Білім

Өндіріс мамандарын даярлайды

    Бұл күн шынында да, «Үржар колледжі» тарихына алтын әріптермен жазылатын айтулы күн болғаны анық. Өзінің 64 жыл жүріп өткен жолында іргесінің кеңіп, шаңырағының биіктеген сәті еді.

2012 жылы «Үржар колледжі» атанып, қайта түлегелі  бұрынғы Таскескен аудандық партия комитетінің үш қабатты зәулім ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, іші-сырты жаңаланып, пайдалануға берілді. Аудан халқы болып асыға күткен оқу ғимаратының символикалық кілтін «Айзат құрылыс» ЖШС-нің бас директоры Бақытжан Құнапиянов колледж директоры Қанағат Чарахметовке табыстады. Оқу ғимаратының бас корпусының ашылу салтанатына келген қонақтар білім ордасының ішін аралап, колледждің мәжіліс залында Үржар аудандық мәдениет үйінің оркестрінің концертін тамашалады. Облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары К.Оспанғалиев, Үржар ауданы әкімінің орынбасары Б. Тұрлыбеков, “Қазақстан барысы” турнирінің бірнеше дүркін жеңімпазы, елімізге әйгілі балуан Айбек Нұғымаров, колледждің әлеуметтік серіктестері,  тағы басқа танымал азаматтардың жүрекжарды лебіздерінен кейін оқу орнының ішін аралап көрген жұртшылық білім ордасының бүгінгі заманға лайықталған келбетіне тамсанысты.

Атауы әлденеше өзгерген колледж бүгінге дейін негізгі мақсатынан, сапалы  кәсіби білім беруден айнымады. Сол тұста ұжым басшылары Павел Азаренков, Уалихан Қанапьянов, Оразанбай Тұрғазиндер болды.  Колледжде бүгінде 200 бала техникалық білім алатын өңірдегі бірден-бір іргелі оқу орны. Мұнда қазір жастар «Фермер шаруашылығы», «Автомобиль жүргізушісі», «Дәнекерлеу ісі», «Тамақтандыруды ұйымдастыру»,  «Ветеринария» мамандықтары бойынша білім алады. Колледж директоры Қанағат Маратұлының айтуынша,  соңғы жылдары материалдық-техникалық базаны жақсарту, оқу үрдісін заманауи ақпараттандыру деңгейіне көтеру бағытында  ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл әлбетте, жас мамандардың кәсіби білімін нығайтуға зор мүмкіндік берері анық.

-«Үржар колледжі» осы өңірдегі кәсіби мамандар даярлайтын бірден-бір оқу орны болғандықтан, материалдық-техникалық базасының лайықты жабдықталуы аса маңызды. Бүгінгі бас корпустың ашылуы тарихи сәт деуге болады. Оқу орнының қайта жаңғыруына Мәжіліс депутаты, жерлесіміз Нұртай Сабильяновтың зор ықпалы болғанын айта кетуіміз керек. Қазіргі күні колледж жатақханасы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа жылу қазандығымен жабдықталған. 58 орынға арналған жатақханамыз бар. 13000-нан астам кітап қоры бар кітапханамыз бен оқу залы жұмыс істеп тұр.  Шыны керек, колледж   инженер-педагогтары республикалық, облыстық деңгейдегі түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып жатады. 2018 жылы «World Skills» сайысына  оқу-өндіріс шебері Роман Телемисов колледж студенті Советқалиев Нұрасылды апарып, ол «Ауыл шаруашылығы  өндірісіндегі слесарь-жөндеуші»  құзыреттілігін  алып, І орын  алды.  Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында, өндіріс салаларында түлектерге деген сұраныс өте жоғары,-дейді колледж директоры Қанағат Чарахметов.

Берікхан Тайжігіт

Осы айдарда

Back to top button