пайызға дерлік үнемдейтін көрінеді.

Әрбір 8 сегіз оқушыға 1 компьютерден келеді

Білім беру саласын цифрландыру да маңызды міндеттердің бірінен саналады. Аталған бағыттағы жұмыстар елімізде ертерек қолға алынған. Сол себепті қазір нәтижесі де жаман емес. Айталық, облыс мектептерінде қазіргі кезде 25 680 компьютер бар. Бұл – әр 8 оқушыға 1 компьютерден келеді деген сөз. Бұған қоса, аймағымызда қолға алынып отырған бірегей «Менің мектебім» акциясы аясында мектептерге тағы қосымша 3800 компьютер сатылып алынбақ.
Алдағы уақытта өңірдегі 286 мектепке Wi-Fi желісі орнатылатын болады.
Сонымен қатар, биылғы оқу жылынан бастап облыстағы 277 толықкомплектілі мектепте ІТ-сынып ашылмақ. Олар роботты техника кабинеттері базасы негізінде құрылғалы отыр. Үкімет тапсырмасына сай бүкіл еліміз бойынша 1 мың ІТ-кабинет ашу жоспарланып отырғаны белгілі. Биыл солардың ең алғашқылары, яғни 277-сі Шығыста іске кіріспекші. Осы сыныптарда бағдарламаландыру пәні бойынша сабақ беретін ұстаздардың жаз бойы арнайы курстардан өтіп, өз біліктіліктерін арттырғанын атап өткен лазым.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов аталмыш сыныптарды толық қаржыландыру, оларға арналған бағдарламаларды әзірлеу бойынша нақты тапсырмалар беріп отыр.

«Ақылды» есептегіштер мәліметтерді өздері береді

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына да заманауи цифрлық технологиялар дендеп енуі қажет. Электр энергиясын, суық және ыстық суды есептейтін құралдар мәліметтерін автоматты түрде орталықтарға жіберіп отыратын болады. Бұл бақылаушылар жұмысын жеңілдетіп, қызмет сапасын арттыруға ықпал етпек. Мәселен, облыстағы жалпы саны 1231 үйге жалпыүйлік жылу есептегіштер орнатылған болатын. Тек Өскемендегі екі үй бойынша жүргізілген есепетеулер аталмыш құралдардың тұрғындар қаражатын 50 пайызға дейін үнемдегенін көрсетіп отыр.
Қалалардың көшелерін жарықтандыру ісі де осы бағдарлама аясында атқарылуда. Келер жылдың соңына дейін 25 мың жаңа шамдал орнатылады. Жарықдиодты шамдар электр қуатын екі есеге дейін аз тұтынатынын ескерер болсақ, нақты бір жылда 300 миллион теңге қаражат үнемделмекші.
Тағы бір жаңашылдық – қоғамдық көліктерді GPS жүйесіне қосу. Яғни, жерсерік арқылы көліктің барлық қозғалысы қадағаланып отырмақ. Осы мәліметтер негізінде авобустардың қатынау жиілігін, бағытын үйлестіріп отыруға, яғни жалпы қызмет сапасын жақсартуға болады. Әзірге, Семей қаласында тұрғындар ИНФОБАС қосымшасын қолдануда. Олар тедлефондары арқылы автобустың қай жерде келе жатқанынан хабардар бола алады.

Кондукторлардан арылатын күн алыс емес
Қоғамдық көліктер электронды төлем жүйесіне көшеді

Алда тұрғын ауқымды жұмыстың бірі – қалаішілік қоғамдық көліктерді электронды билеттендіруге көшіру. Үйреншікті болып кеткен кондукторларды алдағы уақытта көрмейтін боламыз. Электронды билетке ауысу атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, тұрғындар үшін жылдам әрі ыңғайлы болмақ, сонымен қатар тасымалдаушылардың салықтан жалтаруына тосқауыл қоймақ. Десек те осы істі жүзеге асыруда Өскемен әкімдігі сылбырлық тантыуда. Олар аталмыш жүйені әлі алмаған және 450 кондуктормен қош айтысуға асығар емес. Осы ретте аймақ басшысы қала әкімдігінің ісін сынға алып, тапсырманы талапқа сай әрі тездете орындауды міндеттеді.

Бейнекамералар саны күрт өседі
Қоғамдық көліктер электронды төлем жүйесіне көшеді

Қазір Өскемендегі көшелерде 28 бейнекамера жұмыс істеп тұр. Бұл аз ба, көп пе? Аз десеңіз, осы жылдың соңына дейін олардың саны 4 мыңға жетпек! Халқы 300 мыңнан асатын шаһарда осыншама камераның болуы әлбетте қоғамдық тәртіпті жақсартары сөзсіз. Электронды «көздер» енді біздерді жолдардың бойында ғана емес, сондай-ақ кісі көп жүретін қоғамдық орындарда, мектептер мен аруханаларда, аулаларда, подъездердің алдарында да жіті қадағалап тұрмақ. Өскеменнен кейін бұл істі Семей қаласы қолға алады. Қала әкіміне тиісті тапсырмалар жүктеліп отыр.

«Қоғамдық қабылдау» 1 қарашада іске кіріседі

Алдағы 1 қарашада облысымызда «Қоғамдық қабылдау» цифрлық порталы іске қосылмақ. Бұл – тек Шығыс Қазақстанда ғана қолға алынып отырған бірегей жоба. Кез келген облыс тұрғыны атқарушы билік органдарына өздерін алаңдатқан саулдарын қойып, тиісті жауабын осы портал көмегімен ала алмақ. Бұл мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттырып, ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.

Қос шаһардың электронды картасы әзірленуде
Қазір Өскемен мен Семейдің электронды карталары жасалуда. Ол интербелсенді картадан бос жер телімдері, инженерлік коммуникациялар – жылу, ауызсу, кәріз құбырлары, электр, байланыс сымдары туралы ақпарат алуға болады. Жұмысты қарағандылық «Геоинфо» серіктестігі атқарып жатыр. Облыс әкімінің мұрындық болумен қолға алынған аталмыш карта өз ісін ашам деген кәсіпкерлерге, жалпы кез келген тұрғынға өте пайдалы болмақ. Сонымен қатар, бұл іс саланың ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлықтың да жолын кесуге септеспек.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button