Ново-Троицкое – нағыз туризмді дамытуға қолайлы ауыл

Қала іргесіндегі Ново-Троицкое ауылының орман-тоғайлы, тау-тасты табиғаты жанға жайлы болғанымен, малға жайлы болмай тұр. Бір жағы ну орман, бір жағы суға бай бұл ерекше елді мекеннің көркі көз тойдыратыны рас. Алайда ауыл тұрғындары Ново-Троицкоеның қаншама жылдан бері қордаланып қалған түйткілді мәселелері осы тамаша табиғаттың көркін кетіріп тұрғанын айтады.
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов осы ауылға арнайы барып, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, ауыл тіршілігімен танысты.
Сөз басын «2018 жылдан бері ауылымызға қала әкімінің алғаш рет келіп тұрғаны осы» деп бастаған тұрғындар ең алдымен ауыл ішінде тау болып үйіліп, шашылып жатқан қоқыс мәселесін көтерді. Жағымсыз иісі ауылдың таза ауасын бұзып, тұрғындарға жайсыздық тудырып отыр. Қалалық әкімдік пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің назарынан тыс қалған ауыл халқы өз беттерінше қоқыс үйіндісін қалыптастырып алған. Қаланың тазалық мекемелерімен ешқандай келісім-шарт жасалмағандықтан, заңсыз қоқыс орны пайда болған.
Бүгінде Ново-Троицкое ауылындағы тоғыз жылдық мектепте 48 бала оқиды. Ауылда 250-ден астам адам тұрады. Қазір ауыл тұрғындарының 70 пайызы қазақтар. Көпшілігі теміржол саласында және мектепте жұмыс істейді. Мектеп директоры Ақылбек Құсайынов мектеп жанынан ауыл балаларына футбол алаңы ашылса деген өтінішін жеткізді. Кейбір мұғалімдер Өскеменнен келіп жұмыс істейді.
Қалаға жақын орналасқан ауылдың жолы былтырға дейін ой-шұңқыры көп қара жол болса, өткен жылдан бері жөнделіп, асфальт төселген. Ауылға кіреберістегі алты шақырымдық жол биыл жөнделмек. Тұрғындар ауылдың орталық көшелері де асфальтталып, жол бойына аялдама салынса, көшелер жарықтандырылып, интернет желісі тартылса, қысқы уақытта қар тұрақты түрде тазартылып отырса деген өтініштерін білдірді. Ауылдың дәл жанында форель өсіру кәсібімен айналысып жатқан кәсіпкер Вячеслав Асанов ауылға асфальт жол салынса, оны тегін-ақ қардан тазалап отыруға болатынын айтты.
Ауылда жол болғанымен, қоғамдық көлік жоқ. Тұрғындар такси бағасының 10 мың теңгеге дейін жететінін айтып, наразы болды. Қала әкімі Алмат Ақышов жақын арада бұл мәселенің шешімін табатынын жеткізіп, ауылға автобус жүргізу жоспарда бар екенін айтты.
– Марқакөл ауданының Бұғымүйіз ауылынан көшіп келіп, осы ауылға тұрақтадық. Өзім мектепте қара жұмысқа орналастым, бес бала өсіріп отырған көпбалалы анамын. Екі балам әскерде. Бұғымүйізде балаларымның мектепке баруы қиын болды. Тұрғындар 12 шақырым жердегі Төсқайың мектебіне қыста тек атшана арқылы жететін. Балалар интернатта тұруға мәжбүр болды, бірақ онда да жағдай нашар, суық болды. Қазір Бұғымүйізде бір-екі ғана үй қалды. Ал Ново-Троицкое қалаға жақын болғандықтан көшіп келдік. Бірақ автобустың жоқтығы осы жақындықты алыстатып тұр. Қала әкімінің «автобус жүреді» деген жауабына қуанып қалдық, – дейді ауыл тұрғыны Сымбат Қалитова.
Ауыл халқы қаңғыбас иттердің көптігін де мәселе етіп көтерді. Қала әкімінің алдынан шыққан ауыл ақсақалы «Тауығымнан тауық қалдырмады» деп ашуланды.
Ново-Троицкоеның малға жайсыз болуының басты себебі – жайылымдық және шабындық жердің жоқтығы. Бұрын ауыл халқы 200-300 бас мал ұстап, табынға қосатын. Ал қазір небәрі 10-15 ірі қара ғана қалған. Себебі, бұрынғы жерлер жекеменшікке өтіп кеткен.
Кездесуде көтерілген көптеген мәселелердің кейбірі қаржыландыруға қарай биыл шешімін табатыны, қалғаны алдағы жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асатыны айтылды. Қала әкімі Алмат Ақышов Ново-Троицкоеның туризмді дамытуға зор әлеуеті барын атап өтті. Бұл ауылдың болашағы үшін ғана емес, Өскеменде туризмді өркендету үшін де мүмкіндіктер мол. Ол үшін ең алдымен ауылдың инфрақұрылымын жақсартып, қалалықтар мен туристердің демалуына қажетті қонақ үйлер мен өзге де нысандар салу мәселесін қарастыру қажет екенін айтты.
Кездесу соңында ауылдың байырғы тұрғыны Жаңыл апа Жұбаева қала басшысына ақ батасын берді.
Жанаргүл Көкенайқызы