Аймақтар аухалы

Nur Otan мүшесі жауапкершілікке тартыла ма?

Тасқын Болатұлы

Тарбағатай ауданы, Тұғыл ауылындағы «жырға айналған» ауызсу мәселесіне қатысты «Nur Otan» партиялық бақылау комиссиясының отырысы болды. Оған ауылға ауызсу тартқан мердігер әрі аталмыш партияның мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Нәбиев те (онлайн режимде) қатысты. Комиссия мүшелері мердігерге сұрақтар қойып, партияластарының бірі оны жауапкершілікке тарту керегін ұсынды.

Анықтап айта кетейік, сәуір айынан бері Тұғыл халқы ауызсуға жарымай отыр. Мәселе содан бері республикалық телеарна мен газеттерде және әлеуметтік желілерде үздіксіз көтеріліп келеді. Бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген мәлім еткендей, республикалық «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында «ПМК Құрылыс» компаниясы жүргізген жұмыс үш жылдық кепіл уақыты бітпей жатып сыр берген.

– 31 құдықта баспалдақ орнатылмаған. 20 құдықтың «стяжкасы» үгілген. Екі құдықтың қақпағы жоқ. Резервуардан су ағып жатыр. Оны толық ашып-жауып, қалпына келтіру керек. Сүзгіні де жөндеу қажет. Насостық ғимараттың төбесіндегі желдеткіш қақпақтары жоқ. Автоматика істен шыққан. Осының барлығы жуықта жүргізілген арнайы тексеруде белгілі болды. Жалпы 18 миллион 279 мың теңгенің жұмысы орындалмаған екен, – деген Мұхтар Төлеген жұмысты қол қойып қабылдап алған аудан әкімдігін сынға алды.

Аудан әкімі Асхат Смайыловтың айтуынша, бұл жобаға барлығы 817 миллион теңге бөлінген.

Әкім жиын барысындағы баяндамасында аудандағы 60 елді мекеннің 51-і ауызсумен қамтылғанын, енді үй саны 60-тан аспайтын шағын-шағын тоғыз ауыл ғана қалғанын айтады. «Келесі жылы аудан тұрғындарын 100 пайыз таза ауызсумен қамтимыз» деді әкім. Оның айтуынша, аудандағы Ақсуат пен Ақжардан кейінгі орынды алатын, бес мың халқы бар Тұғыл да ауызсумен қамтылған ауылдар тізіміне жатады.

Бақылау комиссиясының мүшесі Маржан Бахыт әріптестерінің ортасына мердігерді жауапқа тарту жөнінде ұсыныс тастады.

– Қайрат Нәбиев мырза – облыстық мәслихаттың депутаты, «Nur Otan» партиясының мүшесі. Бір сөзбен айтсақ, өзіміз секілді қоғамға бақылау жүргізіп, кемшіліктердің алдын алуға тиіс адам екен. Алайда бұл жерде партия беделіне нұқсан келгендей. Әріптестеріме бұл кісіні партия мүшесі ретінде жауапкершілікке тартуды ұсынамын, – деді Маржан Бахыт.

– Біздің білуімізше, компанияңызда үш-ақ маман бар екен. Мамандар санын арттырыңыз. Сонымен қатар жұмысшыларыңыздан құрылыс материалы жетіспейтіні жөнінде шағым да түсті, – деді Мұхтар Төлеген.

Жиын қорытындысында комиссия мүшелері «ПМК Құрылыс» компаниясына 10 қарашаға дейін уақыт берді. Жұмысты компания өз қаражатына атқарады.

– Мердігер 20 қарашаға дейін уақыт сұрады. Алайда ауа райы күрт бұзылса, жұмыс келесі жылға қалдырылуы мүмкін. Сондықтан 10 қарашаға дейін ғана мүмкіндік бердік. Бұл уақыт ішінде ештеңе орындалмаса, мәселе облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Даниал Ахметовтің алдына, бюроға қойылады, – дейді бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген.

Комиссия мүшелерінің айтуынша, мердігер бірінші рет мұрсат алып тұрған жоқ, алты айдан бері уәдемен «қатырып» келе жатыр.

 

Осы айдарда

Back to top button