Әнші, сазгер Гүлнар Даукенова: – Адам абыройсыздықтан қорқуы керек

Композитор, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Гүлнар Даукенованың есімі қазақ жұртына белгілі. Ол – Үржар ауданының тумасы, аудан орталығындағы Еркеғали Рахмадиев атындағы саз мектебінің түлегі. Мектепті оқып жүріп-ақ, республикалық домбырашылар сайысында жүлдегер атанған Гүлнар Алматыдағы Чайковский атындағы музыка мектебін, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны тәмамдаған. Содан бері ширек ғасыр табан аудармай Құрманғазы атымен аталатын академиялық халық аспаптары оркестрінде жемісті еңбек етіп келеді. Өнерлі жерлесіміз уақытының тығыздығына қарамастан, туған жеріне келіп, халыққа рухани кеш сыйлап тұруды да ұмытқан емес.
– Соңғы жылдары өзіңіздің жеке шығармашылығыңызға айтарлықтай мән беріп, композиторлыққа көбірек көңіл бөліп жүрген сияқтысыз…
– Әр адам өз тағдырын өзі жасайды деген ұғым бар. Өзім ес білгеннен ән мен жырға құмар болдым. Үржардың музыка мектебін, Алматыда училище, одан консерваторияға түсіп, бітірдім. Тіпті спортты да өнердің бір саласы деп қабылдап, сонау бір кездері жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасында болғаным да бар. Ол да болса менің тарихым, өз тағдырым. Өзіңді-өзің тәрбиелеуде спорттың алар орны ерекше. Жауапкершілікті сезініп, тәртіпке бағынып өсесің.
– Қазақтың «Ақ Баяны» аталып кеткен Мәдиниға біраз шығармалар арнапсыз…
– Айтулы ақын Әубәкір Нілібаев ағамыз бірде «талай жұптарды көріп едім, екі сазгердің қосылғанын көрмеппін» дегені бар. Сонау бір жылдары Мәдина Ералиеваға арналған «Сағындым сағым жылдар», «Күрең күз», «Шыңдағы шынарым-ай», сосын Мәдинаға арналған күй-поэмамды жазған болатынмын.
«Мәңгілік бала бейне» өзіме-өзімді мойындатты

– Соңғы жылдардағы шығармашылығыңызға тоқтала кетсеңіз…
– Әбдірахман Асылбековтің сөзіне жазылған «Мөлдір сезім» деген әнді жарыққа шығардым. Оны қосағым Донеділ екеуіміз орындап, таспаға кіргіздім. Сондай-ақ бұл күндері қазақ авторлары кеңесінің мүшесімін. Тағы бір айта кетер жайт, менің «Жасай бер, Қазақстаным» атты күйім қазақ радиосында «Қайырлы таң, Қазақстан» бағдарламасында орындалады. Бұл тыңдарманның құлағында болар, бірақ авторы мен екенімді біреу біліп, біреу білмес. Көп ретте сөзі мен әннің авторы бір жақта қалып, шығарма әншінің жеке меншігі сияқты хабарланып жататыны бар емес пе?! Менің «Сағындым сағым жылдар» әнімді бүкіл халық шырқайды. Мұхтар Әуезов театрындағы «Мәңгілік бала бейне» спектакліне ол лейтмотив болып алынған. Бұл талай жылдан бері көрсетіліп келеді. Егер шынымды айтсам, сол спектакльден кейін өзімді-өзім композитор ретінде мойындағандай болдым. Ал «Жасай бер, Қазақстаным» күйіме мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі ауқымды композиция қойып, салтанатты жиындарда орындап жүргеніне біраз жылдар болды.
Осыдан біраз жыл бұрын мемлекеттік тапсырыспен «Сағындым сағым жылдар» атты кітабым жарыққа шықты. Алғы сөзін қазақтың ұлы сазгері Еркеғали Рахмадиев жазған. Осы кітапқа жиырмаға жуық әндер мен он шақты партитуралар енген. Бұл да – мен үшін айтарлықтай қуаныш. Басқа да жеткен жетістіктерім қаншама. Бәрін тізіп айта беруге уақыт тар.
– Қазақтың көптеген өнер тарландарынан тәлім көрдіңіз, бірге жүрдіңіз. Өнерде неден қорқу керек?
– Консерваторияның үшінші курсында оқып жүріп, әйгілі дирижер, СССР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шамғон Қажығалиевтың таңдауынан өтіп, Қазақтың мемлекеттік академиялық Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестріне жұмысқа қабылдандым. Ол жерде 25 жыл жұмыс істедім. Оркестрдің домбырашылар тобының концертмейстерінің көмекшісі, оркестрдің солисі қызметін атқардым. Талай мемлекетте болдым. Халқымыздың біртуар талантты азаматтарымен сапарлас болдым. Мүмкіндік болса, айта кетейін: Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Әлібек Дінішев, Хорлан Қалиламбекова, Майра Мұхаметқызы сияқты. Бұдан басқа да ұлы тұлғалармен қаншама рет іссапарда бірге жүрдік, таныстық дегендей. Олардың адамгершілігі мен азаматтығы, өнерге деген сүйіспеншілігіне қарап бой түзедім. Кішіпейіл болу – әр адамға көрік беріп тұратын қасиет. Сазгер болған соң, әннің көңілге жағымды, сазды болғанын ұнатамын. Халықпен санасу керек. Олардың ой-пікірін қалай да есте ұстаған жөн. Ұлттық өнердің түп тамыры ұлттық сана-сезім, ақыл-парасат, тіпті ұлттық тәлім-тәрбиеден құралатынын еш уақытта ойдан шығармаған жөн дер едім. Адам абыройсыздықтан қорқуы керек. Өсек-аяң, көп сөзділіктен аулақ жүретінім содан.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.