Білім

Наурыз кездесулері көкжиекке жол ашады

Жақында «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» дәстүрлі Наурыз кездесулері өтті.  Бұл жолғы ХІІ Наурыз кездесулері «Биомедицина, инженерия және технологиялар» тақырыбына арналды.

 Наурыз кездесулері – оқушылардың ғылыми таланты мен зерттеушілік шабытын көктем мерекесінің дәстүрлерімен тоғыстыратын айрықша шара. 2011 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Наурыз кездесулері жыл сайын заманауи ғылымның жаһандық басымдыққа ие өзекті тақырыптарына арналады.   Бұл жолы да Астанада денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект, роботты техника, машиналық ойлау және үлкен деректерді енгізу жобаларымен табысты жұмыс істеп келе жатқан барлық зияткерлік мектептердің жас ғалымдары жиналды. Мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары 3D-биопринтингке, ақылды протездер мен биоинтерфейстерді жасауға және заманауи медицинаның басқа да өзекті басымдықтарына арналды.

  • Бүгінде жасанды интеллект пен BIG DATA медицинада революция жасауда. Осы қайталанбас шараның бүгінгі қатысушылары болашақта студент атанып, тек қазақстандық емес, әлемдік ғылымды да насихаттайтынына сенімдіміз, деді Назарбаев университетінің медицина бойынша вице-президенті, Медицина мектебінің деканы Массимо Пиньятелли.

Жалпы білім беретін мектептер атынан жоба қорғайтын оқушылардың үлкен тобының   Астанаға сапарын  Білім беруді тұрақты дамыту қоры ұйымдастырды. Еліміздің барлық өңірінде 17 тірек мектепті дамыту бойынша сұранысқа ие жобаның жаңа кезеңі Наурыз кездесулеріне қатысудан басталады.

Наурыз кездесулеріне қатысқан Ұлан ауданындағы Райымжан Мәрсеков атындағы орта мектептің оқушысы Сырым Жандосұлы өз жобасын одан әрі дамытуға мүмкіндік алды.

Алған жаңа білімімізбен міндетті түрде бөлісеміз. Алдағы уақытта Наурыз кездесулеріне тағы да қатысқым келеді, дейді Сырым.

Ал Өскемендегі NIS оқушысы Ділназ Масалимова артрит және артроз секілді аурулардың алдын алу үшін бактерицидтік пленкалар жасап шығарыпты. Ол Наурыз кездесулері  биомедицинаға деген қызығушылығын арттырғанын айтады. Болашақта ол Назарбаев университетіне түсіп, отандық фармацевтиканы дамытуға үлес қоссам деп армандайды.

Мейрам Екпін

 

Осы айдарда

Back to top button