Мәдениет

Нариманның тұсауын кесті

Нариманның тұсауын кесті


Өскемендегі Балалар ауылының шаңырағында тұсаукесер тойы өтті. Қонақтар осы мекеменің түлегі Жансая Тохтағанованың ұлы Нариманның тұсауын кесу рәсіміне жиналды.

Тұсаукесер рәсімін облыстық драма театрының әртістері, ақжаулықты аналар Гүлбақыт Бақтыбаева мен Майра Арғынбаева бастады. Мерекеге сай безендірілген сахнаға ұлттық киім киіп шыққан кимешекті аналар «қашан да баланың жолы ашық болсын» деген ырыммен алдымен ақ мата төседі. Одан кейін анасы Жансая кішкене сәбиі Нариманды ортаға алып шықты. Кішкене бүлдіршіннің тұсауын әдетте әрі сыйлы, әрі жүрісі ширақ, ісі епті адам қияды. Бұл жолы таңдау облыстың ардагер ұстазы, ұлағатты жан, бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған Мәкен Рахымқызына түсіпті. Мәкен апай сәбидің аяқтарына байланған ала жіпті пышақпен кесіп, «Тәй-тәй басқан қадамың құтты болсын! Ешқашан сүрінбей, еліңнің зиялы азаматы бол!» деген аналық ақ батасын берді. Бұдан кейін сәбиге сый-сияпат жасау үшін ортаға шыққан мекеменің директоры Арман Асқарұлы, басқа да қонақтар бүлдіршінге ақжарма тілектерін жеткізді. Сәбиді тіл-көзден, пәле-жаладан сақтасын деген ырыммен кимешекті аналар айналаны отпен аластады.

Балалар ауылында тәрбиеленген Жансая мектепті тәмамдағаннан кейін ШҚМУ-дың филология факультетін бітірген. Кейін Оралхан Бөкей атындағы кітапханада жұмыс істепті. Талант есімді жігітпен көңіл қосып, қазір екі бала сүйіп отыр.

-Төркіндеп келіп қалдым, – деп күледі Жансаяның өзі. – Шынымды айтсам, Аман аға, басқа да апайлар менің ұлымның аяқ басар жасқа келіп қалғанын біледі деп ойламаппын. Хабарласып, тұсаукесерге шақырғанда, таңғалдым әрі қуандым.

Оның айтуына қарағанда, Жансаяның туған әпкесі мен ағасы бар екен. Балалар ауылына әке-шешесі жүрек талмасынан қайтыс болғаннан кейін түсіпті. Әпкесі қайтыс болыпты. Ағасының отбасымен араласып тұрады.

-Менің осындағы Сәуле мамам қазір зейнетке шыққан. Осы жерде бір отбасында тәрбиеленген балалар маған ыстық, олармен де әлі күнге хабарласып, кездесіп тұрамыз, – дейді Жансая.

Жолдасы Таланттың отбасы Жансаяны жақсы қарсы алыпты. «Апам бірден қызым деп, білмегенімді үйретіп келеді. Үш жыл бірге тұрдық». Жансаяға 2016 жылы мемлекеттік бағдарламамен екі бөлмелі пәтер беріліпті. Ешқандай несиесі, қарызы жоқ, өз атында. Талант жұмыс істейді, қызы балабақшада, өзі Нариманның тәрбиесімен үйде. Жас күнінде жетімдіктің ащы дәмін татқан Жансая отбасы бақытын ең жоғары қояды екен. Ол өзіне білім-тәрбие берген Балалар ауылын да сағына есіне алып жүреді. «Әлі талай төркіндеп келем ғой» деді ол бізбен қоштасарында.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button