Өнерлі өрендер рухты жаңғыртты

Тұңғыш Президент күніне орай өңірдегі өрелі һәм өнерлі жастардың басы Өскеменде тоқайласты. Облыстық білім басқармасына қарасты «Дарын» орталығының ұйтқы болуымен өткен бұл сахналық театрландырылған байқау «Шығыс Қазақстан жерлерінің аңыздары, мифтері мен хикаялары» деп аталады.
Жастардың жадында ұлттық рухты жаңғыртып, туған жерге деген махаббатын тереңдете түсу үшін өткізіп отырған шараға 300 ден астам оқушы қатысқан.
Олар бірінші кезеңде «Мықты және жауапкершілігі бірегей ұлт қалыптастыру» тақырыбында ой өрбітсе, екінші кезеңде туған өлкенің сұлу бейнесін қылқаламмен өрнектеді. Ал үшінші кезеңде өңірдегі киелі жерлерді аңызға арқау етіп, сахнада бейнеледі. Құдайға шүкір, Шығыс өңірі киелі жерлерден кенде емес қой, мейлі, қай ауданнан, қай қаладан келген команда болмасын тақырып табудан қиналмағанын аңғардық. Ұлылар елінен келген Қарауыл гимназиясының оқушылары «Еңлік-Кебекті» ұсынса, Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған білім ордасының ұжымы Сібе көлдерінің сырлы тарихын сахналапты. Айталық, бүкіл ауылды оба дерті шарпып жатқан қиын-қыстау кезеңде бір аңшы елді суы бал, шөбі шүйгін шұрайлы мекенге бастап, жұрт жаңалайды. Бұл әлгі ауылды басқарып отырған байға ұнамайды. Аңшы мен байдың арасында теке-тірес басталады. Бас-аяғы он-ақ минуттық шағын көріністе көркем шығармаға қажетті барлық детальдарды шеберлікпен сыйғызған. Оқушылар байқауға барын салғаны сонша, сахнаға қыранды қолға қондырып, тазыны жетелеп шықты. Зеңгір аспанның серісін сахнаға шығарып, жеті қазынаның бірін жетелеп, қалада өскен халықтың алдына әкелуден артық рухани жаңғыру болсын ба?! Металлургтер мәдениет сарайына лық толған көрермен жас өнерпаздарға айрықша қолдау көрсетті.

– Бұл шара осымен екінші мәрте өтіп отыр. Үш кезеңде де балалар жаман өнер көрсеткен жоқ. Әсіресе, мамандандырылған мектептердің оқушылары ерекше ынтасымен қатысып жатыр, – дейді «Дарын» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының директоры Жанар Айтбаева.
Сонымен қоғам қайраткері, атқарушы билік өкілдері, шығармашылық адамдарынан құралған онға жуық қазылар алқасы үш кезеңнің қорытындысы бойынша ұпаймен алға озған Өскемендегі дарынды балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-лицей кешеніне бас жүлдені берді. Бірінші орынды Зырян ауданы алды. Екі екінші орынды Абай ауданынан келген «Восток» ДБА мамандандырылған ғылыми зерттеу дамыта оқыту орталығы мен Зайсан ауданынан келген оқушылары бөлісті. Қатысқан 28 команданың ішінен үшінші жүлдеге төрт мектептің оқушылар қол жеткізді. Бұл қатарда Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясы, Аягөз, Күршім, Жарма аудандарының атынан келген өнерлі оқушылар бар.
Мұратхан Кенжеханұлы