Өнімін өңірге танымал етті
18 жыл бойы Глубокое ауданының тұрғындарын нан және кондитерлік өнімдермен қамтамасыз етіп келе жатқан «Шахан-Ата» наубайханасы бүгінде облысқа танымал іргелі кәсіпорынға айналған.
18 жылда шағын наубайханадан нан-тоқаш өнімдерін өндіретін ірі зауытқа айналған кәсіпорынның өнімдеріне сұраныс өте жоғары. 2002 жылы кәсібін бар-жоғы 10 адаммен бастаған наубайхана қазірде 100 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Біздің өнімдер өз ауданымыздан бөлек, Семей, Риддер қалалары мен Алтай, Аягөз, Катонқарағай, Шемонайха аудандарына да жеткізіледі. Жуықта бұл қатарға Күршім, Көкпекті аудандары да қосылды. Осылайша, нарығымыздың аясы кеңеюде. Өскемен қаласында қосымша сауда нүктелеріміз бар, өңірдегі дүкендерімен әріптестік қарым-қатынас нығаюда, – деп атап өтті кәсіпорынның комерциялық директоры Қуат Нұрбекұлы.
Наубайхана өнімдерінің құрамында химиялық қоспалар, консерванттар жоқ, мемлекеттік стандарт талаптарына сай келеді. Кәсіпорын өнімдерімен «Қазақстанның үздік тауары-2016» көрме-байқауының «Үздік азық-түлік өнімдері» номинациясында топ жарып, үздіктердің қатарына ілінді.
Нан мен тоқаштың ондаған түрін, кондитерлік өнімдердің 300-дей түрін өндіретін наубайхананың технологтары әр өнімнің мәзіріне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Нан пісірудің өзіндік құпияларын қалыптастырды. Дегенмен, елдегі карантин жағдайы нан өнімдеріне сұранысты азайтпаса да, той-томалақтың азаюы кондитерлік өнімдердің сұранысына біраз әсер еткен.
– Нан-тоқаш өнімдері алғашқы қажеттіліктегі азық-түліктердің қатарында болғандықтан, олардың саудасында ешқандай кедергі жоқ. Дегенмен, пандемия жағдайында халық үнемшілдікке көшкені рас. Сол себепті кондитерлік өнімдерге деген сұраныс бұрынғыға қарағанда сәл азайды. Бірақ бұдан саудамыз тоқтап қалған жоқ, – деді Қуат Нұрбекұлы.
Жақында «Шахан-Ата» кәсіпорны Өскемен қаласы әкімдігімен меморандумға отырды. Осылайша, зауыттың облыс орталығындағы дүкенінде нан 10 пайыз төмен бағада саудалана бастады.
Ақерке Рағызбаева
Глубокое ауданы.
(Мақала Глубокое аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді.)