Мәдениет

Өнерді өркендетуге үлес қосып жүр

Өнерді өркендетуге  үлес қосып жүр


Күршім ауданындағы көркем табиғатымен, бай мәдени дәстүрімен танымал Теректібұлақ ауылы – осы жердің тумасы Мирас Садықов үшін алтын бесік. Бүгінде Өскеменде тұрып, жұмыс істесе де, туған өлкесімен, жерлестерімен байланысын жоғалтпаған ол барлық мәдени-бұқаралық және өзге де маңызды іс-шараларға демеушілік көрсетіп тұрады.

Мирастың пікірінше, көптеген дарын иелері ауылда туып, қанаттанған, өскен ұясынан ұшып шығып, өмірдің сан саласынан өз орындарын тапқан.

– «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген сөз бар. Сонда ғана ол шөл қандыратындай таза, мөлдір болады, – дейді Мирас Садықов.

– Қайда жүрсек те, Теректібұлақты үнемі ойлап жүреміз, мұнда туыстарымыз, достарымыз өмір сүріп, еңбек етіп жатыр, – деп жалғастырды әңгімесін Мирас.
– Қайырымдылық акцияларын өткізіп, кембағалдарға қамқорлық жасап жүрген ағалар сияқты біз де ауылға өз үлесімізді қосуға тырысамыз.

Мәселен, жас кәсіпкер бірнеше жыл қатарынан мектеп пен балабақшаға жаңажылдық шырша әперіп, оны безендіруге көмек көрсетіп келеді. Тек мерекелерде ғана емес, жай күндері де балаларға тәтті сыйлықтар әзірлейді. Ауыл балалары үшін музыкалық аспаптар сатып алуға да жәрдемдескен.

Мирас екі оқу орнын тәмамдапты. Өскемен гуманитарлық колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі дипломын алған. Павлодардағы пединституттың музыкалық факультетінде оқыған. Мамандығы бойынша Күршім ауылының Мәдениет үйінде жұмыс істеп, кейін облыс орталығына көшкен.
Қазір мәдениет және бос уақытты ұйымдастыру саласында кәсіпкерлікпен шұғылданады. Тамаша асаба ретінде танылған ол әзіл-сықақ театрын құруды армандайды.

– Облыс басшылығы мұрындық болған «Туған жерге – тағзым» акциясын жан-тәнімізбен қолдаймыз, – деп ойымен бөлісті Мирас. – 2013 жылы біз сол акцияның аясында Теректібұлақ тұрғындары үшін маңызды іс-шара өткізгенбіз. Мәдениет үйін толық безендіріп, өскемендік және жергілікті әртістердің қатысуымен жұрт есінде қалатындай мерекелік концерт әзірледік.

Жерлестері Мирастың осы шығындарға бір миллион теңге шамасындағы жеке қаражатын салғанын айтады, бірақ кәсіпкердің өзі ол туралы бізге тіс жармады. Ол үшін маңыздысы – бағдарламаға ұстазы, талантты музыкант Альфира Өмірханқызын еске алуға арналған кештің енуі. Альфира Өмірханқызы бес аспапта ойнап, балаларды соларға үйретіпті, сондай-ақ, би сабақтарын жүргізіп, ән де шығарған екен. Концертте сол әндерді шәкірттері орындаған, ұрпақтар сабақтастығы, рухани байланыс осыдан-ақ байқалады.

Оның айтуынша, бірқатар жерлестері, танымал кәсіпкерлер Теректібұлақ мешітінің құрылысына үлкен үлес қосқан. Жастар да тасада қалмай, ашылу рәсімін, кешкі концерттік бағдарламаны ұйымдастырыпты. Мұның бәрі ел есінде қалды.

Ауылдың спорттық дәстүрлері де бар. Жергілікті мұғалім Бақытхан Мәжіков – қол күресінен әлем чемпионын дайындаған жан, «Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері» құрметті атағының иегері. Жерлестері республикалық айтыстарға қатысқан ақын Кенжебай Қайырбаевпен де мақтанады. Өкінішке қарай, ол өмірден ерте озса да, артына өшпес із қалдырып кетті.

Күршімдіктер өлке тарихын жақсы біледі, батыр бабаларын құрмет тұтады. Былтыр ауданға кіреберіс жолға даңқты Көкжал Барақ батырдың ескерткіші қойылды. Ашылу салтанатына халық көп жиналды.

– Ескерткіш ашылған соң батырдың рухына бағышталған ас берілді. Іс-шараны өткізуге атсалысқан, шама-шарқынша материалдық, моральдық қолдау білдірген барлық жерлестеріме ризалығымды білдіремін, – деп еске алады Мирас.

Иә, ауданның, оның ішінде Теректібұлақ ауылының халқы ынтымағымен күшті, ірілі-ұсақты мәселелерді бірлесе шешеді. Туған жерден қолдау тапқан ұл-қыздар да өз кезегінде нақты көмекпен жауап қайтарып тұрады.

Тайыр Сапарғалиев

Осы айдарда

Back to top button