Қоғам

Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО филиалының төрағасы, жазушы, ақын: – «Қартқожа» романының алғашқы редакциясы бар екенін бүгінгі оқырман білмейді

Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО филиалының төрағасы, жазушы, ақын:  -	«Қартқожа» романының алғашқы редакциясы бар екенін бүгінгі оқырман білмейді

Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Шығыс-Ақпарат» медиахолдингінің директоры Нұржан Қуантайұлы Қазақстан Журналистика академиясы жалпы жиналысының шешімімен осы Академияның толық мүшесі – академигі болып сайланды.
Отандық журналистиканың Мұрат Әуезов, Дариға Назарбаева, Ұлықбек Есдәулет, Владимир Рерих, Нұртөре Жүсіп сынды 50 ірі тұлғасы енетін Қазақстан Журналистика академиясы құрамында Нұржан Қуантайұлының академик атануы біздің басылым үшін де үлкен мәртебе, зор құрмет деп білеміз. Әріптесімізді «Академик дипломымен» құттықтай отырып, жаңа шығармашылық табыстар тілейміз!

Бүгінде Нұржан Қуантайұлының жетекшілігімен «Шығыс-Ақпарат» медиахолдингі қанатын кеңге жайып, нарық талабына сай оқырман үдесінен шығып келеді. Атап айтқанда, ғасырға жуық тарихы бар облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттерінің сапасы мен мазмұны жаңа деңгейге көтеріліп, таралымы арта түсті. Бұл сөзімізге дәлел ретінде облыстық «Дидар» газетінің Ақпарат және мәдениет министрлігінің былтырғы мониторингі бойынша еліміздегі облыстық газеттердің ішінде бірінші орында тұрғанын және облыстық «Рудный Алтай» газетінің биыл Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығын иеленгенін айтсақ та жеткілікті болар. Мұның бәрі білікті басшының тынымсыз жұмысының жемісі деп білеміз.

Нұржан Қуантайұлының жетекшілігімен Шығыс Қазақстанда тұңғыш рет қазақ тілінде ақпарат тарататын «Аltaynews.kz» сайты ашылып, бүгінде өңірдегі ғана емес, республика жұртшылығына қажетті мәліметтерді дер кезінде ұсынып келеді. Сонымен қатар республикалық «Отүкен» әдеби-көркем журналы жарыққа шығып, Шығыс қаламгерлерінің шоқтығы биік шығармаларын жұртшылық назарына ұсынуда.

Бұған дейін республикалық «Жас Алаш», «Айқын» және «Алматы ақшамы» газеттерінде жемісті қызмет атқарған филология ғылымдарының кандидаты, білікті ғалым Нұржан Қуантайұлы ешуақытта шығармашылықтан, зерттеушіліктен қол үзген емес. Ұзақ жылғы ізденістерінің нәтижесінде жақында Жүсіпбек Аймауытұлының жарияланбаған жазбаларының жинағын жарыққа шығарды. «Адырна», «Күмбір» атты поэзиялық және «Қараөзек», \”Қолшатыр\” атты прозалық кітаптардың авторы.
Әріптесімізді үлкен жетістігімен құттықтай отырып, оқырман назарына республикалық «Алаш айнасы» газетінде жарияланған сұхбатын (11.09.2013) ұсынуды жөн көрдік.
«Дидарлықтар»

– … «Отүкен» деген әдеби журнал шығарыпсыз. Рухани басылымдар кең таралмай жатқан кезде тағы бір әдеби журнал шығару қаншалықты қажет болды?

– Периферияда жатқан ақын-жазушылар қазір өздерін далада қалғандай сезінеді. Ешкімге керек болмай қалдық деп наз айтады. Әр облыста әдеби журнал шығып жатса, қаламгерлер бір серпіліп қалар еді, өздерін далада қалғандай сезінбес еді. Мейлі, тіпті таралымы 200-ақ дана болсын, журнал талғамға сай, сауатты шығып жатса, ешқандай артықтығы жоқ. Мұндай журналдардың төңірегінен қаламгерлер бірін-бірі тауып алады, бірін-бірі танитын болады, жастар көркем әдебиетке қызығады. Содан соң әдеби сайттардың да есігі авторларға ашық болса дейміз. Ғаламтордағы байланыс та күшеюі керек, өйткені… қазіргі қазақ әдебиетін оқып жатқан ешкім жоқ. Баяғы қалың оқырман тағы жоқ. Кітап тарамайды, тарату жүйесі баяғыда қирап қалған. Оны қайтып орнынан тұрғызайық деп білек сыбанған адам көрінбейді. Мұның бәрі айналып келгенде кітаптың культ болудан қалғанынан. Кітап іздеген адамның қадірі кетіп барады… Меніңше, біз сияқты халқы тым аз, экономикасы бәсекеге түсе алмайтын елде мемлекеттік кітап тарату жүйесі болуы керек. Біз Ресей немесе Қытай емеспіз кітап нарығын еркін жіберетін. Ал кітап тарамаған соң, көркем әдебиет те тарамайды, тарамаған соң оқылмайды.

