Нағыз таланттарды өнерге тартып еді

Марқа өңірінің өнерін облыс, республикаға, Мәскеуге, шетелге танымал ету үшін мықты ұйымдастырушы керек болды. Сол кездегі өнер тарландарының бірі әрі бірегейі – Зейнолла Қайырханұлы Омаров еді.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Марқакөл аудандық Мәдениет үйінде аса талантты өнерпаздардың бір тобы жұмыс істеді. Сол таланттардың дарын-қабілеттерін ұштап, ортақ іске жұмылдырған аудандық мәдениет бөлімін басқарған Зейнолла Омаров болды. Зейнолда Қайырханұлы 1938 жылы Горный, қазіргі Ақбұлақ ауылында дүниеге келген, 1958 жылы Теректі орта мектебін үздік бітірді. 1971 жылы Алматыдағы Жоғары партия мектебінің журналистика факультетін бітіріп, Марқакөл аудандық «Шамшырақ» газетінде қызмет атқарды.
Алексеевка орта мектебінде ән сабағынан дәріс оқып, оның тума таланты, өнерге деген құштарлығы мәдениет бөліміне басшылыққа дейін алып келді. Өмірден жастай кеткен Зейнолла көкем еліне ертерек танымал болып, өзінің сегіз қырлы бір сырлы болмысымен ерекшеленді. Домбырамен ән айтқанда жұрт ұйып тыңдайтын. Кененнің «Базарым-ай, Назарым-ай», Мәдидің «Қарқаралысын», «Әудемжерді» нақышына келтіре орындайтын, мандолин мен баянды қүйқылжыта тартып, айналасын думанға бөлеуші еді. Өнердің серкесі, халқының еркесі еді, тартқан күйлері қазақ радиосының алтын қорында сақталған. Лұқпанов Сағатбек, Минутбек жездемізбен аудан көлеміндегі айтыстарын Марат Сақатов магнитофонға жазып алып жүретін. Кітаптан бас алмай оқитын, отырған жері әзіл мен қалжың, табан астында суырып салып өлең шығарып, елді күлкіге бөлейтін.

Зейнолла Қайырханұлы сахнаға ірі қойылымдарды қоюды талап етті. Ол өзі де рөлдер сомдаған. «Беу, қыздар-ай», «Қуырдақ дайын», «Әр үйдің еркесі», «Айман – Шолпан», «Қаракөз», тағы басқа үлкенді-кішілі пьесалар сахналанып жатты. «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан», «Коммунизм туы» (Қазіргі «Дидар») газеттерінің қоғамдық тілшісі бола жүріп, өз қызметін де қалтқысыз атқарды. Сол кездегі басылған мақалалары Зейнолла ағама арналған «Қыран ғұмыр» атты кітабыма кірді. Өнердегі шәкірті Жолаушы Тұрдығұлов: «Тура мінезді, өнерге өнер деп қараған қайран ағамыз-ай! Қаншама қыңыр-қисықтарды ұрмай-соқпай, ақылмен жолға салып, өмірді, өнерді бағалай білуді үйретіп кетті. 1972 жылы Марқакөл ауданында төрт бірдей коллектив «халықтық» деген атаққа ие болды. Ол кезде комиссия Мәскеуден келетін. Бұлар халықтық ән-би ансамблі «Ақтолқын», Марқакөл халықтық драма театры, «Халықтық ұлт-аспаптар ансамблі» және «Сәуле» халықтық үгіт-насихат театры еді. Жетекшісі Зейнолла ағамыздың туған жиені –өнер тарланы Марат Сақатов еді. Міне, Зәкең қалдырып кеткен із осындай болатын. Ол кісіден тәлім-тәрбие көрген, әр қиырдан жиналған азаматтар кейін өз өнерлерімен бүкіл елге танылды. Зайсан өңірінен Ораз Кәкеевті, Күршімнен Қаракөз Болатованы, милиция қызметкері Марат Сақатовты, Зайсаннан Ельхом Ниғыметжановты, Қарашіліктен Шайқуали Есетовті, қаройлық Әнуарбек Отарбаевты, былғарытабытылық Айтжамал Сақатованы, теректілік Рахметолла Тұрабаевты өнерге тартты. Әр салада жүрген жастардың бойындағы таланттарын жазбай танып, бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтып, қай салада болмасын білгірлігімен таңдандыратын. Өте сауатты, саяси көзқарасы саналы, асқан жоғары мәдениетті азамат ретінде Зейнолла аудан, облысқа танымал еді. Зәкеңнің жүріп өткен өмір жолы бәрімізге үлгі-өнеге болды, азғана ғұмырында қаншама үлкен істер атқарды», деп еді. Өнерді сүйген асыл азамат небәрі отыз бес жыл өмір сүрді. Осы аз ғұмырында халқының өнерін өрге сүйреген, еліне адал қызмет істеп, із қалдырған ағамды осы жылы Марқа өңіріндегі Теректі ауылында балалары, туыстары, шәкірттері еске алып кеш ұйымдастырмақ.
Мәншүк Омарова – Досқараева,
мәдениет қайраткері