Аймақтар аухалы

НАН ИІСІ БҰРҚЫРАҒАН АУЛА

Бұл келіншектің басқалар сияқты смартфон ақтаратын уақыты өте  сирек. Сәл отыра қалса жұмысының бәрі жайына қалмақ. Қандай кәсіп те  қажырлы еңбекті қажет етеді. Ал  нан пісіру дегеніңіз тіптен маңдай термен атқарылатын ауыр жұмыс. Жасы 40-қа жаңа келсе де, «Күміс алқалы» болып,  алты баланың анасы, бір немеренің апасы, аяулы жар, ардақты келін  атанған Гүлмира енді ауылдастарының бәріне  ақ нанымен танылып отыр.

Шыңқожа ауылында бұрын-соңды наубайхана болып көрген емес. Ауыл тұрғыны Гүлмира Тухметуллина 2014 жылы кәсіпкерлік негізі курсын оқып, қолына сертификатын алып, наубайхана  ашуға кіріскенде жаңа ісінің жүріп кетеріне  бір күдік, бір үмітпен қараған. Үміті ақталып ісі оңға басты. Бүгінде ауылдағы 300-ге тарта отбасы түгелдей   Гүлмираның «Айша» атты шағын наубайханасының  нанын сатып алып отыр.

Гүлмира күніне 70-80 бөлке нан пісіреді. Тоқаш өнімдерінен бөлек. Қанша пісірсе де, нан, тоқаш өнімдерінің өтпей қалатын күні жоқ . Ел ертелетіп келіп, пештен шыққан бойы сатып алып кетіп жатады. 600 грамдық бір бөлке нанның бағасы 85 теңге. Той-томалаққа деп тұрғындардан  тәтті тоқаштарға түсіп жатқан тапсырыстар да жетеді.

«Айша» наубайханасымен Нарын ауылдық округі нан бағасын тұрақты ұстап тұру жөнінде меморандумға отырған екен. Қазіргі күні барлық қалада, өңірде нан қымбаттап 100 теңгеге жетіп, асып кетіп жатса да, бұл ауылдық округте нан бағасы көтерілген жоқ. Нарын ауылдық округінің әкімі Медет Түсіпов басқа да  аса қажетті азық-түлік өнімдерінің бағасы назарда ұсталынып, ауылда  шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын, жұмыс орындарын   ашуға күш салынып жатқанын айтты.

Гүлмира мен Азаматтың өсіріп, тәрбиелеп отырған  алты баласы ата-аналарының наубайханадан тапқан нәпақасы — адал еңбекпен ғана ауызға түсетін жеміс екенін сәби кездерінен бастап көріп, түсініп өсіп келеді. Біз барған уақыт мектепте    алғашқы тоқсан аяқталып, оқушылардың күзгі демалыста жүрген кезі болатын. Демалысқа шыққан балалардың бірі Аягөздегі нағашы апаларына қонаққа кетіпті. Кішкентайлар болса балабақшада. Үйде жүрген  Айнұр анасына тоқаш пісірісіп, Ануар көлікке нан тиесіп, шамалары келгенше аналарына көмектесіп, қолқабыстарын тигізіп жүр. Аула іші тап-таза. Ып-ыстық нанның иісі мұрынды жарып барады.

– Наубайхана шығыны көп болғанымен  табыссыз емеспіз. Бірер жыл бұрын бірінші сұрыпты бір  қап ұн 3 800 теңге шамасында болған болса, қазір ауылда 6000 теңгеге жетті.  Оны таксимен Аягөзден алып келемін. Қуатты көп жұмсайтын нан пеші үшін наубайхананы кернеуі 380 ваттық энергия желісіне қостым. Нан пісіруге айына 16-20 мың теңгенің энергиясы кетеді. Бұрын  әлеуметтік ұн болған екен. Қазір төмен бағамен әлеуметтік нан шығаратын  наубайханаларға ондай арзандатылған ұн беріліп жатқан жоқ. Қолдаудың осы бір тетігі қайтадан қолға алынса маған да, халыққа да әжептәуір жеңіл болар еді, -дейді Гүлмира. Алдағы уақытта кәсіпкер  тоқаш өнімдерін мектеп  асханасы жанындағы буфетке де  апарып саудаламақшы.

Аягөзден ұнды таксилеп тасымай өзі барып алып келу үшін қазір Гүлмира Аягөзде автомектепте оқып жатыр екен. Бұйыртса жақын арада қолына жүргізуші куәлігін алмақ.

Алақан жаймай, алтын асықтай алты ұл мен қызды мәпелеп өсіріп отырған көпбалалы ана Гүлмираның отбасымды жеткізсем, жайқалтсам деп талаптанып істеп жатқан кәсібіне береке берсін дейік.

АСА ҚАЖЕТТІ ҚЫЗМЕТ ТҮРІН АШТЫ

Былтырдан бері Шынқожа ауылының өз «шиномонтажы» пайда болып,  жүргізушілердің көзі ашылды. Бұрын  көктем мен күзде дөңгелектерін ауыстыру үшін Аягөздегі шеберханаларға асығатын, онда барып бірнеше сағаттап кезекте тұратын  ел бүгінде ол шаруаларын ауылда-ақ тындырып жатыр.

Бұл ауылда да көліктер саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Оның үстіне ауыл тоғыз жолдың торабында-Алматы-Өскемен тасжолының бойында  орналасқан. Әрі өткен, бері өткен машина көп. Ауыл тұрғыны Ерзат Тухметуллиннің авкөліктер дөңгелегіне түрлі жөндеулер жүргізетін   шеберханасы қазір ауыл тұрғындарының бәріне сапалы қызмет көрсетіп тұр. Дөңгелекті ашып-жабу, босатып алу, тесілген камераларды желімдеу, қысымын өлшеу сияқты қызметтердің бәрі осы жерде атқарылды.

Дөңгелек жөндеуге арналған аппаратты Ерзат екі жыл бұрын 600 мыңға  Алматыдан сатып әкеліпті. Кешенді қондырғының көмегімен дәнекерлеу, камераның ауа кіргізетін түпшігін жөндеу сияқты күрделі жұмыстардың бәрін атқаруға болады. Ішкі камераның ауа толтырылатын  түтікшесін жөндеу құралы   аудан бойынша  Шынқожа мен Мамырсу ауылындағы шеберханада ғана бар екен. Шеберханада жеңіл көліктермен  қатар жүк көліктеріне, тракторларға да қызмет көрсетіледі.

«Ауыл болсаң-қауым бол, көрші болсаң-тату бол»  демей ме, дөңгелек жөндеп шаруасын дөңгелетіп отырған шебер   қаржыдан қысылып жүрген  ауылдастарының жағдайын түсініп, қарайласып, көбінесе  қызметін тегін көрсетіп береді.

Шеберхана қызметінің бағасы да қолжетімді. Жүргізушілер бір дөңгелекті алмастыруға 250 теңге мөлшерінде төлейді. Өзге жақта әлдеқайда   қымбат. Кәсіпкер алдағы уақытта қызмет көрсету аясын кеңейтіп, автокөліктің астын көтеретін құрал сатып алып, көліктің амортизаторын ауыстыру сияқты қызметтермен де айналысуды жоспарлап отыр.

-Көлік жөндеуді трактор айдап жүріп үйрендім. Мамырсуда төрт жыл шаруашылықтың «Камазын» жүргіздім. Алыс жолда, егін басында  көлік бұзыла қалса тексертетін, жөндейтін ешкім жоқ өзіңнен басқа. Бәрін өзім жөндеп, жамап-жасқап жүрдім. Көліктің дөңгелегін жөндеуге сол кездерден бастап машықтанып, үйрендім, – деген Ерзат кәсібін түрлендіріп, кеңейте түсуді көздеп отырғанын айтты.

Ауылға аса қажетті қызмет түрін ашқан шынқожалық кәсіпкер осылайша  шағын «шиномонтажымен», «Мұрагер» атты шағын дүкенімен отбасына жетерлік  табыс кіргізіп отыр.

ШЫНҚОЖА – ШЫҒЫСТЫҢ ЕҢ ҮЗДІК АУЫЛЫ

Елімізде мал шаруашылығын, оның ішінде ет өндірісін тиімді дамытуда мал басының ұсақ шаруашылықтарға шоғырлануы, ветеринарлық қызметтің, мал өнімділігінің төмендігі  тәрізді  көптеген шешілмеген түйткілдер бар.  Шеттен келетін ет өнімдерін азайтып, ет экспортын ұлғайтып,  мал шаруашылығын өркендету үшін қазір  ауылдарда  ірі мал бордақылау алаңдары көптеп ашылып жатыр. Шынқожа ауылындағы алғашқы  мал бордақылау  алаңының ашылғанына да екі жыл болыпты.

Ауылдағы «Нұр-Дәулет» шаруа қожалығының иесі  Серік Бақиянов  мал бордақылау алаңын   «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша алынған  14 миллион теңге шағын несиеге ашқан. 70 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңында қазір қазақтың  ақ бас сиырының тұқымдары жемделіп, бордақыланып жатыр. Малдың қоңданып, семіруіне қарай шаруашылықта мал жыл он екі ай бойы сойылып, сатылады. Жаздай жайылымда жүрген мал қазаннан бастап бордақылауға алыныпты. Қыста  етке өткізілмек.

Мал бордақылау алаңына жұмысқа тұрған бірнеше ауыл тұрғыны жайлаудан түскен малды бағып, күтіп, барлық жағдайын жасауда.

–  Ірі қара басына  күніне бес келі жем кетеді, үлкен малға  жеті  келідей. Осылай үш ай бойы бордақыланып тұрады. Әр басқа күніне екі орама шөп кетеді. Шаруашылықтың егістік, шабындық жері бар. Осы жемшөптің бәрі қожалықтың өзінікі. Құрама жем жасайтын арнайы құрал-жабдық бар, жем сонда өндіріледі, -дейді малдарды күтіп жүрген Серікжан Оразов. Ауыл тұрғыны  Саят Жақыпбаевтың да  осы жерде жұмыс істеп жатқанына екі жылдай болыпты. Жастар ауылдарында  осындай тұрақты  жұмыс орындарының ашылып жатқанына қуанышты.

Шынқожа ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз  Әбділқадыр Оспанов ауылдық округте шағын және орта кәсіпкерліктің  өркендеп келе жатқанын айтты. Әбділқадыр ағаның  өзі де қарап отырмай, ауыл тұрғындарына арнап он адамдық қоғамдық монша ашып қойыпты. Моншадан да бір адамға жұмыс табылған. Аптасына үш күн қызмет көрсететін ауыл моншасының бағасы – 300 теңге. Ардагер 25 жыл бойы бос тұрған ауылдағы ескі ғимаратты да жөндеп, бильярд, теннис ойындарын ойнайтын демалыс орынына айналдырыпты.

Мектеп жанындағы Шынқожа батыр тарихи өлкетану мұражайының директоры Қайырбек Сабиханұлы ауылдың көркеюіне азаматтық үлестерін қосып жатқан жерлестері туралы әңгімелеп,  бізді қасиетті де киелі мекеннің тарихымен таныстырды.

Былтыр облыстағы «Ең үздік ауыл» атанған Шынқожа ауылының бүгінгі тірлігі, сәулетті, сәнді  келбеті, рас, кімді де болса қызықтырарлықтай екен.

Жанаргүл Мұқатай

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button