– Естуімізше, Жүсіпбек Аймауытұлының алты томдық шығармалар жинағын баспаға әзірлеп жатқан құрастырушылардың бірі екенсіз.

– Иә, алты томдықтың бір томын әзірлеп өткіздім. Ол бұған дейін Алматыдағы бір баспадан биыл жеке жинақ болып та жарық көрді. Жүсіпбек Аймауытұлының әңгімелері, көркем аудармалары, өлеңдері, мақалалары, көсемсөз дүниелері – жиыны, жүзге жуық шығармасын тауып, жинақтап қойған болатынмын. Сол архивімде он бес жылға жуық жатты… Бастырып беретін баспа болмады, шығарып беретін демеуші табылмады. Сабақты ине сәтімен деп, биыл жолы болды әйтеуір, жеке жинақ болып та шықты, алты томдығына да кірді. Жалпы, Жүсіпбектің біраз шығармасы жұртшылыққа белгісіз. Мәселен, «Қартқожа» романының алғашқы редакциясы сақталып қалған. Бірақ ол Қызылордада 1926 жылы басылып шыққан кітабындағы екінші нұсқасы бойынша 1989 жылы жарық көрді. Кейінгі бес томдық шығармалар жинағында осы, екінші нұсқасы жүр. «Қартқожаның» бірінші редакциясын бүгінгі оқырман білмейді. Қазақтың репрессияға ұшыраған қаламгерлерінің біразының шығармалары толық жинақталып біткен жоқ. Мысалы, Мағжанның «іңірде» деген өлеңі бар. Советтік, большевиктік өкіметтің қазаққа не әкелгенін, не әзірлеп отырғанын жандүниесінің ішкі әсерімен берген тамаша өлең. 1924 жылы жазған. Сол өлең қазіргі, кирилл қарпімен шығып жатқан кітаптарының ешқайсысында жоқ. Оқырман білмейді.

– Роман жаздыңыз. Кітап тарамайтын қазіргі заманда роман жанры оқылмай қалады деп қорықпайсыз ба?

– Күні кеше ғана, ХХ ғасырдың 60-жылдарында Еуропа әдебиетіндегі кейбір сыншылар «қазіргі әдеби талаптарға жауап бере алмайтын жанр, оның ішінде роман әдеби форма ретінде өзінің беретінін беріп болды» деп жаназасын шығарып қойған еді. Орыстың Варлам Шаламов секілді жазушылары да ХХ ғасырдың 70-жылдарында осы пікірде болды. Солар айтты екен деп роман жазылмай қалды ма? Жоқ. ХХІ ғасырда да роман Еуропа, Америка, Азия әдебиеттерінде жанр ретінде өзін жойған жоқ. Жойылатын түрі де көрінбейді. Тіпті испан тілді, ағылшын тілді әдебиетте романистер әлі де көп. Лев Толстой «әдебиеттің көркемдігі енді төмендей бермек, ХХІ ғасырдағы көркем әдебиет телеграф стилінде болады» деп көріпкелдік жасаған. Одан бері не заман өтті, көркем әдебиет әжептәуір өзгеріске түсті, Толстой айтты екен деп телеграф стиліне дейін құлдырап кетті ме? Жоқ. Рас, mass kulture деңгейіне түсіп кеткен әдеби туындылардан аяқ алып жүре алмайсыз, ал mass kulture шығармалар Толстой заманында да болған.

