Ноутбуктар мен смартфондар сыйға алды
Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінде Жәкула Күшікұлы атындағы химия және биология пәндерінен өткен облыстық олимпиада мәресіне жетіп, білім сайысында озып шыққан жүйріктер марапатталды.
– Жәкула Күшікұлы – қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі. Бірнеше жылдан бері өтіп келе жатқан олимпиада биыл тұңғыш рет облыстық деңгейде өтті. Оқушылардың химия-биология пәндеріне деген қызығушылықтарын арттыру, талантты балаларды анықтап, медицина саласына тарту мақсатындағы бұл білім сайысына 9-11 сыныптарда оқитын 200 оқушы қатысты. Олардың барлығы бұған дейін аудандық, қалалық олимпиадаларда озып, үздік шыққандар, – дейді Асқар Жәкулов атындағы қайырымдылық қорының директоры Гүлнар Сейдолла.
Екі күн бойы өткен олимпиаданы «Дарын» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы саяси қоғам және қайраткері Жәкула Күшікұлының немересі Асқар Жәкулов атындағы қайырымдылық қорымен бірге ұйымдастырған.
Олимпиаданың облыстық кезеңі екі айналымнан тұрды. Алдымен қатысушылардың теориялық білімі сынға түссе, екінші айналымда олимпиадалық тапсырмаларды шешу үшін тәжірибелік білімдерін көрсетті. Екі айналым да химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында өтті.
Асқар Жәкулов атындағы қайырымдылық қорының құрылтайшысы Жайна Жәкулина, ақын Алмас Сақбаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұхаметханұлы олимпиадаға құрметті қонақтар ретінде қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдармен бірге ноутбук, смартфон сияқты бағалы сыйлықтар берілді. Екі күн бойы өткен олимпиада қорытындысында 18 оқушы – бірінші, 24 оқушы – екінші, 48 оқушы үшінші орындарға ие болып, тоғыз оқушы арнайы аталымдар бойынша марапатталды.
Айжанат Бақытқызы