Мәдениет

Наурыз мейрамы тоғыз күн тойланады

Наурыз мейрамы тоғыз күн тойланады


Наурыз Бірікке ұлттар ұйымының 2010 жылғы қарарына орай әлемдік мереке ретінде аталып өтуде. Аталмыш мейрамның қазақ халқының өміріндегі рөлі тіптен ерекше. Басқасын айтпағанда осынау Ұлыстың ұлы күніне мемлекеттік дәреже беріп, үш күн бойы ресми мерекелеудің өзі де осыны аңғартса керек. Расында, елімізде Наурыздан өзге бірде-бір мереке ресми түрде үш күнге созылмайды.

Бұндай бастамаға Елбасы бірнеше мәрте қолдау білдіріп, түптің түбінде осылай болуы тиістігін алға тартқан болатын. Мәселен, 2009 жылы Президент: «Тарихы тереңде жатқан Наурыз мерекесі қазақ жерінде әрқашан тойланған, алайда, бір замандарда халқымыз оны жоғалтып алды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін төл мерекемізді біз қайтадан жаңғырттық. Түбінде біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет. Қытай өзінің жаңа жылын ақпанның ортасында бір апта тойлайды. Шығыстың барлық халқының өз жаңа жылдары бар. Біз де түбінде өз мерекемізге келуіміз керек» деген болатын.
Тоқтала кететін тағы бір мәселе – Наурызды тойлаудың жөн-жосығы. Соңғы кездері Наурыз мерекесін оңтүстік өңірлер 14 наурыздан 23 наурызға дейін атап өтуде. Осыған байланысты мерекелік шаралар 9 күнде 9 түрлі атау бойынша ұйымдастырылады. Мәселен, 14 наурыз күніне «Көктем шуағы» атауы беріліп, жастар қарияларға қолғабыс жасайды. Ал, 15-інен 22-іне дейінгі күндер «Тағзым күні», «Алас күні», «Береке күні», «Өніс күні», «Жайнау күні», «Шаттық күні», «Үйлесім күні», «Ұлыс күні» аталған. Жалпы, мерекелер тізбегінің нақ осы 14 наурыздан басталуы бекерден-бекер емес. Бұл күні, яғни наурыздың 14-ші жұлдызында бағзыдан келе жатқан «Көрісу» мерекесі тойланады.

«Көрісу» туралы не білеміз?

Наурыз мейрамы тоғыз күн тойланады

Еліміздің батыс өңірлеріндегі халық Наурыз мейрамын тойлауды 14 наурыздан бастап кетеді. Ол жақтағы жұрт бұл мерекені «Көрісу» немесе «Амал» деп атайды. Маңғыстау, Атырау облыстарында тегіс, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей бөлігінде аталып өтілетін бұл мерекені Ресейдің Астрахань, Саратов, Орынбор өлкесіндегі, Өзбекстанның Қарақалпақстан Республикасындағы қазақтар да тойлайды.

Таң атысымен «Көрісу» мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарханын дәстүрлі тағамдармен көмкеріп, наурыз көжесін дайындап, табалдырығын аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алады. Оларға ілтипат көрсетіп, төріне шығарады, ас ұсынады.

Дәл осы күні әр адам өзінен жасы үлкен кісілердің шаңырағына кіріп, амандасып, көріседі. Барған үйіне «Бір жасыңызбен!» «Жасыңыз құтты болсын!», «Жасыңыз қайырлы болсын!» деп еніп, жаңа жылға аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын құттықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса, кешіріседі, аман-саулық тілеседі.

Сондай-ақ, әр отбасы көршілерімен көріседі. Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс. Үйді-үйді қыдырып жүргенде балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.

Бір ерекшелігі – «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді.

Мереке неге 14 наурызда тойланады?

Жалпы, біз «жыл» деп Жердің Күнді айналуын, «ай» деп Айдың Жерді айналуын, тәулік деп Жердің өз осьін айналуын айтамыз. Жердің Күнді айналуы – 365 тәулік 5 сағат 54 минут болса, Айдың Жерді айналуы – 29 тәулік 11 сағат 49 минут, ал Жердің өз осьін айналуы – 23 сағат 56 минут 4 секунд. Бұдан біз ойлағандай жылдың дәл 365 күн, айдың дәл 30 күн, тәуліктің дәл 24 сағат емес екенін ұғамыз.

