Неге біз осы кітап оқымаймыз?

Бүгінде кітапханаға барып, қазақ және шетел әдебиетінің төл туындаларын оқимын, ой-өрісімді кеңейтемін деген жастарға барлық жағдай жасалған. Соған қарамастан балалар мен студенттер аталмыш мекемеге анда-санда болмаса, жиі бас сұға бермейді. Мұның себебі неде?
Рас, соңғы жылдары аға буын өкілдері тарапынан: «Жастар кітап оқымайды. Сөздік қорлары жұтаң. Есте сақтау қабілеттері нашар. Таңның атысынан кештің батысына дейін ұялы телефонға телміріп отырады. Қоғамда орын алып жатқан оқиғаларға бей-жай қарайды. Ал мұның соңы жақсылыққа апармайды. Негізі бүгінгі қоғамдағы түрлі қылмыстық оқиғалардың дендеуіне кітап оқымауымыздың кесірі тиіп отыр. Жастар арасындағы қылмыс санының артуы мен тастанды сәбилердің көбеюіне, сондай-ақ бүлдіршіндердің жоғалуының себептері де осыған саятын секілді. Қазір шетел классиктерінің туындыларын былай қойғанда, қазақ әдебиетінің өзі оқылмайтын дәрежеге жетті. Кітап оқылмаған кезеңде ұрпақтың да тәрбиесінің бұзылуы заңдылық емес пе?» деген сыни әңгімелерді жиі естіп жүрміз. Рас, бұл ел болашағын ойлайтын әрбір адамның көкейінде жүрген сауал екені айдан анық. Шынында да, неге біз осы кітап оқымаймыз? Бір жылда 30-40 кітап оқып тастамасақ та, күніне 10-15 бет оқуға не кедергі? Иә, бәріміз уақыт тапшы деп сылтау айтамыз. Алайда әлем ғалымдарының зерттеуінше, күн сайын орташа есеппен үш сағат теледидар тамашалайтын адамның бір жылда жұмсалатын уақыты 1095 сағатты құрайды екен. Бұл дегеніңіз тұп-тура 45 тәулікті құрайды деген сөз. Ал ғалымдар осы уақытты кітап оқуға жұмсайтын болсақ, бір күнде кем дегенде 40 бетті оқып тастауға шамамыз жететінін дәлелдепті. Мұны бізге облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Эльмира Шағыраева айтты.
– Жастар кітап оқымайды деген пікірмен келіспеймін. Оқиды. Алайда олардың дені тек өз мамандықтарына қатысты оқулықтарды қарап, талдап шыққанды ұнататынын байқап жүрмін. Өйткені әркімнің өз талғамы бар, – дейді ол.
Осыдан 30-40 жыл бұрынғы жастар кітапқа үйір болды. Тіпті, қой баққан қойшы да, еден жуушы да, ұстаз бен ғалым да қолынан кітабын тастаған жоқ. Сол әдебиет бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп шықты. Алайда тәуелсіздік алған жылдардан бастап кітаптың қадірі жоғалып кетті. Мұның себебі неде? Оқырман кітап оқығаннан гөрі сериалдарды тамашалап, қажет ақпаратын интернеттен лезде-ақ тауып алуға үйреніп кетті. Сөйтіп, кітаптың орнын жаңа технологиялар алмастырды деген пікір де қалыптасты біздің қоғамда. Алайда кітап пен оқырманның арасының алшақтауының себебін бір сөзбен түсіндіру қиын. Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Эльмира Шағыраева: «Кітап оқырманды тәрбиелейді. Оқыса, әрине… Біз кітапханашылар, қазір интернеттің дамыған дәуірінде адамның бойындағы рухани құндылықтардың жойылып кетуіне жол бермеуіміз керек. Мысалы біздің балалық шағымыз Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабымен өтті. Тәрбиелендік. «Түбі адам болатынымызға» сенімді едік. Кітаптың шынайылығы сонда! Біз әрбір кейіпкердің бойындағы жақсы қасиеттерді алуға тырыстық. Ал жаманынан жирендік. Айтпақшы, кітап оқуға барлық мүмкіндік бар қазір. Түптелген қағазды қорсынсаңыз, смартфонға толығымен жүктеп алып, саусақпен түртсеңіз жетіп жатыр. Демек, оқымауға себеп жоқ. Сылтау көп. Бәрі адамның ниетіне байланысты» дегенді алға тартады.
Әрине, «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей, өзге елдің жастарынан қалыспай, білім алған дұрыс та шығар. Бірақ, газет-журнал, кітап оқымасақ, ол қандай білім болмақ? Бұл біздің елімізді ғана емес, әлем халқын алаңдатып отырған мәселелердің бірі. Сол себептен, бүгінде әлемнің барлық мемлекетінде рухани тоқыраудың алдын алу үшін түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бұл бастамадан біздің еліміз де қалыс қалған жоқ. Жас буынның қызығушылығын арттыру үшін «Бір ел – бір кітап» бағдарламасы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Атап айтар болсақ, 2007 жылы бастау алған игі шара «Абайдың қара сөздерін» оқудан басталды. Одан беріде М.Әуезовтің «Қилы заман», М.Жұмабаевтың «Махаббат жырлары», Ж.Молдағалиевтың «Мен қазақпын», Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», О.Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным», Ф.Оңғарсынованың «Дауа» жыр жинағы, С.Мұратбековтің «Жусан иісі», «Басында Үшқараның» шығармалары насихатталды. Өскемендегі балалар және жасөспірімдер кітапханасында да мұндай шара жыл сайын өтіп тұрады. Оған қатысушылар «Жыл оқырманы» аталымы бойынша марапатталады. «Біз үшін мұндай шараның маңызы зор. Себебі, бұл оқырман тартудың бірден-бір жолы. Сондай-ақ осы шара аясында біз кейінгі буынның бойына оқу мәдениетін қалыптастырып, олардың ана тілімізге деген құрметін арттыруға бар күш-жігерімізді саламыз», – дейді Эльмира Шағырева.
Балалардың қызығушыығын тудырды
Өскемендегі Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінің оқушылары аптасына кем дегенде үш кітапты оқып бітіреді екен. Бұл балалардың кітап оқуға деген қызығушылықтарының артқанын байқатса керек. Біздің бұған аталмыш білім ошағына барып, оқушылармен тілдескен кезде көзіміз жетті.
– Кітап оқудың пайдасы ұшан-теңіз ғой. Білімді боласың. Ал оқыған адамның алмайтын қамалы жоқ екені даусыз. Ой-өрісің дамиды, сөздік қорың көбейеді. Адам кітапты өзі үшін оқиды емес пе?! – дейді ағынан жарылып 4 сынып оқушысы Сырым Абылғазинов.
Бүгінде Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінде білім алып жатқан 3-11 сынып оқушылары сабақтан тыс уақытта жарысып кітап оқиды екен. Кейін олар ой-өрістерін кеңейту үшін бір-бірімен пікір алмасып, кейіпкерлерінің жақсы-жаман жақтарын айтып, ой бөліседі. Мұны бізге аталмыш білім ошағының кітапханашысы Анар Қасымбекова айтты.
– «100 кітап» жобасын қолға алдық. Сөйтіп, балалардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыруды қолға алдық. Нәтижесі жаман емес. Бұдан бөлек оқушылардың тіл байлығын дамыту мақсатында әр күн сайын мақал-мәтел сайысын ұйымдастырып тұрамыз. Қазір балалар 5-10 минуттық үзілісте кітапханаға келіп, сынып болып жарысады. Сөйтіп, өзара кім мықтыны анықтайды, – дейді Анар Қасымбекова.
Әңгіме арасында кітапханашылар балалардың психология, фантастика, детектив пен триллер жанрларында жазылған кітаптарды көп оқитынын атап өтті. Әрине, талғамға талас жоқ. Десе де, жастар мемлекеттік тілде жазылған психологиялық кітаптар аз дейді. Ал Ж.Аймауытовтың «Психология» кітабы ше? Тіпті, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» кітабы толған психология емес пе? Оны Ерболдың алғашқы ғашығы Сәлиманың анасының айтқан сөзінен байқауға болады: «… әйелге керек үш негізгі қасиет бар, ағай. Олар: еңбекшілдік, ақылдылық, сұлулық» дейді Меңтай Ерболға. Осыдан асқан қыздарға қандай психологиялық көмек қажет? Қандай кеңес қажет?», – дейді кітапхана қызметкерлері.
«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» дейді жазушы Әбіш Кекілбаев. Адам материалдық тұрғыда қанша бай болғанымен, рухани жағынан кедей болса, одан еш пайда жоқ. Сол себептен кез келген жан рухани тұрғыдан бай болуы тиіс. Бұл пікірмен аталмыш білім ошағының кітапханашысы Нұрзат Орымханқызы келісетінін айтты.
– Ақпараттық технологиялар дамыған заманда кейінгі буынның рухани жұтаңдыққа ұшырауына жол бермеуіміз керек. Өйткені болашақ – жастардың қолында, – дейді Нұрзат Орымханқызы.
Сағатбекова Ажар