Құрмет

«Нағыз фанат»

Хасен Зәкәрия, Күршім

Аудандағы спорттың дамуына ерекше үлес қосып, жас буынды дене тәрбиесіне баулып жүрген бір шоғыр азаматтың арасында бұл ұстаздың есімі бөле-жара аталатыны рас. Сонау Өскемен пединститутының денешынықтыру факультетін тәмамдап оралған 1985 жылдан бері осы салаға жанын сала кірісіп, жарғақ құлағы жастыққа тимей келе жатқан тәлімгерді біреулер «спорттың шынайы жанашыры», енді біреулер «нағыз фанат» деп атап жатады. Қалай болғанда да, оның ұрпақ тәрбиесіне, әсіресе өңірдің спорт саласын дамытудағы орасан еңбек сіңіріп келе жатқанын ешкім де жоққа шығара алмайды.

Теректібұлақ орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Бақытхан Мәжіковтің есімі аудан түгіл облыс көлеміндегі спортсүйер қауымға жақсы танымал. Бұған себеп –оның көпшіл де жайдары мінезі, сонымен қоса, спорт дегенде бәрін ұмытатын айрықша белсенділігі деген болар едік. Қарапайым ауыл мектебі мұғалімінің қаншама талапты жасты тәрбиелеп, өз шәкірттерінің арасынан республика аумағына аты мәлім спорт шеберлері  мен әлем чемпиондарын даярлағанын жұрт жақсы біледі. Біледі де оның еңбегін лайықты бағалайды. Бұл жетістіктердің кейбіріне жай ғана тоқталып өтер болсақ, алғыр жаттықтырушының алымды еңбегінің өз-өзінен айқындалып шыға берері сөзсіз.

– 1987 жылы бір оқушысы Ботай Смағұлов 5 шақырымдық қашықтыққа жүгіруден республика көлемінде бірінші орынға ие болып, бұрынғы Президент Н.Назарбаевтың қолынан диплом мен бағалы сыйлық алды;

– 2005 жылы тағы бір оқушысы Ерназ Нұрахметов армрестлинг спортынан Қазақстан, Азия чемпионаттарында олжа салып, Жапонияның астанасы Токио қаласында өткен Әлем чемпионатына аттанған болатын. Б.Мәжіковтің өзі алып барып қатыстырған шәкірті Ерназ бұл дүбірлі бәсекеде топ жарып, сол сапардан әлем чемпионы атағымен оралды.

– 2010 жылы армрестлингтен тағы бір шәкірті Дастан Қабидешов Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды. Ал гір көтеруден сайысқа түсіп жүрген шәкірті Асқар Жүнісов Қазақстан чемпионы атағын бірнеше дүркін жеңіп алған болатын. Мұндай тамаша нәтижелерді қол күресі мен волейболдың тарланы Зарина Нұролдинова да көрсетіп келе жатыр.

Ал волейболдан Бақытхан Кәмалиденұлының Талант Жаңабаев, Ернат Әбдірахманов, Дастан Ашуов сияқты талапты шәкірттері сан сайыста топ жарып, айтулы биіктерден бой көрсетіп келеді. Бұлармен қатар Бақытхан өзінің балалары Толғанай мен Нұрәділді де жастайынан баулып, нағыз спортсүйер түлектер етіп өсірген болатын. Олар да волейболдан неше мәрте жүлдегер атанып, сан бәйгеден озып келіп жүр. Мысалға, Нұрәділ 2011 жылы волейболдан Қазақстанның екі дүркін чемпионы атағын жеңіп алып, Қазақстан Республикасы кубогының иегері атанды. Толғанай 2012 жылы ауданның волейбол құрамасында өнер көрсетіп, облыс біріншілігінің жүлдегері атанды.

Тізбелей берсек, Б.Мәжіковтің мұндай жетістіктері тым көп. Шәкірттерімен бірге үздік жаттықтырушы ретінде қол жеткізген жүлделері мен мадақтарының өзі бір төбе болып есептелетін Бақытхан Кәмалиденұлы ешуақытта да қол жеткенмен шектеліп, табысқа мардамсып көрген емес. Ол қай кезде де сергек-ширақ қалпында кез келген сынға даяр тұратын әдетінен жаңылмайды және өзі жаттықтыратын шәкірттерінен де соны талап етеді. Оның еңбектерін сараптап көрген көпшіліктің көкейінде «осындай жанқияр азаматқа «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын беретін мезгіл жетті емес пе» деген сауалдың көлденеңдейтіні де шындық.

Осы ақпан айында аты шартарапқа әйгілі жаттықтырушы, тәлімгер ұстаз, есімі жұртқа «Қара Бақа» деген лақап атпен танымал болған  Бақытхан Мәжіков асқаралы алпыс жасқа толып, оның бұл мерейтойы кең көлемде атап өтілді. Күршімде өткен осынау дүбірлі тойға қонақтардың көршілес аудандардан, облыстан, Алматы мен Астанадан, тіпті сонау Қарақалпақстаннан ат арытып, тон тоздырып жеткеніне куә болдық. Алқалы жиында айтылған ағыл-тегіл тілектердің құр даңғаза қолпаш емес, бейнетқор да тынымсыз ұстаздың еңбегіне берілген шынайы баға екенін бәріміз де қапысыз ұғынып, ризалықпен қостап отырдық.

Белгілі спортшының мерейтойына арнап Күршімдегі спорт кешенінде волейболдан турнир өткізілген болатын. Турнирді ашқан облыс көлеміндегі белгілі де белсенді азамат, Бақытханның алғыр шәкірттерінің бірі Мирас Тоқатов ұстазының өмірдегі, спорттағы жетістіктерін баяндап, есте қаларлықтай мазмұнды етіп әңгімеледі. Бұдан кейін аудандық мәслихаттың хатшысы М.Қалелов, аудандық мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Дүйсенғазин, еңбек ардагері Б.Өлмесеков, спорт мектебінің директоры Е.Сырымбаев, белгілі хирург дәрігер З.Шапатов, Бақытханның досы Қ.Бақтияров сияқты азаматтарға сөз беріліп, олар өздерінің жүрекжарды тілектері мен шынайы ықыластарын білдірді. С.Дүйсенғазин сыйлас ағасына ата салтымен шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Осындай құрметті Өскемен, Алматы қалаларынан әдейілеп келген шәкірттері де көрсетіп, ұстаздарының мерейін асырды.

Бұл күні түске қарай осы мерекеге күнібұрын дайындалып келген жеті команда волейболдан сайысты бастап кетті. Бұл сайыстың ұзақты күнге созылып, мәреге түнгі сағат 23.00-де жеткенін атап айта кеткеннің артығы жоқ. Мұның өзі небір тарлан ойыншылар атсалысқан волейбол турнирінің қаншалықты деңгейде тартысты өткенін айғақтап тұр.

Сайыс қорытындысында Үздік жаттықтырушының құрметіне өткен  турнирдің жеңімпазы болып танылған Бурабай ауылынан келген спортшылардың ерекше ойын көрсеткеніне жұрттың бәрі куә болды. Екінші, үшінші орындардан көрінген «Марқакөл-1» және Күршім командаларының шеберліктерін де ешкім жоққа шығара алмас. Теректібұлақ ауылының командасы төртінші орынға табан тіреп, осы деңгейді місе тұтты. Ал «Марқакөл-2» және Құйған, Алғабас ауылдарынан келген командалар «Көрермен көзайымы» сыйлығын иеленіп қайтты.

Бақытхан Кәмалиденұлы жай мұғалім ретінде сабаққа ғана көңіл қойып, басқа шаруадан аулақ жүретін жандардың қатарынан емес. Ол үнемі ауылдағы, аудандағы көптеген қоғамдық шараларға атсалысып, әрдайым белсенді қауымның ортасынан бой көрсетіп жүреді. Оқушыларының отбасы жағдайы, ауылдағы аз қамтылған қарт адамдардың жай-күйі қашанда оның назарында. Осы өңірден шыққан кәсіпкер азаматтармен байланысып, олардың көмектерін ұйымдастырып, таршылыққа душар болған жандарға жәрдем беріп отыру – қажырлы ұстаздың өмірлік ұстанымы. Мәселен, оның аудандық білім бөлімі басшылығымен жақын араласып, қалаға шапқылап жүріп ауылдағы жаңа мектептің құрылысын бастауға мұрындық болғанын, бұрынғы шәкірттерімен  ақылдаса келе, ауылда мешіт тұрғызуға, өткен жылы шағын футбол алаңын салғызып, ауыл клубын көңілдегідей етіп жөндетуге барынша күш жұмсап, ынталы топтың басында жүргенін ешкім де бекер дей алмайды. Бақытханның осы ауылдық округтегі ешқандай шаруадан тыс қалмай, әрдайым тығыз араласып, қай кезде де қол ұшын беруге, ақыл-кеңес айтуға әзір тұратынын жұртшылық жақсы біледі. Сондықтан да оны тұрғындардың барлығы өзімсініп, шын көңілдерімен сыйлап тұрады.

Бақытхан өмірлік серігі Гүлнәр Қазезқызымен үш бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, ол оқушыларын ғана емес, өз перзенттерін де кішкентайдан спортты сүюге, салауатты өмір салтын ұстануға, әрдайым әділ де адал болуға тәрбиелеуді алдына мақсат етіп қойған болатын. Ал кәнігі ұстаздың бұл өнегесі өзінің жемісін молынан беріп келе жатыр.

 

Осы айдарда

Back to top button