Әншімен болған әсерлі әңгіме

Өскеменге Карина келді. Ағайынды Абдуллиндердің немересі бұл жолы біздің аймағымызға нәзік жан иелерін мерекемен құттықтау үшін ат басын бұрған екен.
«Luxury» мейрамханасына Карина Абуллинамен сырласып, сұхбат құру үшін 19 аудан мен қаланың ең белсенді ханымдары жиналды. Тоқсаныншы жылдары жұлдызы жарқырай жанған әншіні өңірдің іскер әйелдері Өскеменге аттай қалап алдырыпты. Оны кездесу барысында шараны ұйымдастырған облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары айтты.
«Гена айтпақшы, әкем – татар, шешем – орыс, мен – қазақпын» деп бастады әңгімесін әнші. Абдуллиндер әулетінің Өскеменнен түлеп ұшу тарихын еске алған Карина бұл өлкеге аяқ басқан сайын генетикалық жады жаңғыратынын айтады. Нағашы атасы да Глубокое ауданының Уваров ауылынан шыққан екен. Өңірдің беткеұстар ханымдары әншінің жеке өміріне қатысты көптеген сауалдар қойды. Каринаның кез келген сұраққа бүкпесіз жауап беріп, ақтарыла сөйлейтіні залдағы қыз-келіншектерді бірден баурап әкетті.
– 1995 жылы «ОРТ» арнасынан алғаш эфирге шықтым. Сол күні мен барлық құрбыларымды жоғалттым. Мені күллі ТМД-ға танытқан жалғыз сәт құрбыларымнан айырды. Содан түйген ойым мынау – әртісте адамзаттан дос болмайды. Болған күннің өзінде, өз жынысыңнан емес, – деген әнші 20 жыл сахнада жұптасып өнер көрсеткен Болат Сыздықовты көзіне жас ала отырып еске алды, – Болат барда, мен тайм-менеджмент мәселесіне бас ауыртпаған екенмін. Оны қазір түсініп жатырмын. Әке-шешем ерте ажырасып кетті де, шешем 1997 жылы қайтыс болды. Осы кезден бері Болат маған әке де, ана да, дос та, продюсер де болып келді. Бақыт деген құбылыс менің 20 жыл жанымнан бір елі қалмай жүріпті, – дейді әнші.
Өз хоббиі, сұлулықты сақтап қалудың құпиясы туралы тебірене сөз қозғаған Карина «Мұстафа Шоқай» фильміне түскен сәттерін де ерекше сағынышпен әңгімеледі. «Репертуарыңыздағы ең сүйікті әніңіз қайсы?» деген сұраққа Карина сәл ойланып барып, «Арман жолдар» деп жауап берді. Әннің мәтінін Шөмішбай Сариевке қалай жазғызғанын да жыр қылып айтты.
– Шөмішбай аға орысшаға шорқақ болатын. Менің қазақша жақсы түсінетінімді ұмытып, мәтінді аудара жөнелді. «Мұндағы ең негізгі сөз – «өмір солай» деген жол. Оны «өмір селяви» деп түсінсең болады деп күлдірді. Кейін бұл сөз анекдотқа айналды, – дейді Карина. Тыңдармандарын бір жылатып, бір күлдіре отырып сағаттан астам уақыт әңгіме құрған әнші аруларға сыйлық ұсынуды да ұмытпады. Тағы бір сағатқа жуық уақыт өзінің суреті басылған парақтарға қолтаңба үлестіруге кетті. Бірі баласына, бірі өзіне, бірі енесіне, бірі ұжымына құшақ-құшақ қолтаңба алғызып ханымдар мәз.
Бұдан кейін әншіні қаумалаған қауым облыстық тарихи-өлкетану мұражайын аралап, облыстық драма театрда қала қолөнершілерінің көрмесін тамашалады. Көңілді кездесу кешке қарай концертке ұласып, фуршетпен аяқталды. Тек бұл кеште Карина Абдуллина тыңдаушының рөлінде болды. Осылайша, өңірдің іскер әйелдері күнделікті күйбеңді бір сәтке ұмытып, көктем мерекесінің шуағына бөленді.
Есімжан Нақтыбай