Мәдениет

Құнды жәдігерлер сандық форматқа көшеді

Халықаралық жастар күніне арналған ІX мобильдік медиа мектебі ұйымдастырылды. Аталмыш іс-шара барысында Катонқарағай ауданындағы Берел қорық-музейінің құнды жәдігерлерін цифрлы форматқа көшіру және оларды сақтау бойынша шеберлік сағаттары өткізілді.
«Берел мәдениеті: жәдігерлерді цифрлық форматқа көшіру» атты ІX мобильдік медиа мектептің өткізілуіне Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы жаһандық коммуникация департаменті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті мұрындық болды.
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Роза Чекетаеваның айтуынша,Әәл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде ашылған журналистика мектебі өңірлік БАҚ өкілдеріне арналған көшпелі семинарлар сериясын осыған дейін Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында өткізген екен. Бұл жолғы кезек «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығына келіпті.
– Үлкен Берел қорғандары аумағында өткізіліп жатқан семинардың жақсы жақтары көп, – дейді Роза Чекетаева. – Оның қатысушылары жәдігерлермен, көшірмелермен, сызбалармен жұмыс істеп, басқа да зерттеулер жүргізеді.
Медиа мектеп жұмысы барысында Берел мәдениетін цифрлы форматқа көшіру және тарихи жәдігерлерді сақтау модульдары бойынша қазба жұмысына келген археолог-студенттерге семинарлар, шеберлік сағаттары өткізілді. Жастар жылы аясында Халықаралық жастар күнін археолог студенттермен бірге атап өтуді мақсат тұтқан іс-шарада қатысушылар «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайын аралап, қорғандағы қазба жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ жастар «Берел және Шілікті қорғандарының ұқсастығы мен айырмашылығын анықтайық» тақырыбында топтық жұмыс орындап, Венн диаграммасын құрап шығарды.
– Берел қорғандары Шығыс Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ тұтастай еліміздің брендіне айнала білді, – дейді белгілі археолог, профессор Зейнолла Самашев. – Жақында бұл жерде Халықаралық суретшілер бірлестігі үлкен жұмыс жүргізді. Қорған аумағы суретшілер мен фототілшілер бас қосатын орынға айналуда.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button