Өнер Түркістанда топ жарды
Таяуда Сарыөлең орта мектебінің тарихынан ойып орын алатындай ерекше бір оқиға болды. Бұл – осы мектептің 11-сынып оқушысы Өнер Кәмшаттың Түркістан қаласында ту көтерген республикалық «Ақберен» байқауынан жүлделі I орынды иеленіп қайтуы.
Жеңімпаз өренді ұстаздары, ата-анасы, сыныптастары қуанышпен қарсы алды. Бұл салтанат одан әрі мектепте өткен линейкада өз жалғасын тауып, Кәмшаттың жетістігі барша тілектес қауымның көзайымына айналды.
– Кәмшат сенімімізді ақтады, – дейді көңіліндегі толқуды жасыра алмай тұрған сынып жетекшісі Баян Дүсіпова. – Мен оған 5-сыныптан бері жетекшілік жасап келемін. Содан бері талапты шәкіртімнің талай табыстарына ортақтасып, мерейімнің өсіп жүргені шындық. Ал оның бұл жолғы табысында мына жаныңызда тұрған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақытжан Ысқақованың айтулы үлесі бар деп білемін. Ол да Кәмшатқа 5-сыныптан бастап дәріс беріп келе жатыр.
Сарыөлеңге 2004 жылдың жазында көшіп келген Әбділдабек Өнердің көзінің ағы мен қарасындай екі перзентінің үлкені Кәмшат 1-сыныпқа осындағы орта мектепке барған болатын. Мектеп есігін ашқаннан өзінің ынта-жігерімен, білімге құмарлығымен көзге түскен бүлдіршіннен ұстаздары әу баста үлкен үміт күткен еді.
– Ақындық пен шешендік өнерге баулитын «Ақберен» байқауы республикамызда екінші мәрте өтіп отыр, – дейді мектеп директоры Жанат Сәдуова. – Өткен жылы Астана қаласында болып, биыл Түркістанда мәреге жеткен осы байқауға Кәмшат тиянақты дайындықпен барды. Ол «Ақбереннің» аудандық, облыстық сайыстарында жүлделі I орынды даусыз жеңіп алып, облыстан қатысуға тиіс алты баланың бірі ретінде танылған-ды. Жалпы, Кәмшат 6-сыныптан бастап түрлі сайыстарда топ жарып, көзге түсе бастаған болатын. Абай, Махамбет оқуларында, О.Бөкей атындағы көркемсөз оқу сайысында I орынды жеңіп алған зерделі шәкіртіміз түрлі марапаттар әкеліп, ұстаздарын қуантумен келеді. Ал оның бұл жолғы жеңісі – біздің мектептің ғана емес, бүкіл облыстың мерейін асырғаны деп білемін.
– Бізді Түркістанға облыстық «Дарын» орталығының маманы бастап барды, – деп сараң ғана сыр бөлісті Кәмшаттың өзі. – Алдымен сондағы тарихи орындарды араладық, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде болдық. Байқау үш күнге созылып, 14 облыс пен екі қаладан келген 96 оқушының өнеріне белгілі ақын Аманжол Әлтаев бастаған қазылар алқасы төрелік жасады. Жеребе бойынша мен Астана қаласымен бәсекеге түстім. Бізге қойылған талап – сөзсайыс пен шешендік сөздер болды десек, алдыңғысында қарсыласпен пікір таластырасың, ал соңғысында қазылар тарапынан қойылған сауалдарға мүдірмей жауап беру қажет еді. Осының барлығынан сүрінбей өткен соң, төрешілер мені даусыз жеңімпаз деп таныды.
Жеңімпазға тиесілі жүлдемен қатар оны айтулы бір қуаныш күтіп тұрған еді. Осы байқауға демеуші болған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің басшылығы үздік ұлан Өнер Кәмшатқа өздері тағайындаған грантты тарту етті. Сөйтіп, Кәмшат автоматты түрде осы университеттің студенті атанды.
Осылайша көпшілік Сарыөлеңді ғана емес, бүкіл ауданды дүбірлеткен мерейлі жаңалыққа ортақ болды.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.