Қоғам

Наурыз мерекесін қалай атап өтеміз?

Наурыз мерекесін қалай атап өтеміз?

Бес күнге созылатын Наурыз мерекесі күндері облыс орталығы ән мен күйдің құшағына бөленеді. Ұлыстың ұлы күні Өскеменнің барлық шағын аудандарында мерекеленетін болады.
Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Бұлбұл Бакинованың айтуынша, 22-наурыз күні орталық алаңға 20 киіз үй тігіліп, әрбір отау өзіндік тақырыбымен ерекшеленбек. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Абайдың 170 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы сияқты айтулы мерекелер қатар келіп жатқан жаңа 2015 жыл қызықтарға толы болмақ.Ендеше 18-наурыздан басталған мерекелік іс-шаралардың барлығын жіпке тізіп айтып жатпай-ақ, ең негізгілеріне тоқталып өтейік.
20-наурыз күні сағат 12.00-де Кожедуб көшесінде «Наурыз – ізгілік мейрамы» атты шара мен Спорт сарайында жас хоккейшілер арасындағы облыстық «Жұлдызша» турнирінің ашылу салтанаты және сағат 13.00-де «Теміржолшылар» саябағында Наурыз мерекесі аталып өтеді.
21-наурызда сағат 10.00-де «Бастау» сауда үйінің жанындағы шағын алаңқайда «Наурыз – көктемнің шуақты мерекесі» атты іс-шара басталады. Дәл осындай шаралар Жаңа Согра, Күленов кенттерінде де болады. Сағат 12.00-де Жекпе-жек сарайында 1999-2000 жылы туылған жасөспірімдер арасында бокстан қалалық біріншілік өтеді.
22-наурыз күні сағат 11.00-де Республика алаңында «Наурыз – 2015» мерекелік қойылымы басталады. 18-00-де жастардың би кеші және кешкі мерекелік бағдарламалар жалғасады. 21.00-де мерекелік отшашу. Қала басшылығы түнгі Наурызды да назардан тыс қалдырмапты. Отшашудан кейін қала жастарын «Peoples» түнгі клубы «Наурыз-party» мерекесіне шақырады.
23-наурыз сағат 9.00-де «Фрешмаркет» және «Дос-Нар» сауда орындарының жанында мерекелік жәрмеңке жалғасады. Сағат 11.00-де «Достық» сауда үйінің маңында «Наурыз – жыл басы» мерекесі өтеді. Бұдан басқа да мерекелік іс-шаралар Өскеменнің әр шағын ауданында 25-наурызға дейін жалғасады.
Бұлбұл Бакинованың айтуынша, 22-наурыз күні кешкі мерекелік бағдарламалардан соң қала орталығынан шеткері қатынайтын тұрғындар үшін қоғамдық көліктердің жүру уақытын созу мәселесі де қаралып жатыр екен. Дәл осы күні алаңға той тойлай келген қала тұрғындары мен қонақтарына байрағымызда бейнелеген өрнектермен әдіптелген патриоттық ленталар таратылады.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button