Нұр Отан

Нақты іс қажет

«Семейадалдық  алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысына  әлі күнге жауапты тұлға бекітілмеген. Соның салдарынан семейліктер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген жобалық тапсырмаларды орындамай отыр. Бұл мәселені «Шығысадалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Маржан Бахыт «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қоғамдық кеңесінің отырысында көтерді.

Партияның «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының» және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының орындалу барысын талқылауға арналған жиында «Nur Otan» партиясы Семей қалалық филиалының төрағасы, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов шаһарда атқарылып жатқан жағымды істер туралы баяндаумен шектелген еді. Алайда «Шығыс–адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Маржан Бахыт осы уақытқа дейін шешімін таппай тұрған түйткілді мәселені төтесінен қойды.

–Әлі күнге «Семей – адалдық алаңына» жауапты тұлға тағайындалмай отыр. Облыс әкімінің «кеңсе басшысы 30 маусымға дейін бекітілсін» деген тапсырмасы болған, міне, қазан айының аяғы болып қалды. Осы аптада өзіңізге қызметтік хат та жолдадым, Жоба кеңсесі басшысының болмауы жұмысқа үлкен кедергі келтіруде. Өйткені Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен бізге ай сайын жобалық тапсырмалар келеді. Міне, қазан айында он екі пункт бойынша тапсырма бар, Семей қаласы бұлардың бір де біреуін орындаған жоқ. «Семей – адалдық алаңының»  инстаграммдағы   парақшасын ашсақ, соңғы жазба қыркүйектің басында, онда да бір картина ретінде болған.  Жуықта облыста істелген жұмыстардың тоғыз айына есеп береміз, сол кезде сіздерге облыс әкімі тарапынан келеңсіз ескерту болуын қаламаймын, осы мәселені тезірек қолға алсаңыз, – деген өтінішін жеткізді Маржан Бахыт.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев  тұрғындардың өтінішіне құлақ асу жергілікті атқарушы билік пен партияның имиджін көтеретінін еске салды.

–Сіздің тәжірибелі басшы екеніңізді білеміз, Семейге соңғы  жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қомақты қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде семейліктерде жылумен қамту, ыстық су мәселесі оңды шешілген. Алайда жер үйде тұратын тұрғындардың мәселесіне де көңіл бөлген дұрыс деп ойлаймын. Баяндамаңызда халықтан 5868 өтініш түскенін, оның 144-і шағым екенін айттыңыз. Мен олардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты екеніне күмәнданбаймын. Жер үйде тұратын өзіміз сияқты ардагерлер, ақ шашты қариялар мен ақсақалдар жол мен судың проблемасын айтып күнде хабарласады, хат та жазады. Сол кісілердің арыз-шағымына көңіл бөлсеңіз, проблемаларын шешуге көмектессеңіз.  Бұл – ең алдымен атқарушы органдар мен «Nur Otan» партиясының имиджі,- деген пікірін ортаға салды Айтқазы Шерубаев.

Жиында сонымен қатар Глубокое және Жарма аудандарының есептері тыңдалды. Бұл жерде де Маржан Бахыт жармалық тұрғыннан түскен шағымды айта кетті.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Қалбатау ауылындағы Ысқақов, Ақтамберді жырау көшелеріне орта және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Біз тамызда жол сапасын тексеруге барған кезде Ысқақов көшесіндегі жұмыстардан бірнеше кемшілік анықталды. Сол көшенің тұрғыны Светлана Мальцева жолды жөндеген кезде су ағатын  құбырды дұрыс салмағандықтан үйдің жанына су жиналатынына шағымданған болатын. Біз бұл жағдайды мердігерге,  аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына ескерткен едік. Екі-үш айдың жүзі болды, ешқандай нәтиже шығарылмаған. Тұрғын маған күнде телефон шалып, видео жібереді. Ертең қар түссе, не болады? Бұл мәселені тезірек  шешу керек, – деді «Шығыс–адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков жиынды қорытындылай келе, партияның қызметін жандандыра түсу қажеттігін ескертті.

–Өздеріңізге белгілі, 21 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 10 қаңтарында сайлау өткізу туралы Жарлығы шықты. 10 желтоқсанға дейін ешқандай үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге болмайды. Алайда біз, нұротандықтар сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін анықтап, барлық бағыттағы жоспарлы жұмысымызды бұрынғыдан белсендірек атқара беруге тиіспіз. Жер-жерлердегі қордаланған мәселелерді жасырып қоймай, керісінше, бірінші болып анықтап, оның оңды шешімін табуына жұмыс істеуіміз керек. Жыл аяғы жақындап қалды. Енді құрылыс нысандары тапсырыла бастайды, қаржыны игеру де қыза түседі. Сол себепті құрылыс жұмыстарының сапасына бақылауды күшейту мақсатында мониторингті күшейту, оның жұмысына жергілікті тұрғындарды, қоғам белсенділерін тарту қажет. Қалай жұмыс істеу керектігін өзіміздің нақты істерімізбен дәлелдеуіміз керек, – деп түйіндеді Олег Чугунков.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button