Құрмет

Қаруластарын еске алды

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 34 жыл толды. 15 ақпанда Ауған соғысының ардагерлері, қоғам қайраткерлері, жастар Өскемендегі интернационалист-жауынгерлерге арналған мемориал алдына жиналып, қаза тапқандарды еске алды.

– Бұл соғысқа өңірімізден 2267 адам аттанды, оның 86-сы мерт болып, үшеуі хабар-ошарсыз кетті. Үйлеріне оралмаған сарбаздарды есте сақтау, олардың отбасыларына қолдау көрсету – біздің міндет, – деді Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектері облыстық одағының төрағасы Қайрат Мусин.

Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит шаһардағы қоғамдық іс-шараларға, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуге белсене атсалысып жүрген Ауған соғысы ардагерлеріне алғыс білдірді, олар қаза тапқан және мезгілсіз кеткен ардагерлердің отбасыларын үнемі қолдап отырады.

Жиналғандар Ауған елінде қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, мәңгілік отқа гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң Оқушылар шығармашылық сарайының сахнасында «Ауған желі» атты тақырыптық концерт қойылды.

– Біздің ұйым 2002 жылы құрылғаннан бері жастар арасында әскери-спорттық ойындар мен ерлік сабақтарын өткізіп келеді. Биыл Өскеменнің оқу орындарында 20-дан астам ерлік сабағын, сондай-ақ Ауған соғысының ардагері Владимир Шаровты еске алуға арналған пневматикалық қарудан ату бойынша қалалық турнир ұйымдастырдық, – деді қалалық Ауғанстандағы соғыс ардагерлері ұйымының төрағасы Олег Фролов.

Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің оқытушылары арасында интернационалист-жауынгерлер де бар. Атаулы күн қарсаңында осы оқу орны жанынан ашылған Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра түлектеріне «запастағы кіші сержант» атақтары берілді. Сонымен қатар аталмыш кафедраның көрме-экспозициясы қойылып, студенттер түрлі әскери жабдықтармен, қару-жарақтармен және Ауған соғысы кезіндегі сарбаздардың киімімен танысты.

 Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button