Оқушылар тың жобаларымен таңғалдырды

Енді шығысқазақстандықтарға су тасқыны қорқынышты емес. Өйткені мұндай табиғи апаттың алдын алудың тиімді жолы табылды. Оны Руслан Тоқаев ойлап тапты. Ол – облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушысы.
Руслан бұл жобасын «Цифрлық Шығыс» ІТ-форумында ұсынды. Форум облыс әкімдігінің инвестициялық орталығында өтті. Оған Өскемен, Семей қалалары мен Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Аягөз, Үржар аудандарынан келген оқушылар қатысты.
– Облыстағы 655 мектептеІТ-сыныптар ашылды. Бұл бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға септігін тигізеді. Байқау жөнінде айтар болсақ, балалардың ұсынып отырған жобалары көңіл қуантады. Әсіресе «Теңге алу», «Ақылды мектеп» сынды жобаларды ерекше атап өтуге болады, – деді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Маргарита Гагарина.
Байқау барысында Үржар ауданынан келген Айдос Чаиков пен Жанболат Шәкенов «Ақылды мектеп» жобасын қорғап, қазылар алқасы тарапынан жоғары баға алды. Бұл жобаның ерекшелігі сол, аталмыш құрылғының көмегіменкабинеттерге жарықтың мол түсуін қамтамасыз етуге болады. Сондай-ақ мектептегі ауатемпературасын өлшеп, көмірқышқыл газының мөлшерін реттеп отыруға мүмкіндік беріледі. Ал Русланның жобасы болса, су тасқынының алдын алуға септігін тигізеді.
– Құрылғыны іске қосу үшін 12-24 вольттық ток күші болса жеткілікті. Менің пайымдауымша, осы жобаны жүзеге асыруға кемінде 100 мың теңге қажет, – деді ол.
Байқауда білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы саласын дамыту салалары бойынша тың жобалар ұсынылды. Оның ішінде мектеп оқушыларының денсаулығын тексеріп, ата-ана мен медбикенің өзара пікір алмасуына мүмкіндік беретін «Педиатр» жобасын ерекше атап өтуге болады. Жоба авторы – Дарья Кавригина. Ол облыстық мамандандырылған ІТ-мектеп-лицейінің оқушысы.
- Медбике баланың денсаулығы нашарлағанын анықтаса, оның ата-анасына онлайн түрде хабарлама жолдай алады. Ол хабарламаның мәтінінде науқасқа қандай күтім жасау керектігі туралы толық мәлімет беріледі, – деді Дарья Кавригина.
Байқауға барлығы 15 үміткер қатысты. Конкурс мақсаты- тиімді ІТ-шешімдер мен стартап-бастамаларды іріктеп, қаржылай қолдау көрсету. Бұл ретте қатысушылардың дені оқушылар екенін және олар негізінен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін, халықтың тұрмыс сапасын жақсартатын жобаларды ұсынғанын айта кеткен жөн.
– Байқау жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Биыл оған қатысушылардың саны екі есе артты. Бұл – қуантарлық көрсеткіш, – деді Марина Гагарина.
Байқаудың жеңімпаздары«Цифрлық Шығыс» ІТ-форумында анықталып, марапатталады.
Ажар Сағатбекова