Экономика

Новопокровкада халуа зауыты бар

Новопокровкада халуа зауыты бар

Елімізде халуа өндіретін кәсіпорындар саусақпен санарлықтай ғана десек, соның бірі – Бородулиха ауданында орналасқан «Агропромгрупп» серіктестігінің зауыты. Новопокровка ауылында орын тепкен кәсіпорын бүгінде бір ауысымда бір тоннадан астам халуа шығарып, ел нарығынан ақырындап өз орнын табуда.

Тұтынушыға табиғи таза өнім ұсынылады

– Бұған дейін ұзақ жылдар сауда агенті болып қызмет еттім. Сондықтан сауда-саттық саласынан айтарлықтай хабарым бар, тұрғындар тарапынан қандай өнімнің сұранысқа ие екенін көріп, біліп жүрдім. Сол кездері-ақ ел нарығында отандық халуаның жеткіліксіз екенін айқын аңғардым, – дейді тәтті тағам өндірісіне келуі жайында сөз қозғаған кәсіпорын басшысы Игорь Захаров.
Оның айтуынша, бүгінде ел нарығының басым бөлігін шетелдік халуа құрап отыр. Қазір Ресей мен Украинаның, өзге де алыс-жақын шетелдің өнімдерін әрбір дүкеннің сөресінен табуға болады. Елімізге келетін болсақ, бұл өнім қазіргі кезде Алматы, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында ғана шығарылып келеді екен.
– Біздің аймақта күнбағыс өсірумен айналысатын кәсіпкерлер жетерлік. Әсіресе, Бородулиха ауданында бұл өнім жетіп артылады, айналадағы алқаптардың бәрі жайқалған күнбағыс. Сөйте тұрып, біз шетелдің халуасын тұтынудамыз. Бұл ақылға қонымсыз ғой. Неге біз осы тауарды өзімізде өндірмейміз?.. Осы ой-санамды мазалай берген соң, ақыры бұрынғы қызметімді тастап, халуа өндіру ісіне біржолата бет бұрдым, – дейді Игорь Захаров.
Алайда, сапалы, өз тұтынушысын бірден табатын өнім шығару үшін құр ниеттің өзі аздық етеді. Бұл үшін аталмыш істі бүге-шігесіне дейін білетін кәсіпқой маманның болуы шарт өндірістің басы-қасында. Сол себепті, семейлік кәсіпкер бастапқыда жұмысқа халуа өндірісімен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері айналысып келетін ресейлік маманды тартады. Аталмыш маман аз уақыттың ішінде жаңадан ашылған кәсіпорынның жұмысшыларын тәтті тағам әзірлеудің қыр-сырына үйретіп, нәтижесінде бүгінде халуа жергілікті тұрғындардың күшімен-ақ шығарылып келеді.
– Біз кеңестік стандарттар бойынша жұмыс істейміз. Яғни, адам денсаулығына зиянды қоспаларсыз, гендік модификацияланған ағзаларсыз өнім шығарамыз. Жалпы, әу баста табиғи таза тауар өндіреміз, өндіріс үдерісін барынша автоматтандырмауға тырысамыз деп келіскен едік. Сол шарттарды бүгінде де сақтап келеміз, – дейді Игорь Захаров.
Расымен де, өндіріс орнының цехына бас сұққанымызда халуа жасау процесінің негізгі бөлігі қолмен жүргізілетінін байқадық. Өндіріс технологиясымен жақынырақ таныстырған кәсіпорынның аға технологы Марина Костенконың айтуынша, ең алдымен қалпағынан қағылған күнбағыс дәні қуыру қазанында қайнатылады екен. Осыдан кейін салқындатылған қуырма электр диірменде тартылып, ұсақталады. Артынша, оған сироп қосылып, алынған қоймалжың қоспа арнайы қалыптарға салынады. Ең соңында суытылған өнім «Классикалық күнбағыс халуасы», «Жүзім қосылған күнбағыс халуасы» және «Жержаңғақ қосылған күнбағыс халуасы» деген атаулармен тұтынушыларға жол тартады.
– Өнімнің дайындалуына, күнбағыс дәндерінің қуырылып, сироптың қайнатылуы сияқты процесстерге жіті мән береміз. Себебі, қоймалжыңды қайнату кезінде бір ғана градусқа қателесудің өзі түптеп келгенде тауардың сапасына кері әсер етуі мүмкін, халуаның түсі өзгеріп, өнім тым қатты не жұмсақ болып қалады, – дейді Марина Костенко.

«ALTYN ASPAN» халуасы Астанаға да жөнелтіледі

Өткен жылдың тамыз айында іске қосылған кәсіпорын цехында қазір он адам еңбек етіп келеді. Игорь Захаров сұраныс мөлшері артатын болса, екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшуге болатынын да айтады.
Осы орайда тағы бір айта кетер жайт, кәсіпорын бұрын «Қазақтелеком» бөлімшесі болған ғимаратта орналасуда. Жалпы, бұл жерде халуа цехынан бөлек, қоймалар мен техникаға қызмет көрсету стансасы да бар екен.
– Өзім сауда саласының маманы болғандықтан, істі ашқалы бері өнімдерімізді жарнамалауға айрықша көңіл бөліп келемін. Бүгінге дейін Өскемен мен Астанада өткен азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкелеріне қатысып, тұтынушылар іздестіріп қайттым. Мәселен, елордада өткен Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндері аясындағы жәрмеңкеде бізбен әріптестік орнатуға даяр сауда фирмаларының өкілдерімен кездесіп, бірнеше келісімшарт жасадық. Осының арқасында, қазір «ALTYN ASPAN» сауда маркалы халуамыз Астана, Щучинск, Семей, Өскемен қалалары мен облысымыздың бірқатар аудандарына жөнелтілуде. Сондай-ақ, бүгінде Кереку, Екібастұз, Тараз қалаларының саудагерлерімен де келіссөздер жүргізудеміз. Осылайша, ақырындап өрісіміз кеңейіп келеді, – дейді кәсіпкер.
Оның сөзіне сенсек, тұтынушылар саны көбейіп, сұраныс артатын болса, кәсіпорында қосымша жұмыс орындары ашылмақ. Ал бұл – новопокровкалық тұрғындар үшін таптырмас мүмкіндік. Қазірдің өзінде мұнда еңбек етуге ондаған адам ниет білдіріп, түйіндемелерін қалдырған көрінеді.
Тағы бір айта кетер маңызды жайт, қазір кәсіпорын халуа жасауға қажетті шикізаттың түгелдей дерлігін өз еліміздің аумағынан алып отыр. Мәселен, қант пен сірне (патока) сияқты өнімдер шетелдік емес, өзіміздікі, Қазақстанда жасалған. Ал шекілдеуік тіптен, бородулихалық екен. Тек жержаңғақ пен жүзім ғана шетелден тасымалданады.
– Жергілікті кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Олар шемішкесін бізге сатып, пайда табады. Біз болсақ, шикізат іздеп алысқа сандалмаймыз. Жалпы, халуа жасау ісін бастауға Бородулиха ауданы таптырмайтын аймақ. Өндіріске қажеттінің бәрін осы жерден-ақ табуға болады, – дейді Игорь Захаров.
Оның айтуынша, Семейден 30 шақырым қашықтықта орналасқан Новопокровка ауылынан дайын өнімді өзге елді мекендерге тасымалдау жағы үлкен шығынды қажет етпейді. Бұл өз кезегінде тауар бағасының шарықтамауына да айтарлықтай әсер етуде.
– Қазір кәсіпорнымыз салмағы 250, 350 грамдық және алты келілі монолитті блок түріндегі үш түрлі өнім шығарады. Алдағы уақытта тағы бірнеше халуа түрін өндіру жағын да қарастырудамыз. Ал баға мәселесіне келер болсақ, мысалы, 250 грамдық халуамыздың қорабы 90 теңге тұрады. Бұл тұрғындарымыз үшін қолжетімді баға деп есептеймін, – деген кәсіпкер жақын арада кәсіпорында дорбаға салынған жуылған шекілдеуік те шығарыла бастайтынын жеткізді.
Облысымызда тұңғыш халуа зауытын ашқан Игорь Захаров болашақта өнімін ел аумағынан бөлек, жақын шетелге шығаруды да көздеп отырғанын айтады. Дегенмен, «әзірге өз облысымыздың, еліміздің көлемінде танылып алғанымыз жөн. Кез келген патриот адам секілді біз де бірінші кезекте өз отандастарымыздың халуамыздың дәмін татып, қызығын көріп алғанын қалаймыз. Егер ел нарығын қамти алатындай жағдайға жетсек, онда экспорт мәселесін де қарастыратын боламыз», – дейді ол.
Осы орайда, бір қызықты мәліметке құлақ асқанымыз орынды, мамандардың ақпаратынша, бүгінде Шығыс Қазақстан облысының халқы тәулігіне 10 тоннадан астам халуа тұтынады екен. Демек, Игорь Захаров басқаратын «Агропромгрупп» серіктестігінің алар асулары әлі алда.

Нұржан Кенжеұлы
Бородулиха ауданы

Осы айдарда

Back to top button