Мәдениет

«Құнанбай» экранға шықты

«Құнанбай» экранға шықты

Семей қаласындағы «Еңлік-Кебек» және «Әлем» кинотеатрларында Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, режиссер Досхан Жолжақсыновтың толықметражды «Құнанбай» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Оған қала халқы, Абай атындағы және Ф.Достоевский атындағы театр актерлері мен ардагер-ақсақалдар қатысып, көркем туындыны тұңғыш рет тамашалады.
Бұл – Досхан Жолжақсыновтың режиссер ретінде түсірген екінші фильмі. Мұның алдында, яғни, 2008 жылы Досхан Жолжақсынов «Біржан сал» фильмін түсірген болатын. Фильм негізінен атақты дала кемеңгері, қарадан шығып хан атанған Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін, яғни, оның қоғамдық-саяси қызметі күшейе түскен 1850 – 1860 жылдарды қамтиды.

«Құнанбай» экранға шықты

– Қазақтың біртуар азаматы, марқұм Таласбек Әсемқұлов екеуіміз «Біржан салдан» кейін қай тақырыпқа барсақ екен деп көп ойландық. Жанымызға жақыны қазақтың тарихы екені хақ. Ойлана келе Құнекеңе тоқтадық. Әрине, «Құнанбайға» бірден бет бұру қиын. Өйткені, алдымызда жартастай болып ұлы Мұхаң тұр. Мұхтар Әуезов сомдаған Құнанбайдан кинодағы Құнанбайды бөліп алып, көрсету оңай емес. Сондықтан Құнанбайдың адами жағын таңдадық. Мейлінше қарапайым, көзіне жас ала білетін, ойланатын, қамығатын, зекитін, ұрсатын, шешім қабылдайтын, кейде тоқырап қалатын кездерін көрсеткіміз келді. Абай ауданындағы көрсетілім кезінде Ырғызбайдың ұрпағы, бір ақсақал, көзіне жас алып риза болғандығын айтты, -деді фильмнің режиссері әрі басты кейіпкерді сомдаушы Досхан Жолжақсынов.
-Соқтықпалы-соқпақсыз кезеңде ғұмыр кешкен Құнанбайға жалпы ел билеу ісі, одан қалды ағайын арасындағы шиеленістер мен ру аралық дау-шарларды шешу оңайға түскен жоқ. Сондай сәттерде ол қашанда әділетке жүгінді. Құнанбай өз халқының жанашыр перзенті ретінде қалың бұқара алдындағы қарызы мен парызын терең түсінді. Ол баласы Абайдан мол үміт күтті. Оны жастайынан ел билеу ісіне баулыды. Алайда, Абай әкесі күткен межеден асып түсті. Жастайынан жанына терең ойды серік еткен, Абай туған халқының данышпан перзентіне айналды. Ұлы ойшыл ретінде қазақ халқын әлемге танытты, бұның барлығы фильмде еркін баяндалған – дейді жазушы, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Дидар Амантай.
Құ¬нан¬байдың туысы, Өскенбайдың тікелей ұрпағы Манатай Балтақайұлы бұрын ел Құнанбайды зорлықшыл үстем тап өкілі деп келсе, осы фильм арқылы көп нәрсе өзгеретінін, адамдардың Құнанбайды тануы басқаша болатынын айтады. Сондай-ақ, Қазақстанның Халық әртісі, Құнанбайдың үш Олжай тарапынан туысы болып келемін Бекен Имаханов та фильмде Абайға дейінгі заман айшықты суреттелгенін жеткізді.
1 ай 18 күннің ішінде түсірілген тарихи фильм экранда 1 сағат 40 минутқа жуық уақыт жүреді. Актерлер құрамы алдын ала таңдалған. Кинотуындыға 3 млн. АҚШ долларынан астам қаражат жұмсалыпты.
Фильм қазақ тілінде түсірілгенімен, алдағы уақытта ағылшын, орыс тілдеріне де аударылмақ.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button