Несиенің игілігін көріп отыр
Еңбегінің жемісін көріп отырған Айтмұхамбет Жақсымановтың тірлігі ауыл тұрғындарына үлгі боларлықтай.
Ертіс ауылдық округінің тұрғыны Айтмұхамбет Жақсыманов соңғы үш жылда тұрақты жұмысы болмағандықтан, әртүрлі жалдамалы жұмыстарды қанағат тұтып, кей жылдары от жағушы болып мектепте маусымдық іспен де айналысады. Жұмыссыз ретінде тіркеліп, ақылы қоғамдық жұмыстарға да тартылыпты. Сонымен бірге сұраныс бойынша уақытша жалдамалы жұмыстарға барып табыс тауып, отбасына кіріс кіргізіп отырған.
Қолындағы бірді-екілі малының өсімімен үй ауласындағы шағын жер теліміне көкөніс өсіріп, алдымен отбасын қамтамасыз етіп, артығын сатып, күнкөріс көзіне айналдырып кәсіп етеді. Уақыт бір орында тұрмайтындығы белгілі, жасы ұлғайып жұмыс табу біршама қиындайды. Неде болса, ірі қара малын ұстап, одан сүт және әртүрлі тағамдар жасаумен айналысуға шешім қабылдайды.
– Бұл істі бастау үшін қаражат-тың қажеттігі мәлім, міне, осы жағдайдан шығуға «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының ықпалы мол болды, – дейді Айтмұхамбет. – Ол үшін Семей қалалық жұмыспен қамту орталығына өткен жылы өтініш беріп, шілде айында қажетті бір жарым миллион теңгені алдым.
Алынған шағын несиеге бизнес жоспарда сатып аламын деп көрсетілген бес бас сиырды тамыз айының алғашқы күндері алып, олардың сүтінен құрт, май, айран, қаймақ, ірімшік жасап ауыл тұрғындарына және Семей қаласы базарларында саудалауды жолға қояды.
– Алған несиемнің пайызының төмендігі өте қолайлы, – дейді Айтмұхамбет Қадырұлы. – Алғашқы бір жарым жылға дейін тек үстеме сыйақысын ғана төлеу ауыл кәсіпкерлеріне ыңғайлы. Мемлекеттің бұндай жеңілдікпен берілген несиесіне разымын.
Семей