– Бүгінгі қазақ әдебиетінің дамуы үшін әлем әдебиетімен тығыз байланыс орнату керек деген сөз жиі айтылады…

– Бұл тарапта атқарылатын жұмыс қыруар. Ол – өз алдына жеке әңгіме. Ал өзге ел, әсіресе Батыс әдебиеті бізді… әлі қабылдамайды. Және жақын арада қабылдайды деп ойламаймын да. Біздің біраз қаламгердің шығармалары Батыс тілдеріне аударылып жатса, ағылшын немесе дат әдебиеті, испан немесе норвег әдебиеті бізді қабылдады, таныды деген сөз емес. Біз түгіл, мықты аудармашылары бар ресейлік жазушылар Еуропа әдебиетінің босағасынан аттай алмай отыр. Әдебиетке жылт еткен бір жаңалық әкеліп жатсаңыз да, төбеңізден қарайды, күмәнмен, мейманамен қарайды. «Орысша сөйлейтін қытайлар» деп жүрген біз туралы әңгіме айтып, ауыз ауыртпайды да. Бірақ түптің түбінде Еуропа әдебиетшілерін де мойындатармыз. Ол үшін әуелі сол Батыс әдебиетін түпнұсқадан аудару бір жүйеге түсуі керек. Қытайдағы секілді. Әйтпесе… түпнұсқадан оқу керек болады. Қазіргі интеллектуал әдебиетші (оның ішінде ең әуелі жақсы қаламгер болам деген жастар) ағылшын тіліндегі көркем әдебиетті түпнұсқадан танымай, озық әдебиеттің тереңіне бойлай алмайды деп ойлаймын. Бір күні өзін әдебиетші санайтын замандасым «Достоевский мен Толстой бірінің әдеби шығармашылықтағы жетістігін бірі көре алмаған, оны айтасыз, тіпті көшеде кездесіп қалғанда, бірімен-бірі амандаспай өте шыққан» деп қарап отыр. Бұл не сөз? Бұл – сыншы дейміз бе, әдебиеттанушы дейміз бе, әдебиетке таласы бар деген біздің қаламгерлеріміздің тым құрығанда орыс әдебиетінің «алтын ғасырын» үстірт біледі деген сөз. Деңгейіміз осындай болса, өзге ел бізді қалай қабылдасын…

– «Прозаны жазарда шабыт болмайды, тек бап қана болады» деп жазыпты біздің бір жазушы ағамыз. Сіздіңше, қалай, шынымен шабыт жоқ па?

– Меніңше, шабыт бар. Бірақ көңіл әсерінің осынау бір ерекше түрі көшеде ойланып келе жатқанда немесе шалқаңнан түсіп, кітап оқып жатқанда емес, тек жазу процесі кезінде, оның өзінде белгілі бір деңгейге жеткенде келеді деген ойдамын.

– Журналистика жазушылыққа бөгет болады дейді ғой кейбір қаламгерлер…

– «Журналистика оқуға тұрмайды, ал әдебиетті оқымайды» деген екен Оскар Уайльд бірде. Ойнап айтса да, ойындағысын айтқан. Журналистиканың өз плюсы бар. Минусы да жоқ емес… Журналистика сенің бабыңа да, шабытыңа да қарамайды, қуып әкеліп үстел басына отырғызады. Жазуға міндеттейді. Өйткені, редакцияға айтылған уақытта материалды өткізуге тиіссің. Жолда келе жатырсың ба, қонақүйде жатырсың ба, кез келген жағдайда нөмірге жазуға міндеттейді. Мәселен, Габриель Гарсиа Маркес айтады, көркем шығармамды жазып болған соң, қолыма қалам алғым келмей, кежегем кейін тартып, екі жыл бойы жазу үстеліне жолағым келмей кетті деп. Көк жалқаудың өзі болдым дейді. Келесі шығармамнан кейін де солай жалғасып келе жатқан соң «қой, бұлай болмас, өзімді-өзім қамшылайын» деп бір нәрсе ойлап таптым дейді. Ойлап тапқаны: Боготода шығатын әлдебір газетпен келісімшартқа отырыпты. Әр жетінің жұмасы күні әлгі газеттің бір бағанасын толтыруым керек болды, сөйтіп, ешкім сұрамаса да, өз мойныма өзім ажырғы салып, әр жұманың қарсаңында жаңа бір шығарма жазуға отыратын болдым дейді. Сөйтіп, журналистика менің марғау, керенау тартпауыма себепкер болып, жазуға міндеттеді дейді. Бұл ғана емес, журналистика жазушыны кәдуілгі, дуылдаған өмірден қол үзбеуіне септігін тигізеді. Шын өмірден қол үзіп қалған жазушының бір сарынмен кететініне де мысал жеткілікті. Тек журналистикадағы, публицистикадағы таңдап алған тақырыбың мен жазу формасы өзіңнің жан дүниең қалағандай болса, болды.

Осы айдарда

Back to top button