Наурыздағы сиқырлы цифрлар

Жыл келді! Жыл басы тышқан келді. Қаптесердің қалай болмасын қамбалап астық жиятын, топырлатып ұрпақ көбейтетін қасиетін білетін қазекем бұл келген жылды ырысты жылға балапты.

Соңғы 120 жылдың еншісінде төрімізге 11 мәрте шыққан бұл жыл иесінің тарихында қазақты қан қақсатқан жылдары жазылмапты. Есесіне, жанына жұбаныш болған, жанарын сәл құрғатқан кезеңдерге тура келіпті. 1900 жылдан бергі әр 12 жылға бір назар аударсаңыз, бұл ойымызға шүбә келтірмейсіз.

Биыл түркі халықтарының төл мерекесіне айналған қасиетті тойымыз тұңғыш рет мемлекеттік деңгейде аталып өтпейтін болды. Себебі түсінікті, жалғанға жамандық шашып тұрған жаман тұмаудың әлегі. Бұл күн де өтер, көп болып көже ішетін берекелі күндер де жетер. Көршісімен, болмаса көңілжетерімен отырып ішетін бір саптаяқ көже ертең де табылар. Алла халыққа амандық берсін деп тілейік.

Біз соңғы отыз жыл деп Наурыз мерекесіне мемлекеттік тұрғыдан көңіл бөле бастаған кезеңдерді айтып отырмыз. Әйтпесе, бүкіл түркі халықтарының төл мерекесі саналатын ұлы тойдың тарихы арыда жатқанын талай ғалым-жазушылар жазып-сызып кеткен. Бір ғана мысал, жерлес жазушы, қазақ тарихын қазбалы байлықтай қашаған Таласбек Әсемқұлов ағамыз «Тұмар падиша» туралы тарихи жазбасында Наурыз тойына кеңінен тоқталған. Салт-дәстүрлерді, ұлттық ойындарды сондай нанымды бейнелеген. Сол дәуірге барып репортаж жазғандай әсер қалдырады. Ендеше сақ дәурінде болған салт-дәстүрге бай наурыз тойы бүгінге дейін сабағы үзілмей жетуінде үлкен мән бар шығар. Жеті түрлі астың дәмінен құралған көжесінің өзі құт-берекеге толы ғой.

Жу сөзінің аты қытай, заты түркі

Бала күнім Ертіс бойындағы шәкене ғана малшы ауылда өтті. Берекесі бұзылмаған оншақты үй еді. Айналасы екі-үш күннің ішінде сол үйлерден тегіс көже ішетінбіз. Әр шаңырақтың көжесінің дәмі де әртүрлі. Бірақ қосатын дүниелері бірдей. «Абылайдың қара қосының дәмі» деп сыбаға сыйлаушы еді кейбір үйлер. Еттің ең дәмдісі де сол болатын. Бұл Сауырдан келген сыбаға. Біздің ауылдың жігіттері «жу» басталмай тұрып қоралы қойын сауыр тауына отарға апарып, «жу» шыға, «отамалына» жетпей қыстауға әкелетін. Жаңағы қара қостың дәмі солардың соғымының сарқыты ғой. Сәуірдің басында күйек басталатындықтан, төлдеулікке көшпей тұрып, ағайын-туыспен бірге көп көжесін ішетін. Қыстай көрмеген жігіттермен отырып ішкен сол көжеде сағыныш та, мейірім де бар еді. Жаңағы сол кездегі ақсақалдардың аузынан еститін «жу» деген амалды қытайдан кірген есептеу тәсілі шығар деп қабылдайтынмын. Өйткені қытай халқы тоғыз санын «жю» деп атайды күні бүгінге дейін. Желтоқсан айының 21 күні кірген жу наурыз айының 13 күні шығады. Алтай елінің сақылдаған саршұнақ аязды көретін күндері де осы тұста екені белгілі. Темір жу, мүйіз жу, киіз жу деп үшке бөліп тастаған. Әр жуда 27 күннен. Ол 27 күнді тағы үшке бөліп, басқы тоғыз, ортаңғы тоғыз, соңғы тоғыз деп үш тоғызға бөледі. Кейін ес біліп, елмен сөйлесе бастағанда ойласам, амал қытайдың санымен аталса да, бұл Алтайды ен жайлаған елге тиесілі амал екен. Анау ұлы қорғанның ар жағында жатқан елдің климатына дым қатысы жоқ, Алтай елінің көшпенді өмірінен құралыпты. Қытай халқы көктем мерекесін қаңтарда, болмаса ақпан айының ортасында тойлайтыны белгілі. Күн мен түннің қысқы тоқырауында басталып, самарқанның көк тасы жібитін шақта шығатын есепетеу амалы шынында оларға қатысы жоқ қой.

Наурыздағы сиқырлы цифрлар

Иә, біздің елдің кейбір ақындары Самарқанның көк тасы 13 наурызда жібиді деген уәж айтып жүр. Орыс халқының да «14 наурызда торғай тұмсығы суға батса қыстан құтыламыз» деген ұстанымы бар. «Әбдеке» деп атап жүрміз оны. Ал Батыс Қазақстандағы бауырлар «14 наурызды» «Көрісу» күні деп тойлап келеді. Қыс қырынан аман шыққан елдің бір-бірін аман-есен көруінен шыққан дәстүр. Бұл туралы Шәкерім қажының ұлы Ақат та ұтымды уәж айтыпты. «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – «ұлыс». Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар», – деген тіпті ескі мақал».

Бұл он төрт күнді қайдан шығарды деп басыңыз қатпасын. Ескіше жыл санау мен жаңаша жыл санаудың арасынан шыққан 14 күн бұл. Абайдың туған күнінен жаңылып жүргеніміз де сол екі жыл санау есебінің айырмашылығы ғой. Демек, біздің наурыз тойымыз 14 наурыздан басталуы керек. Алтайдың аязының шығатын тұсымен тұспа-тұс келетін жуыңыз да аты қытайдікі болғанымен, заты түркі жұртының амалы болып отыр ғой. Бұл есептеу амалын моңғол ұлты да, ондағы қандастар да пайдаланады екен. Демек, көшпенді елдің бұл ұстанымы Батыстағы бауырлармен де үндесіп жатыр деген сөз.

Күн мен  түн 22 наурызда теңеледі. Күн мырза сол күннен бастап теңдігін алып, жылылық пен сұлулық хандық құра бастайды. Ал біз айтып отырған 14 наурыз сол хандық құрғалы тұрған ғаламат тойдың сүйіншілі ақ таңы деп қабылдауымыз керек шығар. Наурыз тойын сегіз күн тойлаймыз (14-22 наурыз) деген жарлық та осындай көшпенді елдің көне дәстүрі мен жергілікті жердің климатына қарай шығарылса керек.

Мұратхан Кенжеханұлы