Мәдениет

Өнер мұражайындағы қылқаламның құдіреті

Өнер мұражайындағы қылқаламның құдіреті
Облыстық өнер мұражайына еліміздегі ең дарынды кескіндемешілердің туындылары әкелінді. Өткен ғасырдың соңғы жартысындда өмірге келген қыл қалам жауһарларын қайта жаңартудан өткізіп, өнерсүйер қауымға «Уақыт палитрасы» атты көрме ұйымдастырылды. Түсінген жанға бүкпесіз сыр шертетін үздік картиналар тізбесін облыс әкімі Даниал Ахметов тамашалап, өнердің осы саласы жайлы өңірде атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Облыс әкімінің «Арт Заман» жобасы аясында іске асқан бұл картиналар жәрмеңкесіне белгілі суретшілердің туыс-туғандары да қатысты. Айталық, кескіндеме өнерінің қазақ үшін қайталанбас тұлғасы марқұм Әбілхан Қастеевтің қызы Гүлдария, Қастеевтің жиені Гүлнар Ермұханқызы, белгілі суретші Мағауия Аманжоловтың жұбайы Күлбайраш Сүлейменқызы, қызы Құралай, әке жолын қуған Азат Табиев келді.
Бұл жерде мұражайдың отыз жылға жуық жинап келген суреттері де бар. Сол ғажайып туындыларды толықтыруға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы түрткі болыпты. Соңғы жылдары аталмыш мұражайдағы сол суреттердің қатары Қастеев бастаған ғаламат таланттардың туындыларымен толыға бастаған.
– Біз соңғы екі жылда бірсыпыра жақсы суреттерді алдық. Жалпы, қазақ суртшілері өткен ғасырдың 60,70,80 жылдары керемет картиналар жазды. Ұлттың болмысы солардың бояуымен айшықталды. Қастеев, Айтбаев, Аманжолов, Сариев қазақ халқының мақтанышына айнала білді, – деп ой өрбіткен аймақ басшысы Шығыс жұрты үшін сүйіншілі хабарын жеткізді. – Біз алдағы екі-үш жылдың ішінде үлкен мұражай салатын боламыз. Оның бір жағы тарихи жәдігерлерімізге арналса, екінші бөлігі осындай өнер туындыларына беріледі.
Өнер мұражайындағы қылқаламның құдіреті
Жалпы, картина жазу бір өнер болса, оны тану, автор ойын дөп басып түсіну де сол өнерге пара-пар ғой. Кенеп пен майлы бояудан құралған туындылар аса ұқыптылықпен қарауды қажет ететіндей. Көрмеге жиылған жұрттың көбінің назары Әбілхан Қастеевтің «Ыстық көлі» мен Мағауия Аманжоловтың «Уақыт белгілейді» деген туындысына ауық-ауық ауа берді. Аймақ басшысының өзі аталмыш картинаға баса назар аударып, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысына келесі жылы болатын Мағауия Аманжоловтың 70 жылдығын Өскеменде атап өтуге тапсырма берді. Бүйырса суретшінің артында қалған бай мұрасы фотоальбом болып ел назарына ұсынылмақшы. Жалпы, Мағауияның қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде қазақ тарихын жырлаған қаһармандығын мақтанышпен айтуға болады. Өз дәуірінде талайың үрейін тудырған «Ақтабан шұбырынды» топтамасының біздің облысқа «Күйзелу» атты бөлігі әкелініпті.
– Мағауияның артында үш қызы қалды. Екеуі әке жолын жалғастырып жүр. Үшіншісі де өнерден алыс емес, сәулетші. Жалпы, бір Алатаудың суретін салу үшін үнемі табиғатты бақылап жүретін. Алатаудың күнделікті ауа райын, қас-қабағын зерттейтін еді. Қазір барлық облыстық мұражайларда ол кісінің кескіндемелері бар. Тек Шығыста жоқ болатын, ол олқылықтың да орны толықты. Үйде сатылуға болмайтын бірнеше туындылары ғана тұр. Оны балаларымызға арнап жазған еді, – дейді Мағауияның жары, өзі де суретші Күлбайраш Сүлейменқызы.
Ал көзі тірісінде-ақ аңыз адамға айналған Әбілхан Қастеевтің қызы Гүлдарияның да табаны Алтай жұртына алғаш рет тиіп отыр. Суретшінің қызы қазір «қара базардың» қызып тұрғанын айтып қалды. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» демекші, Қастевтың атын жамылған әлдекімдер өз туындыларын қымбатқа өткізгісі келетін көрінеді. «Матаның атымен бөз өткізгісі» келетіндердің қатары Алматыда көп дейді.
– Әкемнің жұмыстары өте қымбат қой. Бір жолы Алматының бір мұражайы шақырып, қырықтай сурет көрсетті. Бір қарасаң, тура әкемнің тақырыптары. Төрт түлік, ауыл, тау сияқты ұлттық нақыштар белгіленген. Бірақ бәрібір айырып шығу қиынға соқпады. Қазір ата жолын Дәурен, Сауран атты екі немересі қуып жүр. Жалпы, суретшілерді еске алып, сый-құрметін көрсетіп жатқан аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлына алғысымыз шексіз, – дейді Қастеевтің қызы Гүлдария Әбілханқызы.
Ел назарын ерекше аударған көрмедегі бірегей туындалардың қатарында Азат Табиевтің «Оралу», «Ақ қайықтар» картинасы болды. Сондай-ақ жерлесіміз, тарбағатайлық мұғалім Әлібек Шоқановтың сызбалары жұрт жүрегінен жол тауып жатты. Туған жердің тұмса табиғаты мен киелі жерлерді әспеттеген «Ақжар», «Ырғызбай ата» туындыларына облыс әкімі оң бағасын беріп, бұдан да үлкен дүниелер жазуға ұсыныс айтты. Ал әке жолын қуған заманауи суретші Азат Табиев аталмыш көрме туралы:
– Суретшілердің туындылары кім көрінгеннің қолында емес, мұражайларда сақталуы керек. Мен біраз уақыт өткеннен соң, туған қалам Алматыда жүріп сіздерге қызыға қарайтын боламын. Өйткені, қазір алпысыншы жылдардағы суретшілердің жұмысын табу мүмкін емес. Меніңше, олар жас буынды шабыттандырып, нағыз шығармашылыққа баулиды, – деді.
Бұл көрме облыстық деңгейде өткенімен, республикалық биіктікте тұрғанын айтып жатты көрмеге келушілер. Жыл өткен сайын құны арты беретін қылқаламның құдіретті туындыларымен рухыңызды сергіткіңіз келсе, өнер мұражайына бет бұрыңыз.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button