Өнердің «Қызыл кітабына» енетін мамандық

Сатираның садағын ғұмырлық кәсібі мен нәсібіне айналдырып, біреуді түйреп, екіншісін ащы күлкіге көміп келе жатқан адамдар саусақпен санарлық. Солардың бірі – Қазақстан Журналистер, Суретшілер одақтарының мүшесі, кезінде әлемнің ондаған елінің бәйгелерін жеңіп алған суретші-карикатурист Жылқайдар Нұрсафин. Жәкеңнің таңдаған мамандығын өнердің «Қызыл кітабына» енетін сирек мамандық деуге әбден-ақ болғандай.
Жылқайдар Әбілханұлы Аягөз ауданындағы Ақши ауылында дүниеге келген. Анасы Мәрбану бес саусағынан өнері тамған шебер, құрақтан көрпе тігіп, алаша тоқып, сырмақ ойған шеберлігімен ауыл-аймаққа танымал болған кісі екен. Анасының өнеріне бала кезден қызығып өскен ол ою-өрнектер үлгісін сызып, сурет салып, балшықтан мүсіндер жасап, өнерге деген құштарлығын ерте-ақ таныта бастапты. Ақши ауылындағы «Коминтерн» колхозының төрағасы болған әкесі Әбілхан да баласының талабын байқап, келешегіне үміт артып, қолдау көрсетіп, қажетті құрал-жабдықтарын әперіп, ынталандырып отырған көрінеді.
– Қағаз шимайлауды балабақшадан бастадық қой. Ал Таскескен ауылындағы мектепте оқып жүргенде ұстазым Вильгельм Брейштің жетекшілігімен «Кірпі» сатиралық қабырға газеттерін шығаратынбыз. Сондағы сайқымазақ суреттерім алдағы үлкен өнерге деген өмірлік жолымды айқындап берген сияқты, – дейді Жәкең.
Карикатура көп шығынды қажет етпейді
Сол ұстазының ақылымен Жылқайдар 1965 жылы Алматыдағы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Арасында әскери борышын өтеп келіп, оқуын жалғастырған ол 1972 жылы аталған оқу орнын бітіріп, суретші-көркемдеуші мамандығын алып, жолдамамен Семей қаласындағы көркемсурет қорына жұмысқа орналасады.
Семейде, кейінірек Аягөзде атқарған шаруалары біршама. Семей ғимараттарын безендірудегі фриздері, Аягөздегі Абай ескерткіші, «Оңтүстік» ауылындағы Ұлы Отан соғысы құрбандарына қойылған монумент сияқты еңбектері аз емес. Дегенмен, бейнелеу өнерінің барлық түрін жетік меңгерген суретшінің ынтасы үнемі карикатура жанрына қарай ауып отырған. Қалалық, облыстық басылымдарда аракідік еңбектері жарияланып тұрды.
– 1988 жылы республикалық «Ара» – «Шмель» журналының жүлдесіне ие болдым. Одан соң көптеген халықаралық карикатурашылар байқауларына қатыса бастадым. Оларым сәтсіз болған жоқ…
Бұл – суретшінің өз жетістіктерін сыпайылап қана жеткізгені ғой. Әйтпесе ол бір кездері өзінің кереметтей туындылары арқылы қазақ деген халықтың атын бүкіл әлемге әйгілеген болатын. Мәскеуден бастап, Франция, Югославия, Бельгия, Куба, Италия, Германия, Израильде өткізілген халықаралық көрмелерге қатысты. Ал 2003 жылы Тайвань еліндегі Тай-Бей қаласында өткен ІV дүниежүзілік сайысқа қатысып, жеңімпаз атанды. Сол сайысқа қатысқан 49 мемлекеттен 20 ел суретшілерінің еңбегі арнайы каталогқа енгізіліп, жарияланды. Оның ішіне аягөздік қазақ карикатурашысы Жылқайдар Нұрсафиннің де бірнеше суреті бар.
– Осы көрме, байқаулардың барлығына қатысуға аз ақша кетпейді ғой, қаржылай көмек көрсеткен билік орындары мен жеке азаматтар болды ма? – деп сұраймын ғой суретшіден. Ол сәл ойланып, бір түрлі қынжылыспен жымиып алды алдымен.
– Карикатура – кескіндеме сияқты көп шығынды қажет етпейтін жанр, қалам, қағазың мен тушь болса болғаны. Мұның тағы бір қасиеті – сенің салған суретіңді тіл білмейтін, жазылғанды оқи алмайтын адамның барлығы да көріп, түсінеді. Ал енді осы карикатураны өзге ел қаншалықты жоғары бағаласа, біздің қазақ әлі де соның құнына жете алмай жүрген сияқты. Суретшілер одағына мүшелікке арыз бергенде, «карикатурамен ғана одаққа қабылдай алмаймыз, мына сайқымазағың бейнелеу өнеріне жатпайды» деп біраз сенделтті емес пе,- деп Жәкең тағы бір күліп алды. – Қаржылай көмек жағынан ауыз толтырып айтарлықтай көмек болған емес. Бірақ бұл көрмелердің біразына мен суреттерімді пошта арқылы жолдап, сырттай қатыстым, сондықтан байбалам салмай-ақ, баратын жерлерге негізінен өз қаражатыммен барып жүрдім.
Бүгінде Семей қаласында тұратын, жеке шеберханасы бар суретшіден алдағы жоспарлары туралы сыр тарттық.
– Бұл жарықтығың белгілі бір даталарға байланысты панорамалық кескіндемелер сияқты алдын ала жоспарлауға көнбейтін жанр ғой, бауырым. Кейде көшеде бір келеңсіздікті байқап қаласың, ойда жоқта автобус ішінде бір идея ойыңа сарт ете қалады да үйге тезірек жетуге асығасың. Сол алғашқы ойыңа түскен сурет-бейненің нобайын қағазға тезірек түсіріп қойып, оны фантазияңда біраз «пісіріп», типтендіресің, философияның терең сүзгісінен өткізіп, талғамның қалыбына шақтайсың… Оп-оңай шаруа емес, әйтпесе карикатурашыларымыз да саусақпен санарлықтай аз ғана болмас еді ғой. Осы салада тер төгіп, еңбек етіп келе жатқан Еркін Нұразхан, Айдарбек Ғазизов, Ғалым Смағұл сияқты талантты жігіттердің шығармашылықтарын үнемі қадағалап, жұмыстарына сәттілік тілеп отырамын.
Ағамен қош айтысып, алдымдағы езуіңе күлкі үйіріп, кеудеңде ашу-ыза туғызатын суретші еңбектеріне тағы да шұқшидым: беті жылтырағанымен, ішкі дүниесі рухани қайыршылыққа ұшыраған, жұдырығына ғана сенетін әпербақан басшы; қол астындағыларды баспалдақ етіп, көкейін тескен мәнсап биігіне жанталаса өрмелеп келе жатқан тағы бір бастық; алдыңда иіліп, сырт айналғанда сатып кететін екіжүзділік; адамды албастыдай айналдырып, алдап кететін алаяқтық… тағы-тағы сондайлар, мынау жалған өмірді жалпағынан басып жүрген, өзіміз күнделікті кездестіріп жүретін сансыз образдар…
Айтмұхамбет Қасымов,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Өскемен.