Мәдениет

Ән мен күйге бөледі

Ән мен күйге бөледі
Астана қаласының Шығыс Қазақстандағы мәдени күндері өнер шеберлерінің гала-концертімен қорытындыланды. Оған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты.

Өресі биік өнерді тамашалау үшін «Ертіс концертте» өткен «Астанадан ақ тілек!» атты гала-концертке халық өте көп жиналды. Астананың сәні де, әні де қашан да бөлек қой. Бүгінде еліміздің бас қаласын бүкіл әлем таниды. Жаһандық жобалар мен басқосулардың орталығына айналған қалаға деген шығысқазақстандықтардың да махаббаты ерекше екені сөзсіз. Ал сол астаналық өнер майталмандары Өскеменнің аспанын ән мен күйге бөлеп, ерекше кеш сыйлады.
Гала-концерттің шымылдығы Астана қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филарманиясының қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауындағы Е.Брусиловскийдің «Шашу» күйімен ашылды. Жалпы, шашу – қазақ халқының керемет дәстүрі ғой. Шат-шадыман шаттығын, қойнына сыйғыза алмаған қуанышын шашумен білдірген дана халықтың сезімі күй тілінде өрілгенде тіпті ғажап! Ал осы оркестрдің орындауындағы Тәттімбеттің «Саржайлау» күйі де ұйқылы-ояу көңілдерді селт еткізгені шындық. Ұлан даланың ұлы суреті көз алдыңызға келеді. Ерке желі бетіңізді сүйіп, маңдайыңыздан сипағандай болады. Бәлкім, күй құдіреті деген де осы шығар. Ал сахнаға халықаралық Еркеғали Рахмадиев атындағы ән байқауының бас жүлдегері Алтынбек Әбілда шығып, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындағанда зал толы көрермен сілтідей тына қалды. Тегінде іштегі ғашықтық дертін Абайдан асырып жырлаған ақын бар ма екен! Жүрек пернесін дөп басқан әдемі ән көрерменін ойға да қалдырған секілді. Осы біз махаббат дейтін асыл сезімді ардақтай алып жүрміз бе?
Сондай-ақ, «Шалқыма» халық би ансамбілінің қыздары орындаған «Аққу», «Шаттық» билері де өскемендіктер мен қала қонақтарының көңілінен шықты.
Ал «Күй тартыс» тіпті керемет. Құрманғазының «Сарыарқасын» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Айым Бекбаева, Сәкен Бекжанов, Сағдат Алтыбаев пен қазақ оркестрі жарыса орындағанда көрерменнің де делебесі қозғандай көрінді. Сондай-ақ, концерттің бірінші «Халық күйлері мен әндері» бөлімінде қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымовтың «Шаттық елі» күйі де орындалды.
Ән мен күйге бөледі
Гала-концерттің екінші бөлімінде Клара Төленбаева, Бауыржан Исаев, Күлайым Қайырбаева, Ринат Мальцагов, Алмас Кішкенбаев сынды эстрада жұлдыздары мен Di-ArtStyle тобы өнер көрсетті. Клара Төленбаеваның орындауындағы «Жібек сезім», Бауыржан Исаевтың «Аяулым», Ринат Мальцаговтың «Улечу», Күлайым Қайырбаеваның орындауындағы «Қазағым», Алмас Кішкенбаевтың орындауындағы «Өмірім» әндері шырқалғанда жастар қосыла әндетті.
Әдемі кеш «Жасасын Астана» әнімен қорытындыланды.
– Шынымды айтсам, көптен бері мұндай концертті тамашаламап едім. Керемет ұнады. Бүгін мен үшін бір мереке болды. Астаналық өнер майталмандарына алғысым шексіз, – дейді қала тұрғыны Айжан Қайсанова.
Кеш соңында астаналық өнер майталмандарына облыс әкімінің атынан ықылас гүлі тарту етілді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button