Білім

Үндістан сапары таным көкжиегімізді кеңейтті

Қазіргі заман – білімнің заманы. Білім нәрімен сусындататын тұлға – мұғалім. Ал мұғалімнің білімін жетілдіріп отыруы – заман талабы. Осы мақсатта жазғы демалыс кезінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған ағылшын тілі мұғалімдері Үндістанның  Қазақстандағы елшілігінің ITEC (Indian Technical and Economic Cooperation) техникалық-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді алты апталық курстан өтіп келді.

Үндістанның Хайдарабад қаласында орналасқан Ағылшын және шет тілдер университетінде білімдерін жетілдіріп, тәжірибе алмастыру мақсатында облысымыздың Зайсан, Күршім, Үржар, Бесқарағай аудандарынан және Аягөз қаласынан алты мұғалім барды.

Қажетті құжаттарды жинақтап, онлайн үлгідегі өтініш толтырған соң Нұрсұлтан қаласындағы Үндістан елшілігіне барып, Үндістанның Қазақстандағы елшісі Прабхат Кумар мырзамен кездестік. Әуе билеттері, оқу курстары, тұратын жер, оқу материалдары мен экскурсиялары Үндістан үкіметімен қаржыландырылды. Мұғалімдер осындай мүмкіндік беріп отырған Үндістан үкіметіне алғыстарын білдірді.

Бұл оқу орны ағылшын тілі мен басқа да шет тілдерін оқытатын Шығыс Азиядағы бірден-бір университет болып табылады. Курс барысында профессорлар мен ғылым докторларынан дәріс алдық. Мұнда тек білімімізді жетілдіріп қана қоймай, қаланың көрікті, тарихи жерлеріне  әр сенбі сайын саяхатқа шығып тұрдық.

Үндістанмен таныстығымыз Гиннесстің рекордтар кітабына енген Рамоджи фильм қалашығынан басталды. Мегаполистің эталонына айналған Чарминар мешіті, хайдарабад низамдарының сарайлары, тастан қаланған бекіністер, Чилпарамам қолөнер базары сияқты тарихи жерлерін тамашаладық. Әр жұма сайын Үнді елінің мәдениетімен таныстыратын дәрістер болып тұрды. Ғажайып үнді киносы мен жұпар иісті үнді шайының елі деп  танылған мемлекет, бізді күннен-күнге таңғалдыруын қоймады. Үндістан бізді өзіндік ізгі рухани мұрасымен, сыры да, сыны да сақталған әдет-ғұрыптарымен, дәстүрлерімен, терең қайнарлы би-сазымен  аса бай мәдениетімен  баурап алды.

Сонымен қатар мектептеріне де бардық. Мемлекеттік мектеп пен жекеменшік мектеп әкімшілігі шетелден келген қонақтарға қонақжайлықтарын танытып, өздерінің дәстүрі бойынша маңдайымызға синдур жағып, мойнымызға гүлден тоқылған алқа іліп қарсы алды. Курстың соңғы күндері Үндістанның тәуелсіздік күні мерекесіне дөп келді. Бұл күндері аталмыш оқу орнында Қазақстанның мәдени күнін өткіздік. Еліміздің байрағы түстес көк және сары түсті киімдер киіп, көрермендерге шашу шашып, өзіміз дайындаған бауырсақ, шелпек, жент және Қазақстаннан алып барған құрттың дәмін таттырдық. Үнділерге арқан тартқызып, асық ойнаттық. Қазақстанның мәдени күні шараға жиналған көрермендер жаппай қара жорға биін биледі. Қазақ тілін түсінбесе де қазақ тілінің өзіндік әуені, мақамы барын  патриоттық әндер арқылы жеткізуге тырыстық.

Қазақ деген ел, ұлт бар екендігін, олардың өз тілі, тарихы, мәдениеті, әдебиеті, салт-дәстүрі тағы басқа рухани құндылықтары бар екендігін біліп жүрсін деген ниетпен қолымыздан келгенше таныстырып бақтық.

Өткізген шарамыздың оларға ұнағанын олардың көзқарастарынан-ақ байқадық. Ашық сабақ көрсетіп, тест тапсырып, курсымызды тамамдадық. Университет әкімшілігі қолымызға сертификатымызды ұстатып, шығарып салды.

Бұл сапар біздің таным көкжиегімізді кеңейтіп, білімімізді ұштай түскені сөзсіз.

Жалбыз Жағыпарова,

Абай орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі.

Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button