Мәдениет

Ән нөсері төгілген күн

Ән нөсері төгілген күн

«Оралханның көктемі» фестивалінің соңғы үш-төрт жылдың көлемінде сұйылып, аяқси бастағаны жанашыр қауымның орынды алаңдаушылығын туғызып, оны қайта жаңғырту қажеттігі жайында пікірлер көптеп айтыла бастаған-ды. Ауданның қазіргі басшысы С.Шоқаевтың әкім болып тағайындалған күннен бастап осы мәселені аяқсыз қалдырмайтынын айтып, жұрт көңіліне жұбаныш енгізгені есімізде болатын. Сейсенғазы Жұмағалиұлы сөзінде тұрды. Ол жалпақ елге таралып, әнсүйер қауымның көзайымына айналған Оралхан әуендерінің елеусіз қалмауын аудан, облыс көлемінде дабыл қаға жүріп айтып, ақырында осы мәселенің тиісті орындардың назарына ілігуіне себепкер болды. Бұл орынды ұсынысқа облыс әкімі қолдау жасап, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылығы «Оралханның көктемі» атты ән фестивалін өткізуге шешім қабылдады.

Межелі мезгіл таянғанда Күршімге белгілі режиссер, көпке танымал «Ғибрат-шоу» продюсерлік орталығының жетекшісі Ғ.Азубаев жіберілген болатын. Ол келген бойда даярлыққа жан сала кірісті.

… Сөйтіп, көптің асыға күткен күні де келіп жетті. Әуелі әдейілеп шақырылған қонақтар, Оралханның көзін көріп, араласқан достары, марқұмның туған-туысқандары аудандық мешіттің қатымханасында марқұмды еске алып, қатым түсірді. Оның шығынын сазгердің досы, шынайы жанашыры, өскемендік кәсіпкер Жанарбек Білімбаев көтеріп алып, тағы да бір азаматтық жасады.

Күн еңкейе бүкіл аудан жұртшылығы, жан-жақтан ат арытып, әдейілеп жеткен әнсүйер қауым, бүкіл облыс, республика аумағынан жеткен сыйлы қонақтар «Сарытау» стадионына ағылды. Халықтың мол болатынын алдын ала болжаған ұйымдастыру комитеті мерекені осында өткізуді жөн көрген болатын. Құзырлы мекемелер қызметкерлері бұл күнгі кеш қонақтарының төрт мыңнан асып жығылғанын айтып жатты.

Алдымен алаң ортасына орнатылған ауқымды құрама сахнаға осы кешке жауапты адамдар, жан-жақтан арнайы жеткен әншілер, демеушілер мен басқа да қонақтар шақырылып, оларға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының Алғыс хаттары, сонымен бірге Оралхан Көшеров әндері жинақталған кітаптың жаңа нұсқасы, сондай-ақ, осы әндер жазылған дискілер табыс етілді. Бұдан соң жұрт алдына аудан әкімі С.Шоқаев, аталған басқарманың басшысы А.Мұхаметшинов, Ж.Білімбаев шығып, құттықтау тілектерін білдірді. Осыдан кейін өнер мерекесі басталып кетті.

Кеш шымылдығын Оралханның ақын Хасен Зәкәрияның өлеңіне жазылған әйгілі «Достарға» әнімен ашқан Қырғызстаннан келген жас әншілер триосының көпшіліктің шынайы ықыласына бөленгені айқын байқалды. Құрамында Бекзат Есенбайұлы, Расул Асанғалиев, Дастан Кариев бар осы шағын ұжымға соңынан бір мүмкіндік беріліп, олар тағы да екі ән орындады.

Сахнаға Астанадан арнайы шақырылған белгілі сазгер, көптің көзайымына айналған әнші Гүлмира Саринаның шығуы тыңдарман қауымды бір серпілтіп тастағаны шындық. Ол алдымен өзінің «Шырайлы Шығыс» әнін шырқап, келесі сәтте Оралханның танымал ақын Мұрат Тастағановтың өлеңіне жазылған «Қайырлы таң» әнімен көп көңіліне нұр сеуіп өтті.Ал әйгілі эстрада жұлдызы Шәкизаданың әріптес серігі Бауыржан Рақымбековпен бірге шығып, Оралхан мен Хасеннің «Ақ тілек» әнін әуелеткені осы кешке өзгеше бір рең енгізгені рас еді.

Көзі тірісінде Оралханның досы болған, оның әндерін жиі айтатын, сүйіп айтатын тарбағатайлық сазгер, әнші Серік Шөкеновтің немересі, балғын әнші Думан Ержанұлы «Ағалар-ай» әнін әуелеткенде талапты жастың өнеріне, ұмтылысына көрермен қауым шынымен риза болды. Одан соң шыққан Серіктің кіші ұлы, белгілі әнші Нұржан да көп көңілінен шыға білді.

Бұдан кейін жұрт алдына шыққан Моңғолияның Баян Өлгей аймағынан келген жас әнші Айтолқын Бақыт, Ресейдің Алтай өлкесіндегі Қосағаш ауданынан жеткен Гүлнұр Мамырханова, облысқа танымал катондық жастар Раджан Ерболов пен Немерхан Дәулетхан, осы байқаудың бірнеше дүркін жеңімпазы аягөздік Раида Садықова, глубокоелік Дәулет Қабдоллаев, Ұланнан келген Бақыт Қыдырханова, семейлік «Гауһартас» тобы, Оралхан әндерінің бірден-бір орындаушысы Дархан Сәдібаев та хал-қадірінше өнерлерін көрсетті.

Ән нөсері төгілген күн

Еліміздің еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, семейлік әйгілі әнші Бақыт Үдербаева да бұл жолы барын салды. Ал белгілі семейлік дәстүрлі әнші Берік Омаров әйгілі «Алтай» термесін орындап, көптің ықыласына бөленді. Бұдан басқа, өзіміздің күршімдік әншілердің де қолдан келгенінше тырысып баққанына куә болдық. Атақты әнші-термешіміз Есен Мәженов те, Оралхан әндерін шебер орындайтын Бақытбек Масалиев те өз деңгейінде өнер көрсете алды. Ал жас әншілер Мақпал Нұрпейісова мен Алматыдан келген Оралханның досы Амангелді Қадылбеков бұрындар көп айтылмай жүрген әндерді жарыққа шығарып, жаңашылдық көрсетті. Жезкент қаласынан келген Айнұр Темірғалиева мен Александр Нам, көкпектілік «Шабыт» тобының әншілері Нұрлан Қайратұлы мен Тоқтарбек Заманбеков, облыс жұртшылығының сүйікті әншісі ұландық Арайлым Аплотанова, аягөздік Берік Серғазиев, Өскеменнен келген ерлі-зайыпты әншілер Қуаныш пен Құралай Камалиевтер, алматылық Асқар Ақашев өз өнерлерінің бабында екендігін дәлелдей білді. Ал осы фестивальдың ең ересек әншісі, Ұланнан келген ұстаз Қайырбек Оразбековтің ескікөздерге сонау жас күніндегі шеберлігін бір елестетіп өткені рас.
Думанды кеш аяқталған сәтте барлық өнерпаздарды аудан әкімі С.Шоқаевтың салтанатты қабылдауы күтіп тұрған болатын. Бұдан соңғы мәре-сәре жарасымды әңгіме, сахнада айтылмаған әндердің кезегі әкім жайған мол дастарқан басында жалғасты.

Хасен Қайроллаұлы
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button