Біздің жыл санауымыздан 45 жыл бұрын Рим императоры Юлий Цезарь Мысыр күнтізбесінің негізінде елге жаңа күнтізбе енгізеді. Бұл күнтізбе бойынша жаңа жыл 1 наурыздан басталды. Юлий күнтізбесі Еуропаға кеңінен таралып, өзінен де дәл жаңа күнтізбе шыққанша 1600 жыл бойы «дәурендеді». Кейінірек жүргізілген есеп бойынша, Юлий күнтізбесінің 128 жылда 1 тәулікке артта қалатын қатесі бары анықталды. Бұл жаңалық жаңа «Григорий» күнтізбесінің пайда болуына ықпал етті.

Ал, патшалық Ресейге Юлий күнтізбесі I Петрдің жарлығымен 1700 жылы енгізілген. Бұған дейін әлем жаратылғанынан бері деп есептеліп келген 7208 жыл – 1 қаңтардан бастап 1700 жыл деп өзгертілді. Ал, ол кезде Еуропа Григорий күнтізбесіне ауысып кеткен еді (1582 жылы). Екі күнтізбедегі айырмашылық себебінен бұл кезде Ресейде 1700 жылдың 1 қаңтары болса, Еуропа елдерінде 1700 жылдың 10 қаңтары кіріп жатқан еді.

Уақыт өте Григорий күнтізбесі бүкіл әлемге таралды. Біз құрамында болған Кеңес Одағына ол 1918 жылы енгізілді. 1918 жылдың 24 қаңтарында Ленин «Батыс Европа күнтізбесін Ресейге енгізу туралы» декретке қол қойды. Бұл кезде Юлий және Григорий күнтізбелерінің арасындағы алшақтық 13 күнге жеткен еді (1700 жылы екі күнтізбедегі айырмашылық 10 күн болғанын жоғарыда айтқанбыз). Декретте көрсетілгендей 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі күн 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелді. Соның әсерінен бұрын 1 наурызда Жаңа жыл – Ұлыс күнін тойлайтын қазақ елі 1918 жылдан бері қарай «Көрісу» мерекесін 14 наурызда тойлайтын болды.

Кейде «Амал» деп те атайды

Бұрынғы қариялар 22 наурызды «қызылбастың наурызы» дейді екен. «Қызылбас» – Парсы елінің (Иран) бұрынғы атауы. «Наурыз» сөзі парсы тілінде «жаңа күн» дегенді білдіреді. Қазақ халқы «Наурыз» демей, «Амал» деген. Қазіргі күні 14 наурызда еліміздің батыс өңірі ғана ұлыс күнін тойлап, көріседі. 70 жылғы тепкіден еліміздің қалған аймақтарында бұл дәстүр ұмытылған. Әйтпесе, күллі қазақ күні кешеге дейін амал мерекесінде көрісу салтын жасап келген деген дерек бар. Бұған Шәкәрім қажының баласы Ахаттың мына естелігі дәлел: «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтатын: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – «ұлыс».

Наурыз мейрамы тоғыз күн тойланады

Шығыс елдерінің күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал – Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. Ертеде қазақ бұл күнді «Наурыз» демей «Амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. «Көрісудің» екінші атауы «Амал» болуының сыры осында. Ал «Көрісу» деп аталып кетуі осы «Амал» мерекесінде жасалатын басты салт – көптен көрмеген бір-біріне жақын адамдардың кездесіп, көрісуі, өкпе-ренішке байланысты бет көріспей жүрген кісілердің кешірісіп, жүздесуінен туған.

Соңғы жылдары елімізде мейрам аясы кеңейіп келеді. Бүгінгі жаһандану заманында қазақтың ұлт болып сақталып қалуының бірден-бір кепілі – салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды ұрпақ санасына сіңіру. Сондықтан ел бірлігіне, ынтымаққа бастайтын Көрісу мейрамын тойлаудың еш артықтығы жоқ.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button