Оқытудың озық үлгісі

Өскеменде «Қазақстанның жаратылыстану-ғылыми циклі мен ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған жобалық оқыту негізінде кәсіби даму» бағдарламасына қатысқан облыстың 20 мұғалімінің жобасының тұсаукесері болды. Орта мектептерде үштілді білім беруді жетілдіру мен қатысушылардың оқу-әдістемелік материалдарын байытуды көздеген жобаны еліміздегі АҚШ елшілігі қаржыландырған.
Бүгінгі таңда үштілді оқыту жүйесі білім беру саласына терең енгізіліп жатқаны белгілі. Осы орайда аталған жоба үстіміздегі жылдың сәуір айында бастау алған болатын. Алдымен Болл Стейт (Boll State University) зерттеу университетінің профессорлары Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Өскемен және Ақтөбе қалаларының 50 ғылыми-жаратылыстану және 50 ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне жобалық оқыту негізіндегі кәсіби даму тренингін өткізеді. Ал мамыр-маусым айларында 100 мұғалім онлайн курстан өтіп, кейін олардың барлығы шілде айында Назарбаев университетінде өткен үш апталық тренингке қатысуға мүмкіндік алады.
Назарбаев университетінде ұйымдастырылған үш апталық мүғалімдерге арналған кәсіби даму бағдарламасының жабылу салтанатында Қазақстандағы АҚШ елшілігінің мәдени жұмыстар жөніндегі атташесі Энн Перрелли үштілділіктің жақсы бастама екендігін айтып, қазақстандық мұғалімдердің ағылшын тілін білу деңгейін көтеретін бұл жобаға АҚШ елшілігі қуана-қуана қолдау білдіргенін жеткізген болатын.
Міне, осынау бағдарламаға шығысқазақстандық 20 мұғалім қатысып, өздерінің білімі мен біліктілігін жетілдіріп, шыңдаған болатын. Сол 20 мұғалім Болл Стейт зерттеу университетінің профессорлары қатысқан тренингтің жабылуында өз жобаларын ұсынды.
«Төңкерілген сынып бөлмесі»
Мысалы, Өскемендегі дарынды балаларға арналған облыстық IT-мектеп-лицейінің мұғалімдері «Flipped classroom» жобасын таныстырды. «Flipped classroom» деген не? Мұны қазақшаға аударғанда «Төңкерілген сынып бөлмесі» деген мағына береді. Мұғалімдердің айтуынша, оқытудың бұл әдісі АҚШ-та өте кең тараған. Мұның дәстүрлі сабақтан қандай айырмашылығы бар? Әдетте дәстүрлі сабақта мұғалім тақтаның алдында тұрып сабақ түсіндіріп, ал оқушылар құлықсыз тыңдайтын болса, «төңкерілген сынып бөлмесінде» мұғалім өзінің сабағын видеоға жазып алады. Мұғалім дәрістің негізгі ұғымдарын тақтаға жазып немесе слайд түрінде көрсете отырып түсіндіруді де ұмытпайды. Осыдан кейін тақырыпты вацап арқылы оқушыларына жібереді. Оқушы үйге келген соң, видеоны қарап отырып мектепте түсінбей қалған сабағын қайтадан зердесіне сіңіруіне мүмкіндігі бар. Осылайша, оқушы сабақты пысықтау барысында бірнеше ресурсты, яғни материалды, мәтінді, мұғалім сілтеме жасаған интернет сайттарды және басқаларын пайдалана алады.
– Мен бұл экспериментті үшінші сынып оқушыларымен жүргізіп көрдім. Бірақ бұл мен үшін аздап қиындық туғызды, өйткені үшінші сынып оқушыларында мұғалім түсірген видеоны өздігінен ашып көру дағдысы әлі қалыптаса қоймаған. Эксперимент сегізінші сынып оқушылары үшін өте ыңғайлы. Жақсы нәтиже берді. Бірақ біз үшінші сыныптан бұл экспериментті алып тастамаймыз, өйткені жақсы эмоция өте көп болды. Олар әлі күнге дейін әр видеоны асыға күтеді, – дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Евгения Литвинова.
Электронды сөздіктің пайдасы көп
Ал дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының ағылшын тілі мұғалімі Алтыншаш Серкенова, физика пәні мұғалімі Бұлбұлан Қасымова және дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының ағылшын тілі мұғалімдері Толқын Айкенова мен Жұлдыз Бағданбекқызы физика терминдерінің сөздігін әзірлеген екен. Физика пәні мұғалімдеріне арналған электронды сөздікте физика пәні терминдерінің қазақша, ағылшынша, орысша айтылуынан бөлек, олардың үш тілде қандай құбылыс екендігі де түсіндірілген. Бұл физика пәні мұғалімдеріне арналған қосымша материал болмақ.
– Бұл сөздікті біз Нұр-Сұлтаннан келген соң қолға алдық. Әзірге бірінші тоқсанның материалдарын қамтыдық. Алдағы уақытта сөздікті толықтырамыз. Біз бұл сөздікті дискіге жазып та шығардық, сондай-ақ интернет желісі арқылы да бір-бірімізге бере аламыз, – дейді Толқын Бағданбекқызы.
Семейдің Ш.Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» ерлер мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі Бахтыгүл Есжанова бастаған топ «Ұшақ қанатының көтеру күші» туралы жоба әзірлеген екен.
– Бұл шағын жоба көлемді материалды азғана уақыт ішінде оқытуда өте ыңғайлы, – дейді Бахтыгүл Есжанова. Оның айтуынша, бұл жобаға оқушылардың өздері өте қызығушылық білдіріпті.
Сондай-ақ Болл Стейт университетінің профессорлары қатысқан тренингтің жабылуында ұсынылған тағы бір жоба – «STEM (Science, technology, engineering, and mathematics) және ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған оқыту ресурстары» деп аталады. Мұнда айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым секілді төрт дағдыға байланысты ойын түрлері, әртүрлі әдістер мен материалдар жинақталған екен.
– Жалпы, осынау жобаның арқасында көптеген пайдалы нәрсе үйрендім. Өміріме, кәсібіме жақсы бір жаңалық әкелді. STEM бағытындағы технологиялар көп қолданылды. Веб-сайт жасауды, видео әзірлеуді үйрендік. Алдағы уақытты бұл веб-сайтты әрі қарай дамытамыз, – дейді дарынды балаларға арналған облыстық Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернатының мұғалімі Анар Дәулетханқызы.
Жалпы, кейде жаратылыстану циклі пәні мұғалімдері үшін ағылшын тілін білу міндетті емес деген пікірді де құлағымыз шалып қалады. Бірақ ағылшын тілін білу әлемдегі ең үздік ресурстарға есік ашатынын ұмытпаған абзал. Ағылшын тілін білу – жаңа мүмкіндіктер екенін естен шығармау қажет.
– Жобаның мақсаты – ағылшын тілі мен жаратылыстану – ғылыми циклі мұғалімдерінің мүмкіндігін кеңейту, олардың ынтымақтаса, бірлесе жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасау. Сонымен қатар үштілді білім беруге көшу барысында қазақстандық мұғалімдерге қолдау көрсету. Оқыту барысында оларға екі түрлі дағдыны үйретуге тырыстық. Бірінші, ағылшын тілінде ауызекі сөйлеу деңгейін көтеруге тырыссақ, екінші кезекте жобаны әзірлеудің қыр-сырын үйреттік, – дейді Болл Стейт университетінің профессоры Мэри Тереза Сайг.
– Бұл жобаға қатысқаныма қуаныштымын. Біріншіден, еліміздің түкпір-түкпірінен келген әріптестермен пікір алмасудың, араласудың сәті түсті. Екіншіден, кәсіби біліктілігімді жетілдірдім, – дейді Өскемендегі IT-мектеп-лицейінің мұғалімі Валерия Антоненко.
Шараның соңында қатысушыларға Болл Стейт университетінің ресми хаты табыс етілді. Аталған жоба алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Мейрамтай Иманғали