Мәдениет

Құнанбай ескерткіші Қарауыл төбеге орнатылса

Құнанбай  ескерткіші Қарауыл төбеге орнатылса


Құнанбай ескерткіші Қарауылда орнатылатын ірі тұлғалардың бірі ғана емес, бірегейі болатындықтан, оның әлемдік деңгейіндегі маңызын көтеруде ескерткішті құрамдық (ансамбль) деңгейде кеңейтсе деген ұсынысымды білдіргім келеді.

2004 жылы жергілікті басылымдардың бірінде «Анаға құрмет – ұрпақ парызы» деген мақалам жарияланған болатын. Онда «Данагөй Құнанбайды өмірге әкелген, Абайды тәрбиелеген – ұлы ана Зере бейнесін, бауырында Абайы бар Ана мүсінін Хан, Шыңғыс пен Доғалаң, Орда, Архат тауларының ортасындағы Қарауылтөбенің басына салдыртса», – деген арман-тілегім айтылған еді. Енді сол үміттің оты жанғандай болып тұр. Тек толықтыруда қоғам қайраткерлігі бар, Шығыс өңірінде тұңғыш «Қоржын үлгісіндегі қазақ үй» тіккізіп, бала оқытуды жүзеге асырған, кішкене Абайы мен әжесі тоңып қалмасын деп, кейіннен «Ескі тамды» тұрғызған Құнанбай бабамыздың бейнесі монументтің басты кейіпкерінде тұру керек.

Құнанбай бойынан өрбіп жататын алуан салалы қасиеттердің қай-қайсы болмасын монумент құрамында жарасым табатыны анық. Мәселен, Құнанбайдың бойындағы ең үлкен қасиеті – ат төбеліндей Тобықтыны ел етудегі қайраткерлігі, биліктегі даналық көрегендігі мен ақыл-парасаттылығы. Қазақтың салт-дәстүрі мен Алла жолын, шариғат талабын терең біліп, жүзеге асыруда табандылық пен қайраттылық көрсетуі. Ағартушылық жолында Шығыс өңірінде алғашқы болып мұсылман «Ауыл мектебін» ашып, қазақ даласындағы халқын ағартып, оқу-білім берудегі бастамасы ескерткіштен орын тауып жататын болса, кімнің тақиясына тар болмақ.

Ансамбль – ескерткіш басқа елдерде де көптеп кездеседі. Украинаның Харьков қаласындағы орталық саябақта Тарас Шевченкоға қойылған ескерткіштің ғажаптығына тәнті болған неміс басқыншылары қаланы басып кіргенде де, қаланы тастап шегінгенде де бүлдірмеген.

Құнанбай ескерткішінің орны да көп ойланып, толғануды қажет етеді. Ауданның бас жоспарында болмағандықтан бос тұрған ыңғайлы жердің жоқ екені белгілі. Тіпті ыңғайластырған орынның өзі ескерткіштің биіктігі мен көлеміне немесе айналасындағы үйлер мен құрылыс нысандарының ұсқын- кейпіне сай келмеуі мүмкін. Менің ойымша, тек Қарауылдың халқы ғана емес, бүкіл еліміз, тіпті әлем халықтарының (Абайдың 150 жылдық тойы кезінде) назарын аударып, таңдай қақтырған Қарауыл төбеміз тұр ғой. Құнанбай ескерткіші осы Қарауыл төбенің кешегі күндері «Невада-Семей» қозғалысына үн қосып, тас үйіндісін жасаған белгінің қатарынан, тарихи тойлар өткізген мінбенің қарсысына тұрғызылса деген ойымды қолдаушылар болар.

Америкадағы «Бостандық статуясы» Нью-Йорк штатынан катермен 20 минуттай жүретін Бедлоу аралы Гудзон өзенінің арғы бетінде салынған. Оған қарағанда Қарауыл төбе ауданның шеті емес пе? Оны алғаш көрген қазақтың қас суретшісі Әбілхан Қастеев жаяу барған еді. Алла қаласа, Ұлы Абайдың 200, 300 жылдық мерейтойында келешек ұрпақ тау етегіндегі «Ансамбль ескерткішке» барып тағзым етсе, нұр үстіне нұр емес пе.

Досымхан Тоққараұлы,
Халық ағарту ісінің озаты.

Осы айдарда

Back to top button