МерекеТОП

Неміс мәдениетінің тұңғыш фестивалі өтті

Облыс орталығындағы этноауылда Достық үйі  – Қоғамдық келісім орталығының 30 жылдығы аясында неміс мәдениетінің алғашқы фестивалі өтті. Бұл шараның шымылдығы мерекелік концертпен түріліп, арнайы қойылған көрме мен неміс халқының ұлттық тағамдары жайылған дастарханға ұласты.

Қаламызда орналасқан бұл мекеме Республикада ашылған ең алғашқы Достық үйі. 1992 жылы негізі қаланып, бүгінге дейін жұмыс атқарып келе жатқан мәдени орталықтың негізгі мақсаты – ұлтаралық келісім мен татулықты нығайтып, әр ұлттың ана тілі мен мәдениетін сақтап қалуына жағдай жасау.

Достық үйі ашылғанда алғашқылардың бірі болып осы Видергебурт неміс мәдени орталығы құрылған. Неміс халқының мәдениетін терең таныту арқылы ұлттар арасындағы достықты нығайтуды мақсат еткен бұл ұжым өз жұмысын тиянақты атқарып келеді.

– Біз бүгінгі шараны орталықтағы белсенділер мен еріктілерді және ұйым мүшелерін марапаттаудан бастадық. Себебі осы уақытқа дейінгі атқарылып келе жатқан жұмыстардың барлығы осы кісілердің еңбегінің нәтижесі. 130-тан астам ұлттың өкілдері тұратын елде әр халық өз мәдениетін танытып, татулық пен ынтымақтың үлгісін көрсетіп келеді. Сол себепті осындай шаралар жиі өтіп тұрса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Видергебурт неміс мәдени орталығы директорының орынбасары Александра Шиллинг.

Мәдени орталықта жұмыс істеп жүргендер жалақы алмайды. Олар ерікті түрде өз ұлтының құндылықтарын дәріптеу үшін тер төгіп жүр.

– Бүгінгі өтіп жатқан шара белсенділер мен еріктілердің арқасында ұйымдастырылды. Мемлекет оларға ешқандай еңбекақы төлемейді. Тек, шараның ұйымдастырылуы мен марапаттауына, киім-кешектеріне ғана аздаған қаржы бөлінген. Біздің жұмыс тек саяси тұрғыдан бағыт-бағдар беріп отыру, – дейді Достық үйі – Қоғамдық келісім ұйымының жетекшісі Эльдар Төлеубеков.

Фестивальге жиналғандардың қарасы аз болмады. Неміс мәдениетімен танысуға келген қала тұрғындары осы ұлттың тағамдары қойылған жәрмеңкеден дәм татып, неміс сәулет өнерінен сыр шертетін фахверк үйлердің ағаштан жасалған нұсқаларын өздері құрастырып көрді.

– Неміс мәдениетінің фестивалі өтеді дегенді естіп, отбасыммен келіп отырмын. Маған барлығы ұнап жатыр. Неміс халқының музыкасы да ерекше әсер сыйлады. Көрмеге қойылған қолдан жасалған әртүрлі бұйымдар да тамаша. Ұйымдастырушылар қызыма қағаздан қолшам жасап үйретіп жатыр. Неміс халқының глинтвейн сусынының да дәмін татып көрдік. Осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса, әр ұлттың арасындағы достық нығая түседі, – дейді қала тұрғыны Александр Колесников.

Ұйымдастырушылар кітапсүйер қауымды да назардан тыс қалдырмаған. Көрмеге қазақстандық неміс жазушыларының кітаптары мен жалпы неміс халқы туралы әртүрлі шығармалар қойылған. Шара барысында жерлесіміз Алдияр Ақылбекұлы Видергебурт ұжымына «Дело номер» кітабын тарту етті.

– Бұл кітапта негізінен репрессия жылдары Қазақстанға жер аударылғандар туралы жаздым. Оның ішінде басты тақырып ретінде әйел адамдарды алып отырмын. Кітап орыс тілінде жазылған. Киын-қыстау кездерде олардың басынан өткен оқиғалары мен жоғарыға жазған хаттары, құпия құжаттарын да осы кітапқа енгіздім, – дейді кітаптың авторы Алдияр Ақылбекұлы.

Бұл шара Өскемендегі Достық үйі – Қоғамдық келісім ұйымының 30 жылдығына арналған жалғыз шара емес. Алдағы уақытта мұндай шаралар өз жалғасын тауып, әр ұлттың өкілдері өздерінің мәдениеті мен салт-дәстүрін көрсетіп, қала жұртын тамсантпақ.

Ынтымақ Толқын

 

Осы айдарда

Back